Анимациялық студиялардың мамандары мен Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының және Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері Түркияның Анкара қаласында шеберліктерін шыңдап, тәжірибе жинақтап жүр. Жоба аясында Қазақстан режиссерлері, продюсерлер мен суретші-аниматорлары жергілікті әріптестерімен тәжірибе алмасып, практикалық жұмыстарды бірлесе орындайды. Бірнеше күнге жоспарланған оқу аясында Түркияның танымал мамандарының қатысуымен шеберлік сабақтары да өтеді.
Еске салсақ, қазақстандық студиялар Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен түркітілдес елдерге ортақ ежелгі аңыздар желісімен 10 пилоттық анимациялық жобаның өндірісін бастады. Анимациялық альманахқа кіретін әр туындының хронометражы 5 минуттан асады. Бұл жоба түркітілдес мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, болашақта бауырлас елдермен бірлескен анимациялық жобалар жасауға мүмкіндік береді.
Қазақстан анимация мамандарының екінші тобы Польшадағы Krakow Animation Center орталығында тәжірибе жинақтап жатыр. Оқу барысында жергілікті анимациялық студиялардың жұмыстарын қарап, балаларға қызықты тақырып таңдау, сценарий жазу шеберлігі және маркетинг бойынша біліктілік арттырады.
«Анимация саласы үнемі өзгеріп, дамып отырады. Сол себепті отандық мамандардың біліктілігін арттыру өте маңызды. Бұл тәжірибе алмасу-
мен қатар шетелдік студиялармен ынтымақтастық орнату арқылы жаңа нарықтарға шығып, көрермендер аудиториясын ұлғайтудың жақсы мүмкіндігі. Алдағы уақытта әлемдегі ең танымал студиялардың мамандарын тәжірибе алмасу үшін елімізге шақыруды да жоспарлап отырмыз», деді Мәдениет және спорт вице-министрі Арман Жүдебаев.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!