Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

25°C

, Бейсенбі, 25 сәуiр, 17:05

 ДАЛАНЫ ДА, ҚАЛАНЫ ДА ӨРКЕНДЕТЕТІН БІЛІМДІ ҰРПАҚ

23.11.2022

233

0

Қазірде ел ішінде айтылып жүрген «Жаңа Қазақстан» сөзі көпшіліктің үмітін оятты. Әсіресе, ауыл халқы Президенттің аузымен айтылған осы сөзге ерекше мән береді және еліміздің ертеңіне сенеді.

Расында, қоғамның жаңаруы көп жағдайды өзгертеді. Ол үшін аса күрделі механизм ойлап табудың қажеті де шамалы. Тек билік пен халықтың арасы жақындаса болғаны. Яғни Мемлекет басшысы айтқан «Жаңа Қазақстан» билік пен халықтың өзара түсінісуінен басталуы тиіс және ондай жағдай жайлап болса да қалыптасып келеді. Келешек бұл мызғымас қағидаға айналса, халық сенімінің ақталғаны.

Апта басынан бері аудан әкімі Асқарбек Есжановтың аудан халқына есеп беруі жалғасып келеді. Сәрсенбі күні аудан басшысы шалғайдағы Аққыр ауылының тұрғындарымен кездесті. Бірлігі жарасқан ауылдың тұрғындарының алдында есеп берген Асқарбек Темірбекұлы алдымен аудан бойынша атқарылған жұмыстарды рет-ретімен баяндады. Келер жылы ауданымызда жалпы құны 4,7 млрд теңгені құрайтын 46 ауқымды жоба жүзеге асырылады және олардың барлығы да ауданның экономикалық әлеуетіне оң әсерін тигізеді деп күтілуде. Аудан әкімі бұл бағытта жасалып жатқан жұмыс қарқыны күшеймесе, бәсеңдемейтінін айтты. Айтап айтсақ, аталған жобалар аясында аудан халқының, әсіресе, ауыл тұрғындарының тұрмысына аса қажетті аяқ су мәселесін шешу, аудан мен ауылдардың арасын жалғайтын автомобиль жолдарын қалпына келтіру, елді мекендердің ішкі көшелерін күрделі жөндеуден өткізу және асфальттау, Сырдария өзеніндегі көпірді жаңғырту, электр желілерін жаңалау, аудан орталығына жақын ауылдарға табиғи газ құбырын тарту жұмыстары жоспарланған. Сонымен бірге бірнеше ауылда клуб үйлері мен емхана ғимаратының құрылысы басталады.

        Аудан басшысы кездесу барысында Аққыр ауылында атқарылған жұмыстарға және алдағы уақытта жүзеге асатын жобаларға арнайы тоқталды. Биыл аталған ауылда бір көше асфальтталып, футбол алаңы күрделі жөндеуден өтіп, жаңартылған. Ауылда ауыз су және электр желісіне қатысты мәселе жоқ. Толық шешілген. Келер жылы типтік жобадағы жаңа клуб үйі салынатын болды және бес көше күрделі жөндеуден өтеді. 

Әйтсе де, аталған ауылда мәселе жоқ емес. Оның бастысы – аяқ су. Бұл мәселеге байланысты жауап берген аудан әкімі соңғы жылдары трансшекаралық өзен – Сырдарияның арнасы тартылып, аяқ су тапшылығы ауыл шаруашылығының төңірегіндегі ең өзекті мәселеге айналып бара жатқанын және оның алдын алуда ауданымызда жоспарлы түрде шаралар жасалып жатқанын жеткізді. Атап айтсақ, келер жылы дарияның табанынан қашық жатқан Қаракеткен мен Жаңаталап ауылдарынан су ұңғымаларын бұрғылау жұмыстары басталмақ. Нәтижесінде, жер асты суларын пайдалану арқылы егістікке және шабындық жерлерге су апаруға мүмкіндік туады. Ал, бау-бақша егетін Аққыр ауылы үшін келер жылдан бастап қуаты жоғары су тартатын электрлі насостар іске қосылады. 

Айта кету керек, Аққыр ауданнан ең шалғай орналасқан елді мекен. Алайда, бұл ауылдың түтіні түзі шығады. Өйткені, ауылға береке үйіріп, бірлігін сақтап отырған ақсақалдары мен елағалары бар. Барлығы бірлесіп жарасымды тірлік кешіп жатыр. Өткен ғасырдың бел ортасында қаракөл-қой совхозы болып құрылған Аққырда сол кезеңде қырық мыңға жуық қой болған. Ет және қаракөл бағытында өсірілген қойдың өнімі елімізді етпен қамтамасыз еткен. Ал алтынның құнымен шамалас бағаланған қаракөл елтірісі өңделіп, бүкілодақтық нарыққа шығарылған. Қойдан бөлек, түйе, жылқы, сиыр сияқты төрт түліктің түрлері де өсірілді. Егін шаруашылығымен түбегейлі айналыспаса да, ауыл тұрғындары бақша өнімдерін базардан сатып алған жоқ. Тың жерлердің көбісі игеріліп, бидай, қызылша, жүгері, күнбағыс та егілді.

Әрине, бүгінде Қызылқұм қойнауында мыңғырған мал да, алқаптарында жайқалған бақша да жоқ. Алайда, аққырлықтар қол қусырып қарап отыруды жөн көрмейді. Тырбанып шама-шарқынша тіршілік етіп жатыр. Қорасына мал ұстап, ауласына бау-бақша салып отырғандар да бар. Көбі ет пен сүтті және бақша өнімдерін базардан алмайды, керісінше, ара-тұра болса да адал еңбекпен тапқандарын сатып, пұл қылады.

     Ауыл әкімі Жаңабек Матаевтың айтуынша, аққырлықтар алдағы жылдары аяқсудан тапшылық көрмейді. Ауыл айналасындағы “Қаратабан”, “Әшірбек”, “Арпаңыз” секілді шабындықтарды толығымен су басқан. Демек, мал шаруашылығымен айналысып отырған бұл шалғайдағы ауыл биыл қысқы мал азығын алыстан арбаламай, аталған шабындықтардан қам жасаған. Табанына ылғал барса, айтып отырған үш шабындықты да ну қамыс басады және ондағы шөп бүкіл ауылға жетеді. Тек жалқаулыққа жеңілмей, орағыңды оңтайлы ұстай алсаң болғаны. Келер жылы да тұрғындар аяқсу жарап тұрса, су тапшылығына байланысты бірер жыл үзіліп қалған бақша салу үрдісін жалғастырмақ ниетте. Егінші жылда арманда. Ауыл сыртына және ауласына көкөністер мен майда дақылдар егіп, мол өнім алатын аққырлықтарға тек аяқ су мәселесі шешілсе болғаны, егін шаруашылығында ешкімнің кеңесіне, көмегіне мұқтаж емес.

Ауыл әкімі биыл оңтүстік коллекторға дейін электр бағаналарын жүргізуге байланысты облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы арқылы су айдайтын 1 дана электронасос және 1 дана дизельдік су айдау насосы алынғанын айтады. Жаздың ортасына таяу аяқ су азайған жағдайда, екі насос та іске қосылатынын және ол екі құрылғы бір ауылдың халқын аяқ сумен толық қамтамасыз етуге күші жетеді екен. Сонымен бірге биыл ауыл орталығындағы Адис Ахетов көшесі күрделі жөндеуден өткен. Аудандық бюджеттен 31,5 миллион теңге қаржы бөлінген жол құрылысы «Құрылыс-Көлік компаниясы» ЖШС арқылы жүзеге асып, 5 ай мерзімде пайдалануға беріліпті. Яғни межелі уақытында аяқталып, халық игілігін көріп отыр. Сондай-ақ жоғарыда айттық, тұрғындарды ауылдағы тозығы жеткен футбол алаңының қайта жаңартылғаны да қуантты. Аудандық бюджеттен 6 млн 676 мың теңге қаржы бөлініп, мердігер «Байсакалова.А» ЖК жұмысын жүргізген спорт алаңында қазірде ауыл балалары доп теуіп жүр. Жаз мезгілінде ауылдық клубтың мәдени іс-шаралары да осы жаңа алаңда өтетін болған. Ауылдық жерлерде балалардың бос уақыты ойын алаңқайларында және футбол алаңдарында өтеді. Ескірген футбол алаңын қайта жаңғырту тек балалардың ғана емес, ата-аналардың да көкейінде жүрген сауал еді. Ол да шешімін тауыпты.

Аққыр ауылынан көптеген мәдениет саласының қайраткерлері шыққан. Көбі елімізге танымал руханият өкілдері. Сол азаматтардың барлығы да өнерге деген алғашқы қадамын ауылдағы ескі клуб үйіндегі үйірмелерден бастаған. Өткен ғасырдың ортасында ауыл клубында аймаққа белгілі оркестр жұмыс істеген. Оның құрамы кәсіби музыканттардан және әр салада қызмет істейтін талантты өнерпаздардан құралған. Оркестр мүшелері зейнет демалысына шықса да әлі күнге дейін ауылдағы жас көркемөнерпаздарға бағыт-бағдар беріп келеді. Өкінішке қарай екі мыңыншы жылдары ескі клуб өртеніп кетті. Ауылдағы іргелі руханият орталығының отқа оранғаны ауыл тұрғындарына ауыр тиді. Содан бері аққырлықтар үшін ауылдық клуб үлкен мәселеге айналды. Жақсы жаңалық естиміз бе деген үмітпен күн сайын ауданға құлақ түріп жүреді. Сол клуб мәселесі келер жылы шешімін табатын болды. Жоба-сметалық құжаты әзірленіп, тиісті орынға жолданған. Тек енді сараптамадан өткеннен соң, ұзамай құрылысы басталмақ. Аққыр – көшелері түзу және жасыл желегі, тал-терегі көп ауыл. Жылда көктем айларында ауылдағы саябақтар мен көше бойына санитарлық-тазалық жұмыстары жүргізіліп, жас көшеттер отырғызылады. Оны күтіп-баптауға аталған ауылдың ынтасы да жоғары, тәжірибесі де жеткілікті.

ХХІ ғасырда адамзат баласының ақыл-ой өлшемі тек білім бәсекесінде ғана сыналып жатыр. Мемлекетіміздің басты мақсаты жас ұрпаққа заманға сай сапалы білім беріп, ғылым үйрету және оған мейілінше жағдай жасалып келеді. Соған сәйкес білім саласына, соның ішінде мұғалімдерге қойылатын талап та қатая түсті. Аққыр ауылындағы №188 орта мектеп ұжымы жыл сайын оқу жылын жақсы нәтижемен қорытындылауды дәстүрге айналдырған. Шалғай ауылдағы алтын ұяның бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруда қалдырған қолтаңбасы өз алдына бөлек әңгіме. Бірер жыл бұрын ғана күрделі жөндеуден өткен білім ошағында талапты оқушылар, білікті педагог мамандар бар. Бастысы, әр жылдардағы оқу жылының қорытындысына зер салсаң, мемлекеттің аталған салаға жасаған қолдауында оң нәтиже барын айқын аңғарасың.

Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Алимова ауыл мектебіндегі материалдық мәселелер жылдан жылға өз кезеңімен шешімін тауып келе жатқанын айтады. Сондай-ақ жыл сайын білім алатын оқушылар қатарында айтарлықтай өсім бар екен.

– Аққыр ауылы аудан орталығынан шалғайда орналасқан. Алайда, бұрынғыдай емес, аралықта көлік қатынасы жолға қойылды. Аудан орталығында өтетін шараларға оқушылар да, мұғалімдер де қатысып, тәжірибе алмасуға толық мүмкіндігіміз бар. Одан бөлек, мемлекеттің ауылдық елді мекендерді, соның ішінде білім саласын жақсартуға бағытталған барлық қолдауынан құр қалып жатқанымыз жоқ. Өткен жылдары өзіміз жұмыс жасайтын, шәкірттеріміз білім алатын осы мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл ауылда бір көшеге асфальт төселді. Аудан және облыс орталығынан шалғайда демесеңіз, ауылдың бүгінде екінші тынысы ашылғандай көрінеді өзімізге. Іші-сырты толықтай жаңарып, қажетті заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған мектептегі мұғалімдердің де, оқушылардың да  еңселері тіктелді. Осындай үлкен қолдау барда біздің алдымыздағы жауапкершілік те еселенетінін жақсы білеміз. Сондықтан сол жауапкершіліктің, талаптың үдесінен шығып, мектебіміздегі білім сапасын бұрынғыдан да арттыра түсуге күш саламыз, – дейді Гүлмира Әбдіразаққызы.

Білім саласында ұзақ жылдық тәжірибесі бар білікті педагогтың айтқандарына мектептің әр жылдағы жетістіктерін бір саралап шыққанда көз жеткіздік және ұжымның білім саласында жаңа бағыт қалыптастыруда айтарлықтай үлесі барын аңғардық. Расымен, Аққыр ауылы аудан, облыс орталығынан қашық. Иә, мектеп оқушыларының облыс, болмаса аудан орталығына қатынап, қосымша үйірмелерге қатысуға мүмкіндігі бола бермейді. Солай бола тұра нәтижесі көңіл қуантарлық. Сөзіміз дәлелді болуы үшін, әр жылдары ауыл мектебін бітірген түлектердің мемлекеттік грантпен ЖОО-да білім алу мүмкіндігіне қол жеткізу көрсеткішіне тоқтала кеткеніміз жөн.

№188 орта мектеп былтыр жаңа оқу жылын 155 оқушымен бастаған. Оның жетеуі – мектеп бітіруші. Ал ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі ұлағатты ұстаздардың жемісті еңбек еткенін аңғартады. Мәселен, былтыр бұл мектептен түлеген 7 оқушы да ҰБТ-ға қатысқан. Басым бөлігі педагогикалық бағыттағы мамандықтарды таңдапты. Нәтижесінде, жеті оқушының алтауы еліміздегі маңдайалды жоғары оқу орындарында білім алуға мемлекеттік грант жеңіп алса, біреуі облыс әкімінің грантына ие болыпты.  

Айта кетейік, биыл Аққырдағы №188 орта мектеп жаңа оқу жылын 167 оқушымен бастаған. Демек, Гүлмира Әбдіразаққызы айтқандай, бала саны жылдан жылға өсіп келе жатыр. Биыл алғаш ауылдағы алтын ұяның табалдырығын 23 бала аттап отыр. Былтыр 1 сыныпқа қабылданған балалар саны 17 болған. Орта мектепте білім алатын оқушының саны артса, мектептің материалдық базасын нығайта түсу талабы туындайды және мұғалімнің жауапкершілігі еселенеді.

Аққырдағы 1984 жылы іргетасы қаланған білім ордасы отыз жылдан аса уақыт күрделі жөндеу көрмеген еді. Осыдан 3 жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама аясында 200 млн теңгеден астам қаражатпен ескірген нысан қайта жаңарды. Бас мердігер «Корпорация Алем-құрылыс» ЖШС құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізіпті. Білім ұясының шатыры жаңартылып, сыртқы қабырғалары замануи материалдармен қапталған, есік-терезелері ауыстырылған. Ғимараттың ішінен дәретхана салынып, су, кәріз жүйелері жүргізілген. Тозығы жеткен электр жүйесі жаңаланған. Ішкі қа­быр­ғалары қайта сыланып, жаңа еден төселген. Аулаға брусчатка, асфальт төселіп, абаттандыру жұмыстары жа­­сал­ған. Мердігер мекеме білім ны­са­нының сыртынан да дәретхана салыпты. Айта кетейік, осы мектеп дәретханасына қатысты жайттар бірер жылдан бері қоғамда пікір туғызып, өзекті мәселеге айналып отыр. Сыртқы есік жанынан мү­гедектер арбасы еркін сиятын ар­найы пандус орнатылған. Мектеп ғи­­ма­ратының алдына балалар де­ма­латын жайлы орындықтар да қойылыпты. 

Бұл мемлекеттің білім саласына деген қамқорлығының, тұрақты қолдауының нәтижесі. Ұлағатты ұстаздардың тынымсыз еңбегі жыл сайын үлкен жетістіктерге бастап келеді.

Биыл Аққырдағы орта мектепті 9 бала тәмамдайды. Олардың барлығы бүгінде ұлттық бірыңғай тестілеуде бақ сынауға ниетті. Гүлмира Алимова түлектерден айына екі рет ҰБТ-ға дайындық мақсатында тест алынатынын айтады. Қыркүйек айындағы бірінен кейін бірі өткен осындай жұмыстың өзінде айтарлықтай нәтиже бар байқалыпты. Бірақ бұған тоқмейілсейтін олар жоқ. Керісінше, ҰБТ-ға дайындық жұмыстарын әлі де ширата түсу керек екенін айтады. Өтйкені, дайындықсыз білім сапасы болмайтынын, білмсіз дайындықтың жоқ екенін педагогикалық ұжым жақсы біледі.

Аядай ғана Аққыр ауылындағы орта мектепте жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыс бар және соның нәтижесінде жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай. Мақаламызды білім саласымен аяқтап отырғанымыздың да өз жөні бар. Өйткені, қазірде ауыл баласы да, қала баласы да сапалы білім алуы тиіс. Бұл – заман талабы. Өйткені, қаланы да, даланы да өркендететін білімді ұрпақ.

                                                                                                                                             Қуат АХЕТОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: