Сыр өңірінде күз келсе, береке мен молшылық та бірге келеді. Иә, облыс орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі жиі ұйымдастырылуда. Жалағаштық шаруа адамдар да өздерінің жаз бойы баптап өсірген өнімдерін базар нарығынан 15-20 пайыз төмен бағада саудалап, қалалықтармен бөлісуді әдетке айналдырған. Әрине бұл еңбек адамына да, қаладағы тұтынушыға да тиімді. Себебі өздеріңіз білетіндей, биыл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы біршама өсті. Су тапшылығы белең алған уақытта бау-бақша баптау кімге болса да оңай тимейтіні тағы бар. Алайда жаз келсе, қолына сайманын алған Сыр шаруалары биыл да жоқтан бар жасап, біраз өнімге кенелген.
Міне, сенбіде қаладағы Ә.Қашаубаев көшесі мен Жетікөл көшесінің қиылысында, яғни Титов қыстағында жәрмеңке ұйымдастырылып, Жер-Ана берген ризықтан бірлігі бекем Сыр халқы көтеріңкі көңіл-күймен ауыз тиді.
Жергілікті тұрғындар жәрмеңкеде өнімнің бағасынан бөлек сапасына тәнті болып, барынша қыстық азығын қамдап алуға тырысты. Сөрелерден мал азығынан бастап, қолөнер бұйымдарын, бау-бақша өнімдерін, көкөністер, күріш, арпа, бидай, мал етін, тұзды дария балығын кездестіруге болады. Тіпті қой, ешкіні саудалап жатқандарды да байқадық.
Титов қыстағының тұрғыны Әйкерім Абызбаева күз келсе, аудандар ұйымдастыратын жәрмеңкені асыға күтеді екен. Бүгін де Жалағаш ауданының өнімдерін саудалауға келіпті. Иә, ол да жәрмеңкеде барлық өнімнің арзан бағада сатылып жатқанын жасырмады, сапаға да көңілі толатынын жеткізді. Өзінің айтуынша, үйіне 3 қап картоп пен 2 қап пияз, сондай-ақ жаңадариялық қауын-қарбыз, балық пен сиыр етінен, күріштен молырақ алған.
– Ауыл-аймақтан келетін жәрмеңкені асыға күтеміз. Тек бағасына бола емес, қолдың таза өнімін тұтынғымыз келеді. Дүкен сөрелерінде тұрған өнімдерден қарағанда ауылдың қара топырағында өскен өнімдер дәмді болады. Сол себепті жәрмеңке болады дегенде, дереу отбасымызбен қажетті азық-түліктің тізімін жасадық. Биыл ауыл шаруашылығы өнімдері, оның ішінде бақша өнімдері мен көкөніс құны айтарлықтай шарықтағандықтан шыны керек, биылғы жәрмеңкеден оңтайлы баға күтпедім. Өйткені жазда көкөніс, қауын-қарбыз бағасы мүлде түскен жоқ. Бірақ бүгін бұл пікірімнің теріс болғанына қуанып отырмын. Мұндағы өнімдер бағасының қолжетімді екенін көріп, қысқа, көктемге жететін мол азық сатып алдық. Өткен жәрмеңкеде Жаңадарияның қарбызын сатып алғанмын, дәміне сөз жоқ. Міне, бүгін де сол қарбыздан молынан алдым. Осындай халық үшін тиімді жәрмеңкені ұйымдастыруға ықпал жасаған аймақ басшысына алғысымды білдіремін, – дейді қала тұрғыны.
Иә, қалалықтар ауылдағы ағайынға өтініш айтып, ауыл шаруашылығы өнімдерінен ауыз тиеді, әрине молдау етіп, сатып алайын десе, ауылға жол түсе бермейді. Ал бұл жәрмеңкеде қала тұрғындары өздері шаруа адамдарымен бетпе-бет сауда жасауға мүмкіндік алды. Қалағанынша кәрзеңкені толтырды, сапалы азық-түлікке қолы жетті.
Жалпы соңғы жылдары аудан диқандары апта сайын жәрмеңке ұйымдастыруды игі дәстүрге айналдырған. Тұрғындардың да бұған еті үйреніп, әр сенбі және жексенбі сайын жәрмеңкеге асығып тұрады.
Шалғайдағы Жаңадария ауылының азаматтары Ғазиз Аманкелді мен Айбатыр Жақып та жәрмеңкеге өз өнімдерімен келген. Айтпасақ та белгілі, мақсат Жалағаштың брендіне айналған жаңадариялық қауын-қарбыздарымен қала жұртымен бөлісу. Ауыл әкімі Рауан Ақпанбетов та шаруалардың жанынан табылған.
– Жәрмеңке болады десе, тұрғындардың Жаңадарияның бақша өнімдерін сұрайтыны белгілі. Сондықтан жәрмекеге өнімді мол әкелуге тырыстық. Жаз бойы еңбек адамдары баптаған қауын-қарбызды, картоп-сәбізді, одан қалды асқабақ, қызылша, жүгерімізді молынан әкелдік. Әрине ниетіміз түзу, сапалы өнімімізді халықпен бөлісу, бір жағынан жаз бойы тер төккен шаруаларға да теңге болсын деген ой. Жаз бойы ауыл маңында қауын-қарбыз ектік, мен де сол егіншілермен таңнан кешке дейін бақша басында бірге жүрдім. Мәселе болды, сол мәселелерді бірге шешуге барымызды салдық. Жасыратыны жоқ, аяқ судан қиыншылық туындады, десе де мойымай тығырықтан шығудың жолын бірге іздедік. Міне, бүгін сол өнімдерді халық алдына әкеліп отырған жайымыз бар. Шүкір, сауда бар, өнімге сұраныс жоғары. Ең бастысы, қауын-қарбызым тұтынушыларға ұнап жатыр. Әрине маңдай термен, ешқандай қоспасыз егілген өнімнің тәтті болары анық. Қысқа дейін аудан орталығында да жәрмеңке ұйымдастырылса, баруға дайынбыз, – дейді ауыл әкімі Рауан Ақпанбетов.
Жалпы жәрмеңкеге біздің өңірден 60 автокөлікпен 175,4 тонна өнім жеткізіліп, халыққа арзан бағада ұсынылды. Нақтырақ айтсақ, 20 тонна күріш, 95 тонна көкөніс, 45 тонна бақша өнімдері, 2 тонна жеміс-жидек, 1 тонна балық, 3 тонна ет өнімдері сөреге қойылған.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!