Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-8°C

, Сейсенбі, 10 желтоқсан, 00:45

Шаруасы шираған шаруашылық

24.10.2023

555

0

Таң атысымен шалғайдағы Аламесек ауылдық округіне жолға шықтық. Тарихы тереңнен бастау алатын елді мекеннің бүгінде еңсесі биік. Ауыл әкімі Дәулеткерей Тәжібаевтың сөзіне сүйенсек, жергілікті шаруашылықтар Есет батырдың гүлденуіне демеушілік жасап жатыр. Былтыр екі шаруашылық ауылдан балалар ойын алаңдарын салып, ел игілігіне берсе, енді бірі ауылға кіреберіс жолға жарық бағаналарын орнатыпты. Дәукең күрішпен кірісін еселеген төрағалардың алдағы жылдары да жарқын жобаларды қолға алатынын айтады.

«Жақсыны көрмекке» дейміз ғой, біз де демеушілік есебінен қолға алынған жобалардың басына баруды жөн көрдік. Расында қазір шаруашылықтар салған ойын алаңы ауыл балаларынан босамай тұр. Ал «Қарабура-Ата-1» шаруа қожа­лығы жарық бағаналарын орнатқан жол­да жолаушылардың емін-еркін жү­руіне еш кедергі жоқ.

Иә, бұл шаруашылық тек осы елді мекенде ғана мұндай жобаларды қолға алып жатқан жоқ. Бұған дейін де елдің қажетіне жарап, түрлі қайырымдылық шараларынан шет қалған емес. Осыған дейін шаруашылықтың сабантойында ауыл еңбеккерлері бірнеше темір тұлпар тақым­даған, әлбетте, көлденең көк ат­тыға көлік үлестіру қателік, шаруа­шы­лық иесі күріштен көп өнім алған дала дара­боздарына, озат еңбеккерлерге осындай сый жасайды. Мұндай қолдаудан еш­кім­нің құр қалғысы жоқ, сондықтан еңбек­керлерге бұл үлкен шабыт болып отыр.

Ауылға сапарымызда шаруа­шы­лық­тың егін басына да баруды жөн көрдік. Бас агроном Сәдуақас Байкен­жеев был­тыр ұжым саланы оң нәтижемен қоры­тын­дылағанын айтады. Биыл да алқаптағы астықтың шығымы бөтен емес.

Сәкеңнің салада 15 жылдық тәжірибесі бар, соның 10 жылында күріштің күтіміне еңбек етіпті. Былтыр 28 гектар алқаптағы өнімнің шығымына жауапты болған диқан әр гектардан 97 центнерден күріш алған. Шаруашылық иесі Дастан Ержанов дала дарабоздарының еңбегін елеусіз қалдыратындардың сұрпынан емес. Жыл сайын чемпиондарға берілетін сужаңа көліктің кілті былтыр Сәдуақас ағамызға бұйырыпты. Осыған дейін өнімді ала жаздай күтіп-баптауымен көзге түскен диқанға Дастан ағамыз бас агроном қызметін сеніп тапсырған.

– Былтыр 500 гектарға жуық алқапқа Сыр салысын септік, аяқ су мәселесіне қарамастан диқандар шаруаны ширатып, күріштен көп өнім алдық, осылайша қырманымыз астыққа толды. Басшымыз еңбегімізді ескеріп, еңбек­керлерді қаржылай және бағалы сыйлықтардан құр қалдырмайды. Ша­руа­шылық енді құрылған күннен бастап біз мұндай сыйақыдан құр қалған емес­піз. Салада 15 жылдық тәжірибем бар, осынша уақытта құрыла салып жұмыс­шыларына темір тұлпарлар сыйға тарт­қан шаруашылық иесін осы көріп отыр­мын. Жыл сайын аяқ су мәселесі күр­де­леніп келеді, осы мәселе басталған жылдары біз еңбек ететін шаруашылық та жұмысын бастаған, сонда да инвес­торымыз ең алдымен ауыл еңбек­кер­лерінің әлеуметтік жағдайын ескереді. Жұмысын бастаған жылы қаржылай сыйақы да, бірнеше темір тұлпар да үлестірілді. Сол уақыттан бері біз мұндай қолдаудан құр қалған емеспіз, тіпті бұл жыл сайын сабантойда дәстүрге айналған үрдіс десем де болады. Былтыр жақсы өнім алдық, биыл да алқаптағы өнімнің шығымы бөтен емес, – дейді бас агроном Сәдуақас Шәкіратұлы.

 Былтыр 500 гектарға жуық алқаптан астық жиған шаруашылық биыл да 490 гектарға күріш еккен. Механизаторлар қазір егін жинау жұмыстары 90-95 пайызға орындалғанын айтады. Алдағы 1-2 күнде күзгі науқанды қорытындылауға бел буып отыр.

Иә, саланы зерттеп білмегендерге күріштің күтімі оңай жұмыс сияқты, «сүдігерленген жерге Сыр салысып сеуіп, оны 90 күн суда ұстасаң, межелі өнімге қол жеткізесің» деген қате түсінік. Себебі алқаптағы астықты баптаудың да өз әдісі бар, оған бас агрономмен болған екеуара әңгіме барысында көз жеткіздік. Мәселен, тұқымды жерге сепкеннен оны суда алғаш ұстаудың да өз уақыты бар, одан кейін себілетін тыңайтқыштардың да өз мөлшеріне мұқият болмасаң тағы қиын. Бұл жұмыстардың барлығы тәжірбиелі маман Сәдуақас Шәкіратұлына таңсық емес. Міне, биылдан бастап Дастан ағамыз оған бас агроном қызметін сеніп тапсырғаны да сондықтан.

Шаруашылық биыл 130 гектарға «Янтарь» және 360 гектар «Лидер» сұрпын сепкен. Алқаптағы егіннің шығымынан ала жаздай диқандар күріштің күтіміне басымдық бергені көрініп-ақ тұр. Мұнан бөлек бірнеше гектарға жоңышқа егіліп, механизаторлар осыған дейін 3 орымды аяқтап отыр.

Диқандар биыл былтырғыдай аяқ су­дан мәселе болмағанын айтады. Соған қарағанда мұнда егінді орналастыру ке­зінде ротацияға басымдық берілетін сыңайлы. Олар күзге дейін күнге күйіп, не­гізгі міндеттерін орындады. Ендігі жұ­мыс механизаторларға артылып отыр, олар да техникадан мәселе жоғын жасыр­май­ды. Бір жағынан ол еңбек өнімділігіне де айтарлықтай оң әсерін тигізіп отыр екен.

– Егін жинау жұмыстарын алдағы 1-2 күнде қорытындылаймыз. Диқандар күрішті ала жаздай баптады, енді біз оны шашпай-төкпей қырманға құямыз. Техникадан мәселе жоқ, себебі ша­руа­шылық иесі жыл сайын техникалық ба­замызды жаңартуға басымдық беріп отыр. Бір жағынан бұл еңбек өнімділігіне де оң әсерін тигізуде. Қанша дегенмен тәжірибе бар, биыл да алқаптағы ас­тықтың мол екенін көз танып тұр. Сон­дықтан ұжым саланы оң нәтижемен қорытындылаймыз деп болжап отырмыз, – дейді комбайнер Ғабит Берниязов.

Айта кетейік аталған шаруашылық бүгінде ауылдағы 30 адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның 15-і – күріштің күтіміне жауапты даңғайыр диқандардың ізбасары. Жаңа жоғарыда шаруашылық иесінің ауыл еңбеккерлеріне жыл сайын темір тұлпарлар мен қаржылай қомақты сыйақы үлестіретінін айттық. Былтыр да осы дәстүр сақталып, 2 сужаңа темір тұлпар мен бірнеше млн теңге ауыл еңбеккерлеріне үлестірілген. Дала дара­боздарының сөзіне сүйенсек, бұл шара биыл да жалғасын табатын іспетті. Дастан ағамыз осы сабантойда екі темір тұлпар табыстауды жөн деп тапқан. Мұнан бөлек гектарынан 35 центнерден жоғары өнім алғандар қомақты қаражатқа ие болады.

Ұжымда береке бар, бірлік бар, ал оның осы күнге дейін сақталуының да өзіндік мәні бар. Шаруашылық иесі – «кең болсаң, кем болмайсың» деген қа­ғидалы сөзге берік азамат. Осылай еңбек­керлерінің әлеуметтік жағдайына да қарасып, бір жағынан жұмыс бары­сын­дағы мәселелерінің де шешімін тауып отыр. Ауылдың гүлденуіне, әлеуе­тінің артуына да қарасып жатқанын жоға­рыда айттық. Шаруаны ширатуда оның үлкен маңызға ие екені айтпаса да түсінікті. Алдағы жылдары да бұл ұжым­ның астықтан тау тұрғызып, ауылдың әлеуетіне еңбек ететіні сөзсіз. Осы мақ­саттағы жұмысына біз де сәттілік тілеп, ауылға жасаған сапарымызды қорытындыладық.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: