Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

4°C

, Сәрсенбі, 16 қазан, 02:22

Қасиетті қара шаңырақ – білімділер мекені

04.12.2022

1119

0

Күллі қазаққа аян «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген нақыл бар. Шынында қазіргі жаһандану заманында осы құдіретті білімді өзіңе әмірші етпесең, аштан қалмасаң да, көштен қаласың. Ал білімді болу үшін білімнің негізін қалайтын мектеп қуатты болу керек. Мектеп тұғырлы болу үшін, шәкіртке әліппеден бастап барын салып үйрететін ұстаз өте еңбекқор, жан-жақты, жаңа технологияларды меңгерген әлеуетті болу керек. Қалай болғанда да ұстаздар мектеп деген алып кеменің жүрегі. Зәулім ғимаратта білім алып, зерделі ұстаздардың қамқорлығында жүрген қазіргі егемен елдің оқушылары қандай бақытты. Кезінде жалынды ақын Қасым Аманжолов «Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ, Қараймын келбетіңе мен таңырқап… деген өлең жолдарын қазіргі бақытты ұрпаққа арнаған. Иә, жылдан-жылға қала ғана емес, аудандарда, ауылдардағы білім ғимараттарын көріп, көзіміз тояды. Бүгінгі біз әңгіме еткелі отырған білім ұясы да Жалағаш ауданының бетке ұстар мақтанышына айналған мектептердің бірі ғана емес, бірегейі. Біз ауласына енгеннен гүлге көмкерілген білім мекемесінен жылы шуақ есіп тұрды. Ауласы балақайлардың базарына айналған мектептің босағасынан аттап, мектеп басшысының кабинетіне беттедік.  Бұл – Зейнолла Жарқынбаев атындағы №202 орта мектеп еді. Бізді жылы шыраймен қарсы алған мектеп директоры Гүлнәр Бекмолдаевамен сұхбатты бастап та кеттік.

  • Гүлнәр Кәриқызы білім ордасының таихына тоқталсаңыз?
  •  Дәуімбай елді мекеніндегі бұл білім ордасы 2009 жылы ел игілігіне берілген болатын. Дәл осы жылы мектеп ұжымы жаңа нысандағы жұмысын 490 оқушымен бастады. Ал ғимарат 1200 орынға негізделген. Мұндайда «Халық саны аз елді мекенге зәулім нысанның қажеті қанша, енді осылай бұл ғимараттың басым бөлігі қаңырап бос тұра ма?» деген сөздер де айтылды.  Осылай болуын болды да. Бірақ бізді бүгінде жыл сайын дәл осы білім ордасының табалдырығын аттаған өрендер қатарының көбейіп жатқаны қуантып отыр. Ал саладағыжетістігі, білімсапасыөзалдынабөлекәңгіме.
  • Білім мекемесінде қызмет жасап жатқан ұстаздар қауымы жайлы айта кетсеңіз?
  • Соңғы жылдары бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруда мұндағы ұлағатты ұстаздар тыңғылықты еңбек етіп жатыр екен. Себебі соңғы жылдары ата-әжелер мектеп жасына жеткен немерелерін, ата-аналар алты жастан асқан балаларын осы білім ошағына беруді құп көретінін байқап қуанып жүрміз.  Ата-ана тарапынан мұндай көзқарастың, пайымды пікірдің қалыптасуына да бір негіз болуы керек қой. Ол осында берілген білімнің сапасына байланысты деп түйдік. Былтыр біздіңмектеп оқу жылын үлкен жетістікпен қорытындылады. Биылғы оқу жылын мұнан да жоғары жетістікпен тәмамдауға талпынып отырмыз. Өткен оқу жылында білім ордасын 33 түлек бітірді. Сол мектеп бітіруші түлектердің 21-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, барлығы мемлекеттік грантпен жоғары оқу орындарында білім игеруге мүмкіндік алды. Ал мұның соңында осындағы ұлағатты ұстаздардың үлкен еңбегі бар екені даусыз. Негізінен ұлттық бірыңғай тестілеуге бармаған балалар да арнаулы оқу орындарында бүгінде білім алып жатыр. Демек, Дәуімбайдағы мектепті бітірген түлектер 100 пайыз оқуға түсті деген сөз. Бұл даүлкенжетістік.
  • Мемлекет білім саласына көңіл бөлуде. Білімге салған инвестиция– болашаққа салынған инвестиция деп жатамыз. Осы бағытта айтарыңыз бар ма?

– Мен үшін білікті педагог бәрінен қымбат. Ыбырай Алтынсарин атамыздың әрбір тағылымға толы сөзі бізді шабыттандырады. Рас, мемлекет қазір біздің саладан қолдауын аямайды. Ал біздің тараптан оның өтеуі болуы керек қой. Ол бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыру деп ойлаймын. Оны білімсіз жүзеге асырамын деу бос әуре. «Қазір білектінің емес, білімдінің заманы» деген нақыл осыдан бірнеше ғасыр бұрын айтылды. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды да. Білім болмаса, ештеңе де болмайды. Президентіміз егемен елдің ертеңін бәсекеге қабілетті өскелең ұрпақпен байланыстырады. Ал оны қалыптастыру бізге жүктелген міндет деп ойлаймын. Осы жолда мұндағы ұлағатты ұстаздар аянбай еңбек ете береді. Жалпы жұмысымызда нәтиже бар. Бірақ оған тоқмейілсуден аулақпыз. Керісінше алдағы жылдары одан да жоғары жетістікке жетуге қам қыламыз. Білім ошағындағы түлектердің төртеуі «Алтын белгі», бесеуі «Үздік аттестат» иегері атанғаны бізді қанаттандырады.

  • ҰБТ-ға дайындық қашан басталады?
  • Жаңа оқу жылында мектеп табалдырығын 83 бала аттапты. Қазір олар 4 сынып бойынша білім алып жатыр. Ал биыл білім ошағын 30-дан астам түлек тәмамдайды. Олардың барлығы бүгінде 100 пайыз ұлттық бірыңғай тестілеуге баруға талап қылып отыр.  Біз балаларға мейлінше сапалы білім беруіміз керек. Басты мақсатымыз да сол. Нәтиже жоқ емес. ҰБТ бойынша үлкен жетістіктеріміз бар. Оның артында үлкен еңбек жатқанын жақсы білесіздер. Мәселен, біз балаларды ҰБТ-ға дайындауды тек 11 сыныпқа келгенде бастамаймыз. Олардың қалаған мамандығын игеруге 2-3 жыл бұрын жағдай жасаймыз. Себебі 1 жылда мектеп бітірушіден мемлекеттік грант иегерін қалыптастыру қиынға соғады. Міне, сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды ерте бастаймыз. Былтыр оқу жылын үлкен жетістікпен қорытындыладық. Биыл да сол межеге жетеміз деген мақсат бар, ал оны жүзеге асыру үшін үлкен еңбек керек. Қазірбіз осы жолдажұмысжасапжатырмыз.
  • Мектепте түрлі үйірмелер де жұмыс жасайтын болар?

Бұл білім ордасында оқушылардың тек сабақ оқуына ғана жағдай жасалмаған. Мұнда бір жағынан балалардың бойындағы талантын шыңдауына да мүмкіндік мол. Мәселен, мектепте негізгі білім беру жұмыстары азаннан түске дейін жүзеге асса, түстен кейін қосымша білім беріледі. Яғни балалар мұнда түрлі үйірмелердің көмегімен бойындағы талантын шыңдауға мүмкіндік алады. Ал қосымша білім беру жұмыстары аудан бойынша тек осы мектепте жүзеге асып жатқанын айта кеткен жөн. «Ән», «Би», «Домбыра», «Сурет» және спорттың екі түрі бойынша тағы қос үйірме жұмыс жасайды. Нәтиже де жоқ емес. Қазіргі таңда аталған үйірмелердің қатысушылары түрлі деңгейдегі жарыстардың бас бәйгесін бермей келеді.

  • Спорт саласында да жетістік бар екенінен хабардармыз. Соған тоқталсаңыз?
  • Біздің мектеп өңірге спорт саласында топ жарған өрендерімен де етене таныс. Мәселен, осында ұзақ жылдар қажырлы еңбек еткен Орныққан Сапанов шәкірттерінің алды аймаққа белгілі аяқдоп шеберлеріне айналған. Ал қазір аудандағы волейбол спортының дамуы хақында әңгіме айтылса, міндетті түрде ол жерде білікті маман, ұлағатты ұстаз Ләззат Әбдіқалықованың есімі қатар жүреді. Қазір оны аудан халқы тек дене шынықтыру пәнінің мұғалімі деп қана емес, білікті бапкер деп біледі. Әсіресе оның аталған спорт түрінен нәзікжандылар мен ерлер арасында команда жасақтап, олардың қимылына қарқын қосуда сіңірген еңбегі ерен. Ал жоғарыда айтылған қос ұстаздың жетістігін, алған марапатын айтып һәм жазып тауысу қиынның қиыны.
  • Кітапхана жұмысымен де таныса кетсек?

Білім ошағы жанынан ашылған руханияттың ордасы мұндағы өрендердің қажетіне жарап жатыр. Өзіңіз көріп тұрғандай балалар кітапханамен тығыз байланыс орнатқан. Мәселен мынау біздің оқушымыз Ескендір Садықов 9 сыныпта оқиды. Ол түрлі деңгейдегі байқаулар, олимпиадалар мен білім додаларында топ жарып жүр.

Биыл жаз айларында елордада арнайы ауыл мектептерінің оқушылары үшін «Iqanat» қоры Қазақстандағы ең ауқымды «IQanat» жеке олимпиадасын кезекті рет өткізді. Олимпиаданың көмегімен оқушылар арасында Қазақстан мен әлемнің үздік университеттеріне түсуге үш жылдық тегін дайындыққа финалистер таңдалады. Аталған білім додасында былтыр 4 жерлесіміз бақ сынаған болатын. Соның бірі – Ескендір Садықов.

Иә, санамалай берсек, қасиетті қара шаңырақтан білім алған оқушылар елдің ертеңгі болашағына қызмет ететініне сенеміз.

                                         Сұхбатты жүргізген Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: