Елімізде ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша бірінші республикалық олимпиада басталды. ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев олимпиаданың салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Министр Ақмола облысындағы №1 Қоянды жалпы орта білім беретін мектебінің оқушыларымен кездесті. Еліміздің бас ұстазы қатысушыларға алдағы зияткерлік сайыста сәттілік тіледі.
– Пәндік олимпиадалар – сіздердің алғашқы ғылыми ізденістерге жол ашатын, ғылымның әртүрлі саласында өз дарындарыңызды айқындауға мүмкіндік беретін ауқымды сайыс. Бүгін сіздермен бірге еліміздің шалғай аймақтарындағы 90 мыңға жуық оқушы мектеп қабырғасында алған барлық білімі мен дағдысын көрсете алады. Пәндік олимпиадалардың жеңімпаздарына мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Биыл 23 оқушымыз ең беделді халықаралық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болды. Келер жылы солардың қатарында сіздердің де болатындарыңызға кәміл сенемін, – деді министр.
Ауыл мектептеріне арналған республикалық олимпиадаға 9-11 сынып оқушылары қатысып жатыр. Бұл бастама қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты қысқартуға және шалғай елді мекендердегі дарынды балаларды қолдауға бағытталған. Мақсаты – ауылдық жерлердегі мектеп оқушыларының дарыны мен қабілетін анықтау және қолдау білдіру, сондай-ақ олардың зияткерлік дамуы мен кәсіби бағдар алуына жағдай жасау.
Олимпиада жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттарды қамтитын 13 пән бойынша өткізіледі. Бастапқы кезеңге қатысу үшін оқушылар аuyl.daryn.kz сайтында тіркелуден өтті. Нәтижесінде 90 мыңнан астам оқушы қатысуға ниет білдірді. ІІ іріктеу кезеңі желтоқсан айында өткізіледі. Тапсырмалар дәстүрлі олимпиадалық түрінде онлайн-платформада беріледі. III республикалық кезеңнің барлық қатысушысы республикалық сырттай мектепке қабылданады.
Қорытындысында қатысушылардың жалпы санының 45 пайызынан құралатын жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады. Олар Оқу-ағарту министрлігінің дипломымен марапатталады. I дәрежелі диплом иегерлері 2024 жылдың ақпан айында өтетін оқу-жаттығу жиындарына шақырылып, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне қатысады.
«ЖЖ» ақпарат
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!