Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

12°C

, Сейсенбі, 14 қазан, 02:30

Оқушылары озат орта мектеп

30.09.2025

97

0

Кеше әріптесім екеуміз Дәуімбай елді мекеніне бет бұрдық. Мақсат – әдеттегідей газетіміздің «Шырақ» айдарына білім ордасының жұмысын насихаттау. Бұл жолы Зейнолла Жарқынбаев атындағы №202 орта мектепке жұмысын сараладық. Мектептің ауласы тап-таза, жинақы. Көркі көз тартар бірнеше гүл сырттан келген адамға көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. Мектеп кіре берісінен мұндағы оқушыларға қолайлы жағдай жасалғанын аңғардық. Үзіліс уақытын тиімді пайдаланып жатқан кішкентай бүлдіршіндер дәлізде ұлттық ойындарды ұлықтауда. Бұл көрініс біздің назарымызды өзіне аудартып, ерекше әсер қалдырды.

«Ұстаздар аллеясы» ашылған

Мектеп директоры Жазира Тұрым­бе­това бізді кіреберістен күтіп алып, білім ордасының тынысымен таныстырды. Есі­мі елге мәлім қоғам қайраткерінің атын арқалаған білім ошағынан да­рын­­­ды шәкірттердің көптеп шығуы да заң­дылық. Туған жеріне адал қыз­мет етіп, саналуан тақырыпқа қа­лам тер­беген талантты азаматтың бас­­шылық, іскерлік қабілеті – көпке үлгі.
Зей­нолла Жарқынбаев атындағы мектеп 2009 жылы ел игілігіне бе­ріл­ген. Мектеп ғимараты «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша тип­тік жобада 1100 орынға лайықталып са­лынған. Қазіргі таңда мектепте 114 ұс­таз бар. Оның 111-і жоғары білімді, 3-еуі арнаулы орта, 27 педагог-зерт­теу­ші, 38 пе­дагог-сарапшы, 27-сі пе­да­гог-мо­де­ра­тор мәртебесін иелен­ген.
Мектеп қазіргі заман талабына сай ма­териалдық-техникалық базамен, за­ма­­науи кабинеттермен қамтамасыз еті­ліп, әр кабинет техникалық құралдар мен компьютерлер, интерактивті тақта­лар­­мен, сондай-ақ әр пәнді терең оқы­­­­туға мүмкіндік беретін оқу бөлме­ле­­­рі­мен қазіргі заман талабына сай жаб­­­дық­талған.
Айта кетейік мектеп басшысы Жа­зира Ұзаққызы – осы білім ошағының түлегі. Алтын ұяда 21 жыл қыз­мет етіп келе жатқан ол директордың ғы­­лы­ми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орын­­басары, оқу ісі жөніндегі орын­ба­сары сынды қызметтерді абыроймен ат­қа­рып, басшылық қызметке лайық деп та­ға­йындалған. Бұл қызметке кел­геніне көп болмаса да, білім ошағына бір­қатар өзгеріс енгізіп, айтарлықтай же­тістікке қол жеткізген.
Тілші болған соң ерекше жаңа­лық­тарға құлақ түріп жүретініміз тағы бар. Мектеп директорының айтуынша, жаңа оқу жағымды жаңалықтармен басталған. Соның бірі – мектеп қабырғасынан «Ұс­таздар аллеясының» ашылуы, яғни мұн­­да облыстың үздік педагогтары, ең­бе­гімен ел алғысына бөленген ұс­таз­дар және аудан ұстаздары арасында ау­­данның құрметті азаматы атағын ие­лен­ген тұлғалардың суреті ілулі тұр. Бұл орын ұстаздарға ша­быт беріп қана қой­май, салаға сер­пін берген білікті ма­ман­дарға құрмет көр­сету болып табы­ла­ды.


Мұнан бөлек биылғы оқу жылы қар­са­­ңында білім ошағының ауласына абат­­тан­дыру жұмыстары жүргізіліп, сы­­нып кабинеттері мен асхана, спорт зал, акт залға жөндеу жұмыстары жүргі­зілген. Сондай-ақ мердігер мекеме «Али Проект Construction» ЖШС спорттың 4 түрі қамтылған жаңа спорт алаңын салған. Қазір оқушылардың спорт­пен шұғылдануына барлық жағдай жа­салған, яғни мұнда 5 спорт алаңы яғни кіші, үлкен спорт зал, гимнастика залы мен спорт алаңдары тағы бар.

Жаңа оқу жылы –
жаңа міндеттер кезеңі

Жазира Ұзаққызының айтуынша, олар жаңа оқу жылын 744 оқушымен бас­­таған. Сондай-ақ биыл мектепалды даяр­лық тобына 69 бала қабылданса, алғаш мектеп табалдырығын аттаған 77 бала бірінші сынып оқушысы атанды.
Айта кетейік, былтырғы оқу жылында мектептен 44 түлек түлеген. Оның 33-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, 20-сы мемлекеттік грант конкурсына құ­жат тапсырған. Нәтижесінде 19-ы мемлекеттік грант иегері атанса, 1 түлк әскери оқу орнының грантын жеңіп алған. Ал арнаулы оқу орнына түскен түлектері саны – 18 болса, ақылы негізде жоғары оқу орнына 5 түлек түскен. Сондай-ақ Түркиядағы Bursa Teknik Universitesi оқу орнына 1 түлек түскен.
– Жаңа оқу жылын бұдан да жоға­ры жетістікпен тәмамдауды көздеп отыр­­­мыз. Биыл мектептен 47 түлекті үл­­­кен өмірге қанат қақтырамыз. Әзір­ге тү­лек­тердің барлығы ҰБТ-ға ­қаты­су­ға ниетті. Олардың арасында 3 ­оқу­шы «Алтын бел­гіге», 5 оқушы ­«Үз­дік ат­тес­­­татқа» үміткер. Шыны керек, тү­лек­тер ҰБТ-ға дайындықты был­тыр­­ғы оқу жылынан бастады. Бү­гінде бұл жұмыстар өз нә­тижесін бе­руде. Жақында ғана оқу­шы­лар Қы­зыл­ор­да қа­ласындағы «U-Study» тес­­­тілеу ор­та­лығына барып, алғаш рет тест тап­сырып қайтты. ­Мұға­лім­дер­дің ты­ным­сыз еңбегі мен уақы­тылы дайын­­дықтың нәтижесінде оқу­­­­шыла­рымыз алғашқы тест сынақ­та­рынан жақсы балл жинады. Десе де ­тоқмейіл­су­ден аулақпыз. ҰБТ-ға тұ­­рақты ­дайын­­дық күнделікті өзім­нің ті­келей ­бақы­лауымда. Өзіңіз бай­қа­ған­дай, мектепте оқушы­ларға мүмкін­ді­гінше сапалы білім беріп, тұлға болып ­қа­лыпта­суына барлық жағ­­дай жасалған. Оқушы­ларымыз жан-жақты. Үнемі із­де­ніс үстінде. Әрине, оның артында ұс­таз­дар қауы­мының әр сабақты бір сарында өткізбей, оқу­шыларды жа­лықтырып алмауда жа­ңаша, тың идея­лармен тәжірибе алмасу арқылы өткізіп жатқан ерен еңбегі бар, – дейді мектеп директоры.
Олар оқу жылының ал­ғаш­қы айын да жетістікпен қорытын­дылап отыр. Жуыр­да мұғалімдердің дәстүрлі ҮІ респуб­ликалық спартакиадасы­­ның ау­дан­дық кезеңінде 20 мектептің мұ­ғалімдері сынға түс­кен спорттық сайыс­та №202 орта мектеп ко­мандалық есеп бо­йынша жүлделі І орын­ды иеленген. Үш күнге созылған са­йыста ұстаздар спорт­тың 7 түрінен бақ сынаған. Мектеп ди­рек­торының ай­туынша, бұл жеңіске 2017 жыл­дан кейін биыл қол жеткізіп отыр.
Мұнан бөлек «Жұлдызай-2025» ұлттық республикалық ойындарының облыстық кезеңінде тоғызқұмалақ ойы­нын­да 9 сынып оқушысы Ә.Молдабек І орын алып, рес­публикалық кезеңге жолдама жеңіп алған.
Біз барған күні мұнда ауыл мек­теп­те­ріне арналған жалпы білім беретін пән­дер бойынша республикалық олим­пиаданың мектепішілік кезені өтіп жа­тыр екен. Мектепішілік кезеңге 49 ­оқу­­шы қатысуда. Директорының ай­­­­­­­ту­ынша, бү­гін – олимпиаданың үшінші күні. Қазіргі таңда оқушылар ағылшын, ма­тематика пәні бойынша тест тап­сы­ру­да.
Балалардың дұрыс әрі уақытылы тамақтануы олардың денсаулығын ны­ғай­тып, ақыл-ой қабілетін арттыруға сеп­тігін тигізетіні сөзсіз. Осы тұста мек­теп 407 оқушыны сапалы әрі ыстық та­мақпен қамтып отыр. Оның ішінде 1-4 сынып аралығында оқитын 297 балаға ыстық тамақ 100 пайыз қарастырылған. Бүгінге дейін ыстық тамаққа қатысты ата-аналар тарапынан бірде-бір арыз-шағым түспеген. Жазира Ұзаққызы оқу­шыларға берілетін астың сапасы жоғары екенін, үнемі өзінің қатаң бақылауында болатынын жеткізді.

Білімділердің бірегей ордасы

Бәсекеге қабілетті һәм білімді тұлға қа­лыптастыруды мақсат еткен мектеп ұжы­мының бүгінде жеткен жетістіктері көп. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақ­сы» демекші, бұл саладағы жұмыстың же­місті болуы ең алдымен маманның біліктілігіне байланысты. Былтырғы оқу жылында мектеп оқушыларының пәндік олимпиада, ғылыми жоба сынды білім бәйгелерінде бақтарын сынап, жүлделі орындарды иеленуі жоғарыда айтып өт­кен сөзімізді қуаттайды.
Мақаламызға арқау болған алтын ұя былтырғы оқу жылын үлкен жетістікпен қо­рытындылаған. Оқушылардың зият­кер­лік-шығармашылық әлеуетін және та­нымдық қызығушылықтарын арттыру мақсатында 2-7 сынып оқушыларына арналған «Зерде» зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалар респу­бли­­калық конкурсының ауданық кезе­ңі­нен 6 оқушы жүлделі орындарға ие бол­ған.
Сондай-ақ жалпы білім беретін пән­дер бойынша республикалық олим­пиа­дада 13 оқушы жеңімпаз атанған. Ал ауыл балаларына арналған пәндік олим­пиаданың аудандық кезеңінде 20 оқушы жүлделі орыннан көрініп, об­лыстық кезеңде 7 оқушы жеңімпаз атан­ған. «Алтын қа­зына» көркем жә­не сәндік қолданбалы өнер мен «Қа­ғаз­дан бұйымдар жасау» бағыты бо­йынша Аянат Жайшылық ау­дан­дық ке­зеңде І орын, облыстық ке­зеңде ІІІ орын иеленген. Сонымен қа­тар Назер­ке Жұмағали – облыстық «Шә­кәрім оқу­лары» байқауының бас жүлде ие­гері.

Үйірменің үйретері мол

Жазира Ұзаққызы балалар мұнда бір ауысымда ғана білім алатынын айтады. Ал түстен кейін олар бос уақытын тиім­ді пайдалану мақсатында түрлі үйір­мелер мен қосымша сабақтарға қа­ты­сады. Бүгінде мектепте 17 үйірме жұ­мыс жасайды. Мәселен, «Қылқалам» сурет үйірмесі, «Ақмоншақ» би үйірмесі, «Домбыра» ұлттық-аспаптар ансамблі, шебер қолдар мен түрлі спорттық ойын­дарды меңгеруге бағытталған бас­кетбол, волейбол, асық ату, футбол, шах­­мат, тоғызқұмалақ, қол добы сын­­ды үйірмелер тұрақты жұмыс жа­сау­­да. Сондай-ақ «Наркескен» спорт клу­­­бын­­дағы спорт нұсқаушылардың же­­тек­­шілігімен қазақ күресі үйірмесі де бар. Биыл оқушылардың қызы­ғу­шылығын арттыру мақсатында үйірме қатары толыққан. Атап айтсақ, жаңа оқу жылынан бастап жас мобилограф үйір­месі өз жұмысын бастаған.
Жалпы аталған үйірмелерге 502 оқушы қам­тамасыз етілген. Оқушы­лардың бойын­дағы дарынын ұштап, шығармашылық қабілетін шыңдау мақ­сатында өткізі­летін үйірмелерде қа­тысушылар же­тек­шілерінің көмегімен то­лағай табыс­қа қол жеткізіп жүр, яғни олар өздерің білім бәйгелерінен ғана емес, спорттық сайыстан да мықтылығын дә­лел­деуде. Атап айтсақ, Нұрлан Қуа­ныш Астана қаласында гір спор­тынан жасөспірімдер арасында өт­кен Қазақстан Республикасының чем­пио­натында 68 кг салмақ дәрежесінде ІІІ орын иеленген. Мұнан бөлек «Ұлттық мектеп лигасы» қол добы спорттық сайы­сынан «Ұшқыр доп» атты 7-8 сы­нып ер балалары арасында өткен об­лыс­тық іріктеу жарысында Мадияр Жа­ңаберген «Үздік шабуылшы» атан­ған. Ал Ақтөбе қаласында Қазақс­тан Республикасының Қол добы феде­рациясының тұнғыш пре­зиденті Есет Әміржановты еске алуға арналған 2012 жылы туған және одан кіші қыз ба­лалар арасындағы Қазақстан Респуб­ликасының чемпиона­тында Ка­нал­хан Кәусар «Үздік қақ­пашы» номи­на­циясын иеленген.
Талай шәкіртті білім нәрімен сусын­да­тып, үлкен өмірге қанат қақтырған қара­шаңырақтың бүгінгі тынысы осы. Алдыңғы буынның үлгілі ісін жалғас­ты­рып келе жатқан ұйымшыл ұжымның ұстаз­дары білікті, оқушылары озат. Қай бағытты алып қарасаңыз да олардың жет­кен жетістігі өз алдына бір еңбекке арқау болары сөзсіз.

А.ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: