Ананың арғы тегі – қыз. Қазақ қай заманда да қызының басынан құс ұшырмаған халық. Еліміздің аспанын қара бұлт торлаған кезеңдер де қазақтың асыл текті арулары қазақ ерлерімен қатар жауға шауып, батырлық танытқан. Қазақ елінің ары – арулары бола бермек.
Осы орайда Н.Бекежанов атындағы облыстық академиялық музыкалық драма театрында «Сыр аруы-2022» сұлулық байқауы өтті. Іс-шараға облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қаламқас Кәрімова мен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жағыпар Тәжмаханов қатысты.
Сайыстың мақсаты – қазақ халқының төл мәдениеті мен өнерін, салт-дәстүрін дәріптеп, жаңаша сипат беру.
«Ең алдымен барлық қатысушы қыздарға сәттілік тілеймін. Салт-дәстүрімізді қастерлеп, әдет-ғұрыптарды қадірлей білетін ару қыздарымыздың көптігі жаныңа жылу сыйлайды. Сайыста жеңіске жету мақсат емес, сол сайысқа бар күш-жігерін салып қатысқанның өзі – жеңіспен пара-пар. Сол себепті өздеріңізге сеніңіздер, жеңіске әрбір қазақ қызы лайықты», – деді Қ.Кәрімова.
Бұған дейін байқау қатысушыларын анықтау үшін қалалық «Qosyl» жастар орталығының ұйымдастыруымен кастинг өткен болатын. Кастингке 80-нен аса қатысушы келді. Олардың арасынан байқау талаптарына сай келетін 12 қыз «Сыр аруы-2022» облыстық сұлулық байқауына жолдама алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша сайыс қатысушыларына қойылған басты талап жас аралығы 16-23, бойы 1 метр 68 см-ден кем болмауы керек.
Жетінші рет сахна шымылдығын түрген байқау 4 кезең бойынша өтті. Сымбаты мен сыры жарасқан арулар алғашқы кезеңде қазақ қызына тән әдебімен өздерін таныстырды. Екінші кезеңде мың бұрала билеп, тамылжыта ән салып өз өнерлерін көрсетті. Үшінші кезеңнің ережесі бойынша қыздар қазылар алқасының дайындаған сұрақтарына жауап берсе, соңғы айналымда кешкі сән үлгісін көрсетіп, көпшілікті таңғалдырды.
«Қазақ қашанда қызға құрмет көрсетіп, төрден орын берген. Бүгін қыздардың сыртқы сұлулығы ғана емес жан дүниесінің байлығы, білімі сарапқа салынады. Сайыста жеңімпаз атанған ару республикалық «Қазақ аруы» байқауына жолдама алады. Сондықтан барша қатысушы қыздарға сәттілік тілеймін», – деді Ж.Тәжмаханов.
«Өз өнері» кезеңінде арулар халқымызға тән өнер түрлерін паш етті. Бірінші болып шыққан Айгерім Афиева халық биін билеп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ал Әмина Ақмағанбет пен Айгерім Қуанышова жанды дауыста ән шырқаса, Әсел Шералиева, Бибігүл Жексенбаева және Әсел Нұрсұлтанқызы Шығыс биін биледі. Қазақ зиялылары туралы қойылымда қайсар әйелдің рөлін сомдаған Дильназ Кеңесова жиналған қауымның жанарын жасқа толтырды. Аталған кезеңді аяқтаған Асылзат Өртай, Махаббат Жалғасова және Мөлдір Абылаева үнді биін бұрала билеп, көрермен көзайымына айналды.
Сайыс арасында кеш жүргізушілері көрермендерге сұрақ қойып, демеушілердің бірі «Smart Shop» дүкені дайындаған арнайы сыйлықтарды табыстады.
Қазылардың шешімі бойынша байқаудың бас жүлдесін Жалағаш ауданынан келген Махаббат Жалғасова иеленіп, «Сыр аруы» атанды. 1-орынды сырдариялық Дильназ Кеңесова алса, жүлделі 2-орын Әсел Нұрсұлтанқызына бұйырды. Ал 3-орынға Дильназ Шермахан және Ақбота Төлеген есімді ару қыздар лайық деп танылды.
Сайыс жеңімпаздары арнайы дипломмен, қалған қатысушылар түрлі номинациялар бойынша марапатталды. Барлық қыздар демеушілер дайындаған арнайы сыйлықтарға ие болды. Кеш соңында халықтың ықыласына бөленіп жүрген отандық әншілер, кеш қонақтары ән шырқап, көрермен көңілін көтерді.
Айта кетейік, «Сыр аруы» атанған жалағаштық Махаббат Жалғасова жуырда республикалық сұлулық байқауында бақ сынайды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!