Ұстаз болу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Ол үшін білім мен біліктілік, ізденіс пен талапшылдық, шәкіртке деген махаббат пен сүйіспеншілік болуы қажет. Дәл осы қасиеттердің барлығын бойына жиған Марина Цойдың өзі білім алған алтын ұяда қызмет етіп жатқанына 40 жылға жуықтапты.
– Қызығы мен қиындығы қатар жүретін бұл мамандық иесі болу – бала күннен бері арманым. Ұстаз болу оңай емес екенін өзімнің анамнан ақ білетінмін. Яғни отбасымызда анам мұғалім болатын. Сурет салып, қолөнермен, яғни ою ойып, кесте тігумен айналысқанды қатты жақсы көремін. Бала күнгі қызығушылығым өмірлік наным болды. 38 жылдан бері осы мектепте сурет және еңбек пәнінің мұғалімі болып келемін. Осынша жылда оқушылармен біршама жетістікке жетіп, олардың тұлға болып қалыптасуына өзіндік үлесімді қостым деп айта аламын, – дейді Марина Цой.
Иә, шәкірттерді білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытуда ұстаздың еңбегі зор. Талай жастың қанатын қатайтып, үлкен өмірге қадам басуына септігін тигізген білікті маманның шәкірттерінің бірқатары бүгінде аудандағы іргелі алтын ұяда технология пәнінен сабақ берсе, енді бірі – өзінің тігін цехы бар жеке кәсіпкер.
Кейпікеріміз білім ордасында оқушыларға дәріс бере жүріп, әртүрлі байқаулар мен көрмелерге оқушы қатыстырып жүлделі орындар иеленген. Сондай-ақ аудан, облыс әкімінің алғыс хатын иеленіп, арнайы «Құрмет» грамотасымен де марапатталған.
Кәсіби жетістігі мол мұғалім сұхбат барысында ұстаздық етуден жалықпай, әр сабағын қызықты етіп өткізу үшін жаңашылдық енгізіп, үнемі ізденіс үстінде жүретінін айтты.
– Жоғарыда айтып өткенімдей, тек технология пәнінен емес, оқушыларға сурет сабағынан да дәріс беремін. Көбіне портрет салғанды, кеңбайтақ табиғатты бейнелегенді ұнатамын. Қандайда бір жұмысты, қолөнер немесе сурет салуды бастамас бұрын барлығын алдын ала дайындап, кішкентай бөлшегіне дейін ойлап, ерекше болып шығуы үшін барлығына мән беремін. Тек ойын жүйрік, қиялың ұшқыр болса жеткілікті, қолынан іс келетін адамға басқа ештеңе кедергі емес, – дейді білікті педагог.
Екі саланың басын бір арнаға тоғыстырып, балалық арманынан алыстамаған ұстаз жыл сайын оқушылар арасында қолөнер мен сурет салудан көрмелер мен шеберлік сағаттарын ұйымдастырып тұрады. Әрине, бұл біріншіден балалардың қызығушылығын арттырып, еңбекке баулыса, екіншіден, өзі секілді білікті мамандардың қалыптасуына үлкен сеп болады. Келер жылы зейнет жасына шығатын ұстаздың әлі де жас ұрпаққа берер тәлім-тәрбиесі мен тың идеясы мол. Әйтсе де түсіне білгенге кейіпкеріміздің 40 жылғы еңбек жолы – жас ұрпаққа өнеге.
Ақтоты БҮРКІТБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!