Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов Су шаруашылығы және ветеринария қызметкерлері күніне орай сала ардагерлері мен қызметкерлерін қабылдап, кәсіби мерекелерімен құттықтады.
«Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Су шаруашылығы – тіршіліктің негізі, ал ветеринария – ауыл шаруашылығының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды бағыт. Екі сала да ел өмірінде айрықша орынға ие», – деді А.Ибраимов.
Жалағаш ауданының әкімі соңғы жылдары өңірде ауыз су инфрақұрылымын дамыту бағытында бірқатар істер атқарылғанын атап өтіп, бүгінде аудан халқы 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтылғанын жеткізді.
Қазіргі таңда ауданда ұзындығы 180 шақырымнан асатын су жеткізу жүйелері мен 200 шақырымнан артық қашыртқы-дренаждық желілер жұмыс істеп тұр. Су шаруашылығы мамандары заманауи технологияларды қолданып, су ресурстарын тиімді пайдалану және қорғау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізуде.
Сонымен қатар, аудан әкімі эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау, мал өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру, жануарлар мен адамдарға ортақ аурулардың алдын алу сынды маңызды бағыттарда ветеринария мамандарының еңбегі ерекше екенін атап өтті.
Салтанатты шара барысында бірқатар сала ардагерлері мен қызметкерлері облыс әкімінің және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Мерекелік жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, ветеринария саласының ардагері Қабылбек Нұрмағанбетов және су шаруашылығы саласының ардагері Асқар Табынбаев сөз сөйлеп, қос саланың тарихы мен бүгінгі дамуына тоқталып, мерекелік лебіздерін білдірді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!