Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-5°C

, Сенбі, 21 желтоқсан, 19:30

Тұтынушы талабына сай өнім

14.08.2023

196

0

Бұқарбай батыр ауылындағы Марат Қодренов жуырда жаңа кәсіпті қолға алды. Қазіргі таңда үйдің іші-сыртын қаптайтын декоративті тастарды арнайы қалыптармен өндіріп жатқан ауыл тұрғыны алдағы уакқытта кәсібінің көкжиегін кеңейтпек. Сөзінше, мұндай өнімдерге Қызылорда облысында сұраныс мол екен.

Оның кәсіптің бұл түрін қолға алуына баласы ақыл қосыпты. Аста­нада осындай өнімдер өнді­ретін арнайы алып цехта 3-4 ай жұмыс жасап келген ұлы Нұрбек Марат әкесіне «отбасылық бизнес бас­тайық» деп қолқа салады. Бала­сының талабына қарсы болмаған ол расында маусымында мұндай өнім­дерге сұраныс мол екеніне көз жеткізгенін айтады.

– Өзім жұмыссызбын, балам осын­дай кәсіп бастауға болатынын ай­тады, бірақ оны бастап кетуге де қолда қаражат болмады, ағайын-туыстың көмегімен кәсібімізге 1 млн 500 мың теңге қаражат құйдық. Кей­біреулер үшін бұл қаржы көп емес шығар, бірақ ауылда жұмыссыз жат­қан біздер үшін әжептәуір ақша. Тіпті қорадағы азын-аулақ сиырымызды да сатылымға шығардық. Істің көзін балам білетінін айтады, соның та­­ла­бына арқа сүйедім, болмаса за­ма­науи үлгідегі мұндай өнімдер шы­­ғару менің қолымнан келмейді. Не керек, кейін уақыт өте оның қыр-сырын өзім де меңгеріп алдым. Сұ­раныс мол, бірақ оның барлығын қам­тамасыз ету үшін тағы да қа­жетті мате­риалдар қажет, – дейді Марат Қодренов.

Негізінен бұл бұйыммен тұрғын­дар көбінесе үйдің сыртын қаптайды, алайда кейбір бөлмелердің ішкі бетін қаптауға да болады екен. Кәсіп­кер өзі өндірген бірінші өнімін үйіне пайдалануда. Ал қалғаны сұ­ра­нысқа сай тұтынушыларға жол­данады екен.

Иә, қарап отырсаңыз, оған қа­жетті шикізаттың барлығы өзімізде бар. Тіпті шегеқұмды алыстан дор­баламай, ауыл сыртынан алдырады екен. Ал цементті облыс және аудан орталықтарындағы құрылыс зат­тарын сататын базарлардан тон­налап алады.

– Біріншіден, сөзімді алып, нар тәуекел деген әкеме мың алғыс, кө­ріп отырсыздар, сұранысқа сай өнім шығып жатыр, ал оны өн­діру­де қолданатын шикізат қоры өзі­міз­­­дің Қызылордада жеткілікті. Кеше ғана облыс орталығынан це­­мент алдырдық, тоннасын 35 мың теңгеден алып жатырмыз, ал ше­­ге­­құм өз ауылымызда да бар. бас­қа да қажетті шикізат Алматы қа­ла­­сынан келеді, сұраныстың бар­лығын қамтамасыз етуге біздің құ­рал-саймандарымыз жеткіліксіз, сон­­­дықтан көрпемізге қарап көсі­луге тура келеді, – дейді Нұрбек Марат.

Иә, мұнда үйдің сыртын қап­тайтын қаптамалардың түр-түрі бар, қабырғаға тұтас жабынды қажет пе, арнайы бұрыштарға керек дейсіз бе, кәсіпкер оның барлығының қа­лыбын алдырып қойған. Қазіргі таңда бұл отбасы 8 түрлі қалыппен өнім шығаруда.

Негізінен кез келген нысан­ның сыртын қаптайтын бұл жабын­ды­лар­дың нарықтағы құны жоғары, Бұқарбай батырда өндірілген өнім­нің бағасы одан 600-700 теңгеге төмен демесеңіз, сапасы одан жо­ғары болмаса кем емес. Себебі кәсіп­орында бұрын мұндай өнімдер әзірлейтін үлкен цехта тәжірибе шыңдаған жұмысшы бар.

Бір қалыптан шыққан үйдің сыр­тын қаптауға арналған декоративті тастардың салмағы 9-9,5 келіні құ­райды. Негізінен нарықта бұл қап­таманың құны бір шаршы метрі 2700-2800 теңгеден сатылса, Мәкең тұтынушыларына 2300 теңгеден беріп жатыр. Бір қызығы, бұл қапта­малар су тиген сайын күш алатын көрінеді, яғни төзімділігі артады.

Кәсіпкер мұндай қаптамаларды тұтынушы талабына сай түрлі бояуларға да енгізіп береді. Оның бояуы да кәнігі емес, тек осы декор тастарды бояуға арналған. Сапасына мін жоқ.

Марат Қодренов алдағы уа­қытта үй ауласынан арнайы цех ашуды жоспарлап отыр. Алайда оған қаражат жағы қолбайлау бо­лып отыр екен. Нысан салуға қар­жысы жеткенімен басқа да қа­жетті аппараттар алуға келгенде тиын санап қалатыны тағы бар, сон­дықтан алдағы уақытта кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағ­дарламалар көмегіне жүгінуді көздейді.

– Үй ауласынан цех ашсам, бірнеше адамды жұмыспен қамтуға да мүмкіндік туар еді, бір жағынан бұл өнімді жылдың он екі айында өндіруге мүмкіндік бар. Мәселен, пескаблокты тек күн жылы кезде өндірсеңіз, декор тастар суыққа да төзімді. Міне, менің цех ашуға басымдық беріп отырғаным да сондықтан. Болмаса аулама сый­май жатқаным жоқ. Дәл осы кезде бір үйдің сыртын қаптайтын декор тастарды 3-4 күнде өндіріп жа­тырмын. Егер цех ашсам, бұл кәсіп маусымдық болмайды, бір жағынан бірнеше адамды жұ­мыс­пен қамтимын. Сондықтан ал­да­ғы уақытта мемлекеттік бағ­дар­­ламалар көмегіне жүгінуді жос­­парлап отырмын. Егер жауапты бө­лім­дер бұл кәсіпті қолдап жатса, жобамның өміршеңдігіне сенемін – дейді Марат ағамыз.

Иә, ебін тапқан кез келген істі ширатады, тіпті жоқтан бар жасайды, бұған Марат ағамыздың кәсібімен танысқанда көз жеткіздік. 1,5 млн теңгемен басталған кәсіптің берекесін берсін дейміз. Расында кәсіпкер айтқандай, бұл қолдауға тұрарлық жоба екеніне күмән жоқ.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: