Қазір әлемде орман өрті тым көбейіп бара жатыр. Күн күрт ысыған қазіргідей уақытта жайқалған қалың орманның бір-ақ сәтте күлі көкке ұшуы бек мүмкін. Еліміздегі орман алқаптарының басым бөлігі шығыс және солтүстік аймақтарда шоғырланған. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің соңғы ресми мәліметіне сенсек, 2022 жылы 1 қаңтарда елдегі орманның жалпы қоры 13,6 млн гектар алқапты құраған. Алайда соңғы жылдары орын алған алапат орман өрті мыңдаған гектар жасыл желекті тұтастай күлге айналдырды. Өткен жылы ғана елді алаңдатқан Қостанайдағы аса ірі өрттің салдарынан Аманқарағай, Әулиекөл аумағындағы қалың орманның 40 мың гектарға жуығы отқа оранған. Сондай-ақ қызыл жалын Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарының аумағында да мыңдаған гектар алқапты шарпып, шоқ-шоқ қарағай мен қайың ағаштарын жалмап кетті. Дәл бұлай жалғаса берсе, табиғаттың иен байлығынан көз жазып қалуымыз ғажап емес.
Абай облысындағы елді дүрбелеңге салған орман өртінің жалғасып жатқанына бірнеше күн болды. Тұтас ел тілсіз жаудың тақсіретін тартып жатыр. Қазіргі уақытта 60 мың гектарға жуық орман алқабы өртке оранған. Апат аймағында үш бағытта, оңтүстік, батыс және шығыс жиекте өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Шығыс бағытта ауыр техникамен минералданған жолақтар жасау жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, өрт сөндіруге 300-ге жуық техника, 1500-ге жуық адам және 11 тікұшақ жұмылдырылған. Сонымен қатар өрт аумағын аэровизуалды тексеру және өрт ошақтарына әуеден су төгуді жүзеге асыру үшін 14 тікұшақ тартылды. Өртті сөндіру жұмыстары басталғаннан бері өрт ошақтарына әуеден 621 рет су төгілген, жалпы көлемі 1900 тоннаны құрайды.
Иә, күш бермей жатқан тілсіз жауды ауыздықтауды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің тікелей бақылауына алып, сенбіде Абай облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында Президент орман алқаптарындағы өрт сөндіру жұмыстарымен танысты, шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізді және өрт кезінде қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің туыстарымен кездесті.
Бір өкініштісі, тілсіз жаудың зұлматы 14 адамның өмірін жалмады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алапат өрттің салдарынан қаза тапқан азаматтарды еске алу үшін 12 маусымды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Сондай-ақ осы қайғылы жағдайға кінәлілердің бәрі заң бойынша жауапқа тартылатынын да жеткізді.
– Көңіл айтуға арнайы келіп отырмын. Бұл – бүкіл халқымыз үшін үлкен қасірет. Еліміздің қайғысы. Бекем болыңыздар. Орны толмас қайғы екенін түсінемін. Сіздерге жан-жақты көмек көрсету жөнінде Үкіметке тапсырма бердім. Үкіметке немесе маған жеке өтініштеріңіз болса, айтыңыздар. Барлық өтінішті орындаймыз. Қаза тапқан азаматтар қайтып келмейді. Бірақ өмір жалғасады. Осы қайғылы жағдайға кінәлілердің бәрі заң бойынша жауапқа тартылады. Дүйсенбі күнін еліміз бойынша Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияладым. Біз қаза тапқан азаматтарды еске аламыз. Сабыр сақтап, бекем болыңыздар. Құқық қорғау органдары мен министрліктер тарапынан болсын, барлық сала бойынша тиісті шаралар қабылданады. Бұл жағдайдан міндетті түрде тиісті қорытынды шығарамыз, – деді Мемлекет басшысы қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің туыстарымен кездесу сәтінде.
Президент Абай облысындағы алапат өртке байланысты Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың отырысын өткізді. Өртпен күрес шараларының басы-қасында жүрген Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков пен Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың табиғат апаты салдарымен күресу, жақын маңдағы елді мекендер тұрғындарын эвакуациялау және зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы баяндамаларын тыңдады. Бірақ Президент баяндамашылардың жауабына көңілі толмайтынын жеткізді. Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановқа батыл кадрлық шешімдер қабылдау жөнінде тапсырма берді. Ал Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа сөгіс жариялады.
Сонымен қатар Үкімет пен облыс әкімдігіне келтірілген шығын көлемін шұғыл анықтау, зардап шеккен тұрғындардың бәріне қолдау көрсету, қаза тапқан азаматтардың отбасына және зардап шеккен адамдарға өтемақы төлеу мәселесін шешу, алапат өрт кезінде өмірін құрбан еткен жандарды мемлекеттік наградаға ұсыну, бүлінген нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын дереу бастау жөнінде бірқатар тапсырма берді.
– Қауіп-қатердің бағаланбағаны қазірдің өзінде түсінікті болып отыр. Болжам дұрыс жасалмады. Нәтижесінде табиғат апаты тиісті дәрежеде әрі дер кезінде ауыздықталмады. Демек, тиісті алгоритмдер жұмыс істемейді. Бұл – ең алдымен ТЖМ-ның кемшілігі. Бас прокуратураға қозғалған қылмыстық іс аясында уәкілетті органдар мен лауазымды адамдардың іс-әрекетіне нақты баға беруді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар былтыр Қостанай облысындағы өрттен кейін азаматтық қорғаныс мекемелерінің, жергілікті атқарушы органдардың төтенше жағдайларға нақты дайындығын тексеру жөнінде тапсырма бергенін еске салды. Өкінішке қарай нәтижесі көңіл көншітпейді. Материалдық-техникалық жабдықталу көрсеткіші 69, функционалдық инфрақұрылыммен жабдықталуы 63 пайыз деңгейінде. Ал орталық және жергілікті атқарушы органдардың төтенше жағдайларға әзірлігі – жетпіс-ақ пайыз.
Ал мамандар орман өртінің көбеюі мен олардың салдарының ауыр болуын орман шаруашылықтарында білікті кадрлар мен қажетті техника-лардың, құрал-жабдықтардың жетіспеушілігімен байланыстырады. Абай облысындағы өрттің дер кезінде ауыздықталмауына тиісті жабдықтардың жетіспеуі себеп болғанын төтенше жағдай қызметкерлері де мойындауда. Яғни өрт сөндіруге қажетті техникалардың, мотопомпалар мен радиостансаларының болмауы тілсіз жаумен күресуде едәуір қиындық келтірген.
Иә, экологиялық залал салдарымен күрескенше оның алдын алған әлдеқайда тиімді. Сондықтан Мемлекет басшысы орман алқаптарында жүрген кезде қауіпсіздік ережесін бұзатын азаматтарды қылмыстық жауапкершілікке тарту қажет екенін қатаң тапсырды. Үкімет дайындық көрсеткіштерін төтенше жағдайларға тиісті дәрежеде төтеп беретін деңгейге жеткізуі қажет. Мәселен, әлемде еріктілер отрядтарын тарту тәжірибесі кеңінен қолданылады және оларды оқытады, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеді және сақтандыру шаралары қарастырылады. Бізде де бұл нормалар заң жүзінде қарастырылған. Бірақ біз бұл ресурсты әлі де белсенді пайдалана алмай отырмыз. Дегенмен жаздың ыстығы енді ғана басталды. Жаман айтпай, жақсы жоқ, кез келген уақытта өрт шығуы мүмкін. Сондай кезде өртке төтеп беру үшін дайындық сақадай сай болуы тиіс.
Жандос МАХМҰТҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!