Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

16°C

, Сәрсенбі, 01 мамыр, 11:48

Үш ауысымды мектептер саны азаяр емес

24.02.2024

283

0

Елімізде 3 ауысымды мектептер саны әлі де артуы мүмкін. Мамандар бұл мәселені кейбір өңірлердегі демокрафиялық өсіммен байланыстырады. Әсіресе оңтүстік өңірде жағдай мәз емес екен. Мәселен, Жамбыл облысының Ойтал ауданында балалар дәлізде білім алуға мәжбүр. Бұл аудандағы 300 орындық мектептерде мыңға жуық оқушы білім алып жатыр. Онда мұғалімдердің жеке кабинетіне дейін оқу сыныбына арналған. Осындай 33 кабинет оқу сыныбына ауысқан. Десе де оның 7-еуі талапқа сай емес екен. Тіпті 2 сыныптың есігі бір, яғни бір уақытта 2 сабақ өтеді, мектептің кітапханасы да дәлізде, ал еңбекке баулу кабинеті атымен жоқ. Сол өңірдегі 3 жыл бұрын жөндеуден өткен тағы бір білім ошағына 4 ауылдың оқушылары қатынайды екен.

Жүзден астам мектеп 3 ауысыммен білім береді

Жалпы елімізде 3 ауысыммен білім беретін мектептер саны 100-ден асады. Оның көбісі Астана қаласына тиесілі, ал қалғаны Алматы, Түркістан, Маңғыстау облыстарының үлесінде, сондай-ақ 3 ауысымды мектептер Алматы мен Шымкент қаласында әлі де бар.
Мәселені шешудің тиімді тетіктерін мемлекет ойластырған. Соңғы жылдары жем­­­қорлардан қайтқан қаражатқа мек­теп салу идеясы ұсынылды. Басқа да жо­­­­­балар қолға алынды. Бірақ оны то­лық­­­­­­қанды шешу әзір мүмкін болмай отыр.
Былтыр білім беру инфрақұрылымын қолдау қорынан 151,9 млрд теңге қаржы бөлінген. Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жо­­­басы аясында ел тайқазынынан, ұлт­тық қордан 21,3 трлн теңге қаралған. Был­­­тыр осы қаражаттан 499,9 млрд тең­ге бөлініпті. Ал биыл 976,3 млрд тең­­­ге қаралған. Келер жылға да қанша қа­­­ражат қаралғаны белгілі болды, яғ­­ни 909,4 млрд теңге алдағы жылдың ен­­­­шісінде. Бірақ мемлекет тарапынан са­ла қан­шалықты қолдауға ие болса да елі­мізде бұл өзекті мәселеге айналып отыр.

Былтыр 165 мектеп жұмысын бастаған

2023 жылы 137,8 мың оқушыға ар­налған 165 мектеп ашылған. Оның дені Атырау, Түркістан, Шымкентте. Бірақ бұл өңірлерде үш ауысымды мектептер мә­се­лесі әлі де шешімін таппай отыр.
Апта басында білім саласындағы осы өзекті мәселе Үкімет отырысында да қаралды. Онда Премьер-министр Олжас Бектенов «Жайлы мектеп» ұлт­тық жобасының уақытылы іске асы­ры­луын қамтамасыз етуді тапсырып, мер­­зімдердің бұзылуына жол беруге бол­майтынын қатаң ескертті.

Биыл 217 «Жайлы мектеп» жұмысын бастайды

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсем­баев­тың айтуынша, 2024-2025 жылдары 740 мың оқушыға арналған 369 жайлы мектепті, оның ішінде биыл 217 мектепті пайдалануға беру жоспарда бар. Құрылыс бірыңғай стандарт бойынша жүзеге асырылады. Бұл ретте 163 мектеп ауылдық елді мекендерде салынбақ. Ол елімізде салынатын жалпы «Жайлы мектептердің» 44 пайызын құрап отыр.
Осы ретте оқырманда «Жайлы мектептің» қарапайым білім ошақта­рынан қандай айырмашылығы бар?» деген сауал туындауы әбден мүмкін. Бұл оқу нысандары заманауи құрал­дармен жабдықталады. Бастауыш және жоғары сыныптар үшін оқу каби­нет­тері, санитариялық тораптары және спорт залдары бар жеке блоктар қарас­ты­рыл­ған.
Мектептерді заманауи техникалық құралдарды енгізу және күзетті күшейту есебінен жоғары деңгейдегі қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз ету жос­парлануда. Сондай-ақ оқушыларға ың­­ғайлы болу үшін оқу құралдары мен киімдерді сақтауға арналған жеке шкаф­тар да қарастырылған. Оған қо­са жай­лы мектептер ерекше білім алу қа­жет­ті­лік­тері бар балалар үшін ке­дер­гісіз орта болмақ.

«Жайлы мектептер» отандық өнімдермен жарақталады

Министр «Атамекен» ҰКП мен сала­лық қауымдастықтар өкілдерінің ұсы­ныс­­тарын ескере отырып, отандық өн­ді­рушілерді қолдау бойынша қосымша ша­ралар қабылданғанын айтады. Мә­се­лен, жиһаз өнімдерін тек «Самұрық-Қазына» және «Атамекен» тізіліміндегі қа­зақстандық компаниялардан сатып алу көзделген. Бұдан басқа отандық өн­дірістегі құрылыс материалдарын қол­дану бойынша талаптар енгізілді.
Премьер-министрдің айтуынша, Ме­м­­­ле­кет басшысының бастамасымен іс­­­ке асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлт­­­­­­тық жобасының ел үшін маңызы зор, оның арқасында үш ауысыммен оқы­­­татын және апатты мектептер про­бле­­­малары шешілуі тиіс. Жалпы са­лы­нып жатқан мектептердің саны әр өңір­­­дің қажеттілігін және оның демо­гра­фия­лық ахуалын ескере отырып анық­та­лады.
Осы ретте Олжас Бектенов олардың барлығы жаңа мектептерге аса мұқтаж өңірлерде салынуы тиіс деп есептейді. Оның үстіне жайлы мектептер атына заты сай, оқушыларға ыңғайлы әрі білім беру деңгейі жоғары болуы керек. Олар қауіпсіз және сапалы білім беру ортасына айналуы тиіс.
Үкімет басшысының айтуынша, аталған мектептер әу бастан цифрлық камералармен жабдықталып, поли­ция­ның Жедел басқару орта­лық­тарына жалғануы қажет. Оған қоса жаңа, инте­рактивті оқыту әдістерін қолдануға мүмкіндік беретін жылдамдығы жоғары интернет жүргізілуі керек. Ол «Жайлы мектептерді» оқу процесіне қажетті заманға сай жабдықтармен және жиһаз­дар­мен қамтамасыз ету қажеттігін де қатаң ескертті.
– Бұл мектептерді өскелең ұрпақты, әсіресе шағын қалалар мен ауылдарда оқушыларды баурап алатын бірегей орталықтарға айналдыру қажет. Онда спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелері жұмыс істеуі керек. Балаларға қосымша білім алу мақсатында фильм­дер көріп, интернеттен қажетті ақпарат іздеу, кітапханада дайындалу мүмкіндігі берілуі тиіс, – деді Олжас Бектенов.

Ұлттық жобаны жүзеге асыруда шикілік бар

Үкімет басшысының айтуынша, ұлт­­тық жобаны іске асыруда белгілі бір шикіліктер де бар. Атап айтқанда, Мем­ле­кет басшысы учаскелерді бөлу және жо­балық құжаттаманы әзір­леу қар­қынын сынға алды. Осыған бай­ланысты бар­лық проблеманы қысқа мерзімде жою тап­­сырылды.
– Құрылыс материалдарын, жабдық­тар мен жиһаздарды сатып алу ісіне барынша отандық өндірушілерді тарту қажет. Жалпы Мемлекет басшысының жаңа форматтағы мектептер салу тура­лы тапсырмасын орындау үшін бар кү­шімізді жұмылдыруымыз керек, – деді Премьер-министр.
Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» қорына 1 қыркүйекке дейін 98 мектепті, ал қалған 119 мектепті жыл соңына дейін пайдалануға беруді тапсырды. Осы ретте ол мерзімдердің бұзылуына еш­­­­қандай жол беруге болмайтынын ес­керт­ті. Яғни жұмыс сапасы ақсамауы тиіс.
Өңірлер әкімдеріне 15 наурызға дейін мектеп құрылысына арналған жер учаскелерін рәсімдеуге қатысты барлық про­блемаларды шешу тапсырылды. Сон­­дай-ақ биыл пайдалануға берілетін мектептерге баратын жолдар мен инже­нер­лік-коммуникациялық инфра­құры­лым­­­­­­ның құрылысын тамызға дейін аяқ­тау қажет.
Оған қоса Үкімет басшысы объектілер ашылғаннан кейін бірден нақты жос­парлы оқу процесін ұйымдастыру үшін салынып жатқан мектептерді алдын ала педагог кадрлармен қамтамасыз ету керектігін айтты. Үкімет Ұлттық жобаны іске асыру барысын маусым айында қайта қарайды. Егер жұмыс тәсілі өз­гер­месе, жауапты тұлғаларға қатаң шаралар қолданылады.

Облыста биыл 10 мектеп ел игілігіне беріледі

Аймақта «Жайлы мектеп» ұлттық жо­басы аясында 12 300 орынға арналған 21 мектеп салу жоспарланған. Биыл тап­сырылатын 10 мектептің мердігері анықталып, 9-ның құрылысы қарқын алды. 1 мектеп бойынша мемлекеттік са­тып алу конкурсының қорытындысы кеш шығуына байланысты жақын күндері басталмақ.
Инфрақұрылым жеткізуге жергілікті бюд­­жеттен 118,4 млн теңге бөлініп, жо­ба-сметалық құжаттары әзірленген. То­ғы­зына сараптама қорытындысы алын­­ған, ал 1-еуі аяқталуға жақын.
Инженерлік желілер жүргізуге об­лыс­­­тық бюджеттен 1,6 млрд теңге қа­рал­­ған. Қазіргі таңда мердігер меке­ме­­лер де белгілі болды. Жобаны үй­­­­­лес­­­­­тіруші «Самұрық-Қазына Констрак­шн» акционерлік қоғамы өкілдерімен бір­лескен жол картасына сәйкес жұмыс жүр­гі­зіліп жатыр.
Былтыр құрылысы басталған 10 мектеп биыл 1 қыркүйекте пайдалануға берілуі тиіс. Ал сыртқы инженерлік инфрақұрылым жүргізу алдағы маусым айының соңына дейін аяқталуы керек. Қызылорда қаласы және аудан әкімдері осы жылдың 1 тамызына дейін мектептер аумағын жол-көлік желілерімен, жарық­тандыру, абаттандыру, жаяу жүргіншілер жолдарымен және аялдамалармен қам­та­масыз етуі тиіс.
Айта кетейік, биыл 6900 орынға ар­налған 10 мектеп, 2025 жылы 5400 орындық 11 мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде. Өткен аптада «Самұрық-Қазына Констракшн» акционерлік қоға­мы басшыларының облысқа іс-сапары кезінде арнайы мәжіліс өткізіліп, ұлт­тық жобаны өңірде асырудың өзекті мәсе­лелері жан-жақты талқыланған.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: