Бүгінде аудандағы озат оқушылар білімін әр салада саралап, қабілетін шыңдауда. Мәселен, №118 орта мектептің бітіруші түлегі Гүлім Алматқызы – озат оқушының бірі. Ол түрлі білім бәйгелері мен қатар өнер, спорт саласында да өзінің мықтылығын дәлелдеген.
Биыл алтын ұя мектебімен қоштасып, үлкен өмірге қадам басатын Гүлімнің алға қойған мақсаты айқын. Сынама тесттерінен 100-ден жоғары балл жинап жүрген Гүлімнің таңдауы ағылшын тілі мен дүниежүзі тарихы пәніне түскен.
– Әзірге екі мамандық таңдап тұрмын. Бірі – ағылшын пәнінің мұғалімі болу, екіншісі – дипломат болу. Екеуі де жаныма жақын. Менің басты мақсатым – ұлтқа қызмет ету. Қай салаға барсам да елімнің дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Бала күнімнен «саяхатшы» болсам деп армандап келемін. Осы екі мамандықтың біріне оқуға түсіп, еліме адал еңбек ету арқылы саяхатшы болғым келеді. Қателеспесем 7-ші сынып оқитын кезімде анама «Шоқан Уәлиханов секілді саяхатшы болғым келеді» деп айтқаным есімде, – дейді озат оқушы.
Гүлімнің бастауыш сыныптан бастап әдебиетке деген қызығушылығы басым болған. Өлеңдерді жатқа оқып, эссе жазғанды жаны сүйетін қыз ақындық өнерден де кенде емес. Айтуынша, анасы да әдебиетке жақын. Отбасымен бірге кітап оқып, шығарманы талдағанды жақсы көретін ол шаңырағында арнайы кітап бұрышы барын да жасырмады.
Кейіпкеріміздің білім додасында жеткен жетістігі көп. Ол «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығы «QAZAQ EPOS» қоғамдық қоры ұйымдастырған «Қобыланды батыр» жырын жатқа айтудан «Тұлпар мініп ту алған» байқауынан арнайы алғыс хатпен марапатталған. Сонымен қатар жалпы білім беретін мектептердің 7-11 сынып оқушылары арасында өткізілген Республикалық І.Жансүгіров оқулары байқауының аудандық, облыстық кезеңінен І орын алып, республикалық кезеңде ІІ орын иеленген. Ал Республикалық «Абай оқулары» байқауының аудандық кезеңінен І орын алып, облыстан ІІ орын, республикалық кезеңнен үздік үштікті түйіндеген. Мұнан бөлек мектеп мақтанышы республикалық Мұқағали Мақатаев оқуларына да қатысқан. Байқаудың «Айтып өткен ақында арман бар ма?» айдары бойынша аудандық, облыстық кезеңнен сүрінбей өткен ол республикалық кезеңде арнайы алғыс хат иеленген. Сондай-ақ 5-11 сынып оқушылары арасында өткен республикалық «Төлеген Айбергенов оқулары» байқауының облыстық кезеңінде «Өз ғасырым өзімнің иенімде» бағыты бойынша І орын, республикалық кезеңнен де І орын алған. Озат оқушы мұнан бөлек «Жарқын болашақ» байқауында да топ жарған. Аудандық, облыстық, республикалық кезеңнен де сүрінбей өткен жас арнайы қаржылай сыйақымен де марапатталған. Тізе берсек, Гүлімнің жетістігі жетерлік.
– Бірде Абайдың қара сөздерін жатқа айтудан республикалық жарысқа қатыстым. Өзі Абайдың 45 қара сөзі болса, мен оның 44-ін жаттап бардым. Ең ұзақ отыз сегізінші қара сөзін жарысқа дейін жаттап үлгере алмай, жарыстан ІІІ орын алған болатынмын, – дейді кейіпкеріміз.
Мұнан бөлек, Гүлім мектептегі волейбол құрамасының ойыншысы. Сондай-ақ мектептегі театр үйірмесіндегі қойылымдарда басты рөлдерді сомдаған. Аудандық, облыстық жарыстарға қатысып жүлделі орындар иеленген.
– «Табиғатты аялайық» атты театр қойылымында ауданнан І орын, облыстан ІІ орынды жеңіп алдық. Бұл қойылым да қазақстанның экологиялық мәселелерін көтере отырып, ауқымды көрініс шығардық. Қойылым «Мәңгілік бала бейне» шығарма желісі бойынша сахналанды. Мұнда Семей полигонында жарылыстан зардап шеккен Ләйлә есімді мүгедек қыздың рөлін сомдап шықтым. Шығарма желісі өте ауыр. Көрерменнің жүрегінен орын алып, көңілін босатып, жүрегін жылатқан мазмұнды шығарма, – дейді Гүлім Алматқызы.
Ол облыстық дарынды балалар ұйымының мүшесі. Сондай-ақ «Жыл оқушысы – 2023» номинациясының иегері. Кез келген оқушының үлкен белесті бағындыруы тек өзінің ғана емес, ата-анасы мен ұстаздарының да еткен еңбегінің жемісі. Сұқбат соңында Гүлім өзің білімге, спортқа
баулып, әркез жетістікке, қабілетінің шыңдалуына шабыт беретін ұстаздарына арнайылап әдебиетке баулыған Гүлнар Жүнісоваға алғысын жаудырды.
Ақтоты БҮРКІТБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!