Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

20°C

, Сейсенбі, 17 қыркүйек, 00:19

Жыл басынан бері 589 науқас ем алған

23.07.2024

41

0

Жаз – базарда қауын-қарбыз бен жеміс-жидек сататын саудагерлердің мезгілі. Бүгінде халық ыстықта ас-аухат батпайды деп, базарда мерзімінен ерте пісіп тау болып үйілген қауын-қарбызды таласып алып, жедел-ішек инфекциясына шалдығып жатыр. Аудандық ауруханадағы жұқпалы аурулар бөлімінде жатқан науқастардың да басым көпшілігі аталған сырқаттан емделім жатыр.

Қазіргі таңда бөлімде 1 дәрігер, 6 мейірбике, 1 аға мейірбике, 6 кіші аяжан жұмыс істейді. Бөлім 20 төсек орынға арнап жабдықталған. Оның 15-і балаларға, 5-еуі ересектерге арналған. Сондай-ақ екі оқшаулар бөлмесі бар.
Жыл басынан бері бөлімшеден 589 науқас жазылып шыққан. Оның 387-сі 14 жасқа дейінгі балалар болса, оның ішінде 1 жасқа дейінгі балалар саны – 139-ды құрап отыр. Сондай-ақ 44-і жүкті әйелдер мен 158-і 14 жастан асқан ересектер. Бөлім меңгерушісі Фариза Сасықбаеваның айтуынша мұнда күніге 4-5 науқас түседі.
– Өздеріңіз білетіндей, әсіресе жаз­ғы маусымда балалар арасында же­дел ішек инфекциясы бас көтереді. Ин­фекция гигиеналық тазалықтың төмен дәрежеде болуынан, азық-түліктерден, мәселен, жуылмаған көкөністерден, сапасыз тағамдарды пайдаланғаннан, ауыз суды қайнатпай ішкеннен және лас суға түскеннен болады. Жаздың алғашқы айынан бастап тұрғындар мерзімінен ерте піскен бақша өнімдері мен жеміс-жи­дектерді көп тұтынуда. Мәселен бүгін бөлімшеде 21 науқас жатыр. Оның басым көпшілігі қауын-қарбыздан және аптап ыстықта той-томалаққа барып ашып кеткен салат жеп уланғандар мен салқыннан тұмау және тілме сыр­қатына шалдыққандар. Нау­қастың көптігінен бөлімшеге қосымша төсек орын қостық, – дейді дәрігер.
Сонымен қатар қазіргі уақытта кене­ден де келетін кесел көп. Дәл бүгін бө­лімше де кене шағып түскен науқас жоқ. Әйтсе де жыл басынан бері бір­неше нау­қас кене шағу диагнозы бойынша ем қабылдап, дәрігер бақылауында болған.
– Кене шағу диагнозымен түскен науқастардан кенені алып, жағдайы жақсы екеніне көз жеткізгеннен кейін, үйіне қайтар уақытта міндетті түрде екі апта күтініп, салқын су, балмұздақ же­меу қажеттегін ескертеміз. Себебі нау­қас салқын тигізіп алмау керек, – дейді дәрігер Фариза Сасықбаева.
Иә, көк шықса кенемен алысып бас­тайтынымыз рас. Дәрігер бөлім­шеге кене шағып дене қызуы көтерілген науқастар жиі келетін айтады. Ол науқастардың талдау қорытындысында қандай да бір өзгеріс болған жағдайда яғни қан кету, денесіне бөртпе шығып, көгеруі, тісі немесе мұрны қанауы сынды қосымша белгілер болған жағдай ғана бөлімшеге жатқызылатынын жеткізді.
Дәрігер кене адам денесіне біл­дірт­пей және ауыртпай терінің жұмсақ же­ріне жабысып, қан соратынын ай­тады. Науқас адам дер кезінде дәрігерге көрінбесе, ауру ас­қынып, өліп кетуі де мүмкін, сонымен қатар қасын­дағы адамдарға да жұқтырады.
Дәрігер сұхбат барысында егер кене денеге қадалып үлгерген болса, оны пинцетпен немесе киім ті­ге­тін жіппен байлап, жайлап ырғап алып тастау қажеттігін айтты. Сондай-ақ кене шаққан орнын йод ерітіндісімен өңдеп, алынған ке­нені өртеп жіберген дұрыс. Кенені жала­ңаш қолмен ұстауға, езіп мыжуға, қой қыр­қым кезінде қолғапсыз жұмыс іс­теуге болмайды. Табиғат аясында, сая­жайда демалғанда кенеден қорғану шараларын мұқият сақтау қажет. Мұнан бөлек бөлімшеде тілме сыр­қаты бойынша 1 науқас ем қабылдауда.
– Тілме – салқын тигеннен пайда бо­латын терінің жұқпалы ауру түрі. Науқастар көбіне бұл сырқатпен жаз мезгілінің соңғы айларында ауырады. Тілме ауруымен балалардан гөрі ере­сек адамдар, әсіресе әйелдер жиі ауы­рады. Ол көбіне науқастың аяқ-қолына немесе бетіне шығып, ісініп ауырып, дене қызуын көтереді. Ауруды дер кезінде емдемесе, асқынып немесе созылмалы түрге айналып кетуі мүмкін, – дейді дәрігер.
Дәрігердің айтуынша бұл сырқат түрімен ауырған балалардың денесі тітіркеніп, мазасызданып, асқа зауқы болмайды. Ал кейбір балалар жүрегі айнып, лоқсып, құсады.

Бала саулығына салғырт қарайтын аналар бар

Дәрігердің айтуынша қазір 5 жасқа дейінгі балаларда іш өту көп орын алуда. Жоғарыда айтып өткеніміздей атал­ған бөлімшеден жыл басынан бері 14 жасқа дейінгі 387 бала ем қабыл­даған. Оның 139-ы 1 жасқа дейінгі балалар. Дәрігер сұхбат барысында баласының жейтін тамағына салғырт қарайтын аналар барын жасырмады.
– Көбіне 1 жасқа дейінгі балалар анасының сүтімен қоректенеді. Сон­дықтан аналар дұрыс тамақтанып, ерте піскен жеміс-жидектерді жемей, кү­­тінсе дейміз. Себебі бөлімшеге 1 жас­қа дейінгі балалар көптеп түсуде. Әрине оның бәрі анасының өзі мен қой­май баласының саулығына салғырт қа­рауынан. Кей балалар болады қосымша сүтпен қоректенетін. Мәселен, бірде бөлімшеге бір жас ана мен бала түсті. Баласының іші кетіп, әлсіреп қалған. Анасының айтуынша ол сәбиіне «нәресте» сүтін берген. Тексеріс барысында анасының сүтті түнде жуылмай қалған бөтелкеге құйып бергені анықталды. Яғни гигиеналық талаптар сақталмаған. Көпке топырақ шашпаймын, десе де осындай салғырт аналар көп. Қазіргі көптеген аналар өздері құнарсыз тағам жегенімен қоймай, баласын да ерте жас­тан жеңіл-желпі тез дайындалатын тағамға үйретіп тастаған. Мұнан бөлек, қазіргі балалар фас-фуд өнімініне құ­мар. Бөлімшеге құсып, немесе іші өтіп түскен баланың анасынан не же­генін сұ­расақ мардымды жауап бере ал­май­тын аналар көп, – дейді дәрігер.

Маман кеңесі

– Бірінші кезекте дұрыс салауатты өмір салтын қалыптастыру қажет. Яғни тек қана спортпен айналысу емес, дұрыс тамақтану, иммундық жүйені шынықтыру керек. Жалпы балаға үйдің тағамын, асылған, ет тағамдар беру керек. Ал біздің аналар керісінше тез дайын­далатын жеңіл немесе фас-фуд өнім­деріне құмар. Балалар бөлімге үнемі құсып немесе іші тоқтамай өтіп түсіп жатады. Оның бәрі инфекция емес, кейде өт жолдарының бұзылуынан болып жатады. Себебі баланың тамақ­тануы дұрыс емес. Тіпті 1,2 жасар баланың өзінде осындай жағдайлар жиі кездеседі. Көпке топырақ шашпаймын, десе де кей ата-аналар бала саулығына салғырттық танытып, оның не ішіп, не жейтініне мән бермейді. Сондықтан ата-аналарға ең алдымен балалардың дұ­рыс тамақтануын қалыптастыруға кеңес беремін. Әрине ол иммундық жүйе­нің қалыптасуына оң әсер етеді. Асқазан ішек жол, өт жолдарын дұрыс қалыптастырады. Сондай-ақ уақытылы балаларға екпе салдыру қажет, – дейді Фариза Сасықбаева.
Иә, дәрігердің сөзінің жаны бар. Кез келген жұқпалы дертке салғырт қарауға болмайды. Әр ата-ана баласының көңіл-күйі көтеріңкі, ұйқысы қанық бо­луын қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ баланың уақытылы пайдалы тағамдар ішуін қадағалап, денесінің ауруға тө­зім­ділігін арттырып, жеке басының гигие­налық тазалығы мен терісінің зақым­данбауын да назарынан тыс қал­дыр­мағаны жөн.

Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: