Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

23°C

, Сейсенбі, 22 сәуiр, 20:29

Жалағаштық жастар жеңіске жеткен жарыс

22.04.2025

52

0

19 сәуір – Кеңес әскері ауған жерінен шығарылған тарихи күн. Осы атаулы датаға орай еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас спортшылар Жалағашта бас қосып, дзюдодан республикалық ашық турнирде өзара мықтыны анықтады.

Турнир жас буынға патриоттық тәрбие беріп, спорт арқылы олардың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастыруды көздейді. Жарыстың шымылдығын аудан әкімі Ардақ Ибраимов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Өз сөзінде ол мұндай спорттық шаралар жасөспірімдерге спорттық шеберлікпен қатар тәртіп пен төзімділікке баулитынын ерекше атап өтті.

Турнирге 2012-2017 жылдары туған балғын балуандар қатысты. 25-55 салмақ дәрежесі бойынша өткен бәсекеде жас спортшылар жеңіс үшін жанын салып, белдесулер жоғары деңгейде өтті. Жанкүйерлер өз командаларын қолдап, қызу атмосфера қалыптастырды.

Жарыстың қорытындысын аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов жариялап, үздік шыққан командалар мен спортшыларды марапаттады. Нәтижесінде І орын Жалағаш ауданының мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектебі иеленді. ІІ орынға Қызылорда қаласының «Евразия» спорт клубының спортшылары ие болса, үздік үштікті Қызылорданың «Сакура» дзюдо клубы түйіндеді.

Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Мақсат Баймағанбетов үздік спортшыларға арнайы сый-сияпат ұсынып, олардың болашағына зор сенім білдірді.

Бұл турнир спорт арқылы ел тарихын ұлықтап, жас буынды ынтымақ пен достыққа, елжандылық пен биік мақсаттарға жетелейтін тағылымы мол іс-шара ретінде есте қалды.

«ЖЖ» ақапарат

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: