Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Бейсенбі, 05 желтоқсан, 18:45

Ақсудағы қордаланған мәселелер бір-ақ жылда шешімін тапқалы тұр

01.12.2022

472

0

Ақсуда осыған дейін бір-ақ мәселе айтылатын. Ол – ауыл мен аудан орталығын жалғайтын жолдың жайы. Кентке көгілдір отын келгелі қазір жергілікті халық «Іргесінде тұрып біз қашан тұтынамыз?» дейтінді шығарды. Ақсудағы ағайынды да түсінуге болады. Аудан әкімі айтқандай, қажеттілік өтелген сайын бола бергенді құп көреміз ғой бәріміз де. Кешегі кездесуде де елдің ішінде біршама мәселе барын аңғардық. Бірақ Асқарбек Есжанов келер жылы Ақсуда жүзеге асатын жарқын жобалардың тізімін таныстырғаннан кейін ақсулықтар мәселе көтермеді. Бақсақ, 2023 жылы ауылда жүзеге асатын жобалардың бәрі де халықтың талап-тілегін қанағаттандыру мақсатында қолға алынып жатыр екен.

Асекең 2023 жылы Ақсуда атқарылатын жұмыстарды атай бергеннен ел қос қолмен қошемет білдірумен болды. Олай болатын реті де. Келер жылы кент іргесіндегі ауыл тұрғындары көгілдір отын тұтынады. Осыған дейін бірнеше әкімнің тұсында айтылған ауылға кіреберіс жолдың да мәселесіне Асқарбек Темірбекұлы нүкте қойды. 2023 жылы Ақсу мен аудан орталығын жалғайтын жол күрделі жөндеуден өтеді.

Елді мекенде алдағы жылы жүзеге асатын жұмыстар мұнымен шектелмейді. Келер жылы 150 орындық мәдениет үйінің іргетасы қаланады. Одан бөлек толық электр желісі жаңартылғалы тұр.

Жоғарыда 2023-те кіреберіс жолдың күрделі жөндеуден өтетінін айттық. Бірақ Ақсуда жол құрылысы мұнымен шектелмейді. Келер жылы тағы мұнда ішкі 3 көшеге асфальт төселеді. Асқарбек Есжанов ауыл әкіміне халықпен ақылдасып, тағы 2 көшені ұсынуын сұрады. Демек алдағы жылы ауылда 5 көшенің сапасына мән беріледі деген сөз.

Иә, кент іргесіндегі Ақсу – үлгілі ауылдардың бірі де бірегейі. Былтыр да аталған ауылдық округте біршама жоба жүзеге асты. Осыған қарап-ақ аталған ауылда жасалып жатқан игілікті жұмыстар бар екенін аңғаруға болады. Жаңа бастамаларды қолдап, қуаттап, бірауыздан жұмыла кететін ауыл халқының да бірлігі бекем. Бірлік болған жерде ғана тірлік болады, іс алға басады. Мұны ақсулықтар жақсы біледі, әрине. Қай істі де ымырамен, ауызбіршілікпен жүзеге асыруының арқасында бүгінде ауыл халқы жемісті жобалардың игілігін көріп келеді.

Екі мыңға жуық халық мекен еткен Ақсу ауылында ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Мұнда ауыл тұрғындарының негізгі тіршілік көзі – егін шаруашылығы. Мал шаруашылығымен айналысып, төрт түлікті түлетіп отырғандар да жоқ емес. Бүгінде ауылдағы жергілікті шаруашылықтар 3 307 гектар егістік алқапқа дән тастап, мол өнім алып отыр. Былтыр ауылдағы шаруашылық құрылымдар Сыр салысының әр гектарынан 51,2 центнер күріш жинады. Шаруашылықтар тек күріш қана емес, сонымен бірге жаздық бидай, мақсары секілді дәнді дақылдар мен мал азығы үшін және егістік жерлерді тыңайту мақсатында жоңышқа да егеді.

Былтырғы жиым-терім қорытындысында жылдағы дәстүрмен дала еңбеккерлері темір тұлпар тізгіндепті. Атап айтсақ, «Сәрке батыр» ЖШС озат механизаторларға 4 жеңіл автокөліктің кілтін табыстаған. Еңбек ердің даңқын шығарады, елдің несібесін арттырады.

Иә, былтыр “Сәрке батыр” ЖШС ұжымы үшін табысты болды. Олар әр жылғы егін науқанын еселі еңбектің арқасында осылай қорытындылайды. Кешегі аяқсу мәселесіне қарамастан былтыр күріштің әр гектарынан 55 центнерден өнім жиды. Осылайша аудан іргесіндегі Ақсу ауылына қарасты шаруашылық озаттары өткен сабантойда марапат төрінен көрінді.

1340 гектар алқапқа Сыр салысын сепкен жергілікті шаруашылық төрағасы барлық жетістікті һәм толағай табысты ұжымның жұмысқа деген жауапкершілігімен байланыстырады. Кешегі сабантойда да мол астықтың артында тұтас бір ұжымның еңбегі жатқанын айтып, әріптестерінің мерейін үстем етті. Тіпті табанды еңбек еткен дала дарабоздарына су жаңа темір тұлпардың кілтін табыстады.

– Биыл біздің ұжым әдеттегідей жылды жақсы нәтижемен қорытындылап отыр. Мұның бәрі әріптестерімнің ауызбіршілігі мен табандылығының арқасы деп білемін. Осындай оң нәтижеде шаруашылық ұжымының әр қайсының қолтаңбасы бар. Сондықтан олардың еңбегін жоғары бағалаймын. Жаздың шіліңгір ыстығында атыз жағалап, күріштің күтіміне бар күшін сарп еткен ауыл еңбеккерлері қашанда құрметке лайық. Шаруашылықтың шаруасын ширатуға саланың басқа да мамандары сүбелі үлес қосты. Баршаңызды бүгінгі мерекемізбен құттықтаймын. Алдағы жылы да жақсы нәтижелерге жұмыс жасап, қамбамыз астыққа тола берсін, – деді төраға.

Мұнан кейін серіктестік басшысы еңбек озаттарын марапаттап, бірнеше дала дарабозына темір тұлпардың кілтін табыс етті. Ал шаруашылық ұжымы мұндай құрмет, еңбектің еленгені алдағы уақытта үлкен демеу боларын жасырмады. Бұған дейін сапалы һәм мол өнімге қол жеткізуде кейінгі буынға бағдаршам болған 4 сала ардагеріне де құрмет көрсетілді.

Шаруашылықтағы әрбір маманның еңбегі дәл осылай лайықты бағалануы қуантып отыр. Демек, шаруаның ширауына мұндағы мамандардың қосар өз үлесі бар деген сөз. Сабантойда басқа да еңбек озаттары марапат төрінен көрінді. 15 дала дарабозына алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Ауыл ақсақалдарының батасымен басталған қорытынды шарада осылайша еңбеккерлердің мерейі үстем болды. Қамбаларыңыз астыққа тола берсін, ақсулықтар.

Ақсуда мал шаруашылығы да жылдан-жылға өркендеп келеді. Ауылда бүгінде 2 425 мүйізді ірі қара бар. Оның 481 басы шаруашылықтарға тиесілі. Жеке тұрғындар мен шаруашылықтарда екі мыңға жуық жылқы, 100 бас түйе және үш мыңға жуық уақ мал бар. Бұл – бір ауылдың халқы үшін күнкөрістің көзі. Тек алдағы уақытта тұяғын көбейту керек. Қазір Ақсуда 2 769 гектар жайылымдық жер бар. Былтыр Ақсу ауылдық округі әкімі аппараты 2021 жылға бөлінген 70299,3 теңге қаржыны жоспарлы түрде және уақытында игерген. Ауыл әкімі өз сөзінде аталған қаржының әкімдік аппараты шығындарына, мұқтаж азаматтарға үйден әлеуметтік көмек көрсету бағдарламасына, жергілікті деңгейде мәдени демалыс жұмысын қолдау шығындарына, көшелерді жарықтандыру мен күтім жасауға, өңірлерді дамыту бағдарламасына және елді мекенді абаттандыруға жұмсалғанын баяндады.

Айта кетейік, кентке жақын ауыл болған соң әкімнің ауылдың ішкі тазалық жұмыстарына жіті мән беретіні байқалады. Ақсуда көркейту-көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары өз дәрежесінде жүргізілетінін ауыл тұрғындарының өздері мақтанышпен айтады. Облыс, аудан, ауыл экономикасының тірегі – салық.

Ақсу ауылдық округі салық түсімдерін бекітілген іс-шара жоспары бойынша біршама жұмыс атқарылған. Мәселен, 2021 жылы мүлік салығы, жер салығы, көлік салығы, салықтық емес түсімдердің қаржысы 3 907 932 теңгені құраған.

Президент халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында өңірлерде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жайында тапсырма берді және кәсіп ашамын деген ынталы топқа мемлекет тарапынан қаржылай қолдау да көрсетіліп келеді. Ақсу ауылдық округі бойынша 112 кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, қазірде оның 108-і жұмыс істейді екен. Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпкерлікті бастау немесе дамыту бағытында 13 кәсіпкер несие құжаттарын рәсімдеп, 361 миллион теңге қаржы алған. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы, «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» ЖШС “Микробизнес Қызылорда” бағдарламасы бойынша және «Ауыл» несие” ЖШС арқылы, «КазАгро Қаржы» АҚ облыстық филиалы арқылы, «Бастау Бизнес» жобасы аясында және өзге бағдарлама бойынша ауыл тұрғындары қаражат алып, кәсіп ашып, жұмысын жандандырып отыр. Сонымен бірге ауылдың әлеуметтік саласы, білім беру, спорт, мәдениет салалары бойынша атқарылған жұмыстар мен жетістіктер де жоқ емес.

Ауылда зейнеткерлер мен Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген тыл еңбеккерлеріне, ауған соғысы ардагерлеріне, Чернобыльді залалсыздандыру кезінде зардап шеккен азаматтарға, сонымен бірге көпбалалы аналарға, жалғызбасты қарттарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға шаруашылықтардың демеушілігімен мерекелерде сый-сыяпат жасалып, мұқтаж жандарға қайырымдылық көрсетілетінін жеткізді. Ауылдағы №116 орта мектепте бүгінде 330 оқушы білім алады және түрлі деңгейлі санаттардағы 60 мұғалім жұмыс істейді. Өткен жылы мектепті 16 түлек бітірсе, оның ішінде бір оқушы “Алтын белгі” иегері атанған, 2 оқушы қызыл аттестат алған. Ал 11 оқушы мемлекеттік грант иеленген.

Ауылда спорт саласында да серпін жоқ емес. Ақсудағы спорт мектебінде еліміздің даңқын шығаратын болашақ чемпиондар тәрбиеленіп жатыр. Олардың көбі спорттың бірнеше түрінен аудандық, облыстық жарыстардан жақсы нәтиже көрсеткен. Спортшының абыройы елге ортақ. Сондықтан ауылдағы «Сәрке батыр», «Ақбостай» шаруашылықтары оларға демеушілік жасап, спорттық киімдермен қамтамасыз етіп келеді. Ауылда бұқаралық спорт дамыған. Арқан тарту, қазақ күресі, көкпар, футбол секілді спорт түрлері жанданып келеді. 2021 жылдың қорытындысында Ақсу ауылдық округі «Ең үздік спортшы ауыл» номинациясын жеңіп алды.

Мемлекет жаңа бағытқа бет бұру үшін экономикамен бірге мәдениет саласын да жандандыру керек. Бұл тұрғыда Ақсуда ілкімді істер көп. Ауыл тұрғындарының жиі жиналатын жері – ауылдық клуб. Халыққа рухани тәрбие беретін мәдениет ошағында түрлі шаралар өтіп тұрады. «Асыл әжелер» ансамблі қазірде аймаққа танымал.

Ауылдық клубта бірнеше үйірме жұмыс істейді. Ауыл көркемөнерпаздары аудандық, облыстық, республикалық, тіпті халықаралық өнер байқауларында жүлдемен оралып жүр. «Ақбостай» және «Сәрке батыр» шаруашылықтары ауылдың мәдени-рухани өміріне де белсене араласып, демеушілік жасап келеді. Ал келер жылы бұл елді мекенде жаңа ауылдық клуб бой көтереді.

Ел іші болғасын тентек телі, ұры-қары болмай тұрмайды. Ауылда аймақтық учаскелік тірек пункті жұмыс істейді. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін полиция инспекторы бар. 2021 жылы 6 қылмыс тіркелсе, оның 4-еуі іздестіру жұмыстарының нәтижесінде ашылыпты.

2021 жылы Ақсу елді мекенін газдандыру жұмыстарына және елді мекеннің ішкі көшелерін жөндеу жұмыстарына аудандық бюджеттен жоба сметалық құжатын әзірлеуге қаржы бөлінген. ЖСҚ әзір болған соң әрі қарай тиісті мүдделі мемлекеттік органдармен жұмыс жүргізілді. Сондай-ақ ауылға аяқсу жеткізетін «Ақсу» каналының 3,2 шақырымын шаруашылықтардың демеушілігімен қазып, тоспа жүйелерін жөндеу және ауылға 150 орындық жаңа ауылдық клуб ғимаратын салу үшін жер телімін бөлу, жоба сметалық құжатын дайындау сияқты жұмыстар жемісін берді. Келер жылы жылу маусымында ақсулықтар көгілдір отын тұтынады. Аудан орталығымен ауылды жалғайтын жолға да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал мұнан бөлек бірнеше ішкі көшенің сапасына да осымша мән берілетіні ауыл тұрғындарын қуантып отыр.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: