Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

12°C

, Сейсенбі, 14 қазан, 02:29

Ұлағатты ұстаз

30.09.2025

101

0

Ләззат Қарақұлованың білім саласына келгеніне биыл 40 жылға жуықтаған. Ең алғаш Таң ауылындағы алтын ұяда 8 жыл ауыл балаларына білім беріп, 1996 жылдан бері З.Жарқынбаев атындағы №202 орта мектепте математика пәнінің мұғалімі болып еңбек етуде.

Кейіпкеріміз бала күнінен журналист болуды қатты арман­даған. Алайда үйдегі ата-анасы қыз баласына бұл маман­дықты қиын санап, оған басқа саланы таңдауға кеңес берген. Сондай-ақ мектеп қабырғасында жүріп барлық пәннен жоғары баға алып, түрлі білім бәйгелерінен жеңіске жетіп жүрген оған емтиханнан математика пәнінің мұғалімі 4 деген баға қойған. «Бұл баға менің біліміме лайық емес, мен 5 алуым керек еді» деп өзінің бұл пәннен мықты екенін дәлелдеу үшін ол ойланбастан Қарағанды мемлекеттік университетіне, математика пәнінің мұғалімі маман­дығына оқуға түскен.
– Мектеп қабырғасында жүргенде қазақ әдебиеті пәнін сүйіп оқыдым. Ақындардың өлеңдерін жатқа айтып жүріп, кейін газет бетіне мақала шығара бастадым. Алайда емтиханда математикадан алған бір 4 деген баға үшін осы пәннің мұғалімі болуға бел будым. Жоғары оқу орнына түскенде 3-ші курсқа дейін ойымның бәрі журналистика саласында жүрді. Кейде түсімде де журналист болып қызмет етіп жүргенімді көріп, ауысып кетсем бе екен деп ойлайтынмын. Алайда мектептегі мұғаліміме өзімнің мықтылығымды дәлелдеу үшін мұғалімдіктен бас тартпадым. Шүкір, қазір еш өкінбеймін. Бірнеше түлек түле­тіп, олардың тұлға болып қалыптасуына титтей де болса өз үлесімді қостым деп айта аламын. «Бүгін тілшілер келіп, сізден сұхбат алады» дегенде жүрегімді бір ерекше сезім билеп, осыдан 41 жыл бұрын «журналист боламын» деп алып-ұшып жүрген жас бойжеткен Ләззаттың бейнесі көз алдыма еріксіз оралды, – дейді кейіпкеріміз.
«Ұстаз бақыты шәкірт алғысымен келеді» демекші, Ләззат Төре­бекқызы – шәкірттердің алғысына бөленіп жүрген бақытты ұстаз. Ол бүгінде қанатының астынан талай түлектер ұшырған. Қазіргі таңда олар әртүрлі салада жемісті еңбек етуде. Мәселен, өзі еңбек етіп жатқан мектептің директоры Жазира Тұрымбетова мен облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов – кейіпкеріміздің шәкірті.
Әр оқушысының жеткен жетістігіне қуанып, есімдерін мақта­нышпен айтқан ұстаз мектеп қабырғасындағы шәкірттерінің ғы­лыми жұмыстар мен олимпиададан жүлделі орын иеленіп жүргенін айтады. Сондай-ақ кейіпкеріміз қатарынан 18 жыл оқушыларды ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындаған. Нәтижесі де жаман емес. Оқушылары 25 сұрақтың 23-іне дұрыс жауап беріп, ұстаз абыройын асқақтатқан. Қазіргі таңда 11-ші сынып оқушыларын күндіз-түні дайындап жатқан ол түлектерге үлкен үміт артуда.
Айта кетейік, кейіпкеріміз беріге дейін 3 сыныпқа жетекшілік еткен. Қазіргі 4-ші сыныбына жетекшілік жасауда. Айтуынша, бұл сыныпта ұлдар көп. Өзі отбасында 3 ұл тәрбиелеп отырғандықтан, басшылық тарапынан «сіз ер балаларды қалай тәртіпке келтіру керектігін білесіз ғой, осы сынып шамалы тентектеу, сіз жетекшілік етсеңізші» деген ұсыныс түскен. Осылайша 8-ші сыныбынан бастап жетекшілік жасаған оқушылары қазіргі таңда мектеп бітіретін жасқа келді.
Ұлағатты ұстаз сабақта оқушылардың қабілетіне, білім дең­гейіне, ынтасына қарай топқа бөліп, өз бетімен еңбектенуге, ізденуге, шығармашылыққа баулып, қорытынды шығаруға ма­шықтандыратынын айтады. Сондай-ақ оқушының сабаққа де­ген ынтасын арттырып, тапсырманы орындау барысында жі­берген қателіктерін уақытылы анықтап, күнделікті бірге жұмыс жасайтынын жеткізді.
– Қазір жастар арасында «пранк» деген дүние пайда болған ғой. Бірде әдеттегідей сабаққа келе жатсам, бір оқушым алдым­нан жүгіріп шығып, «апай, сыныпта балалар төбелесіп жатыр» деді. Қорыққанымнан қалай тез жүгіріп келгенім есімде жоқ. Сыныптың есігін ашып қалсам, екі бала бір-бірін төмпештеп, ұрып жатыр екен. «Әй, қойындар. Не болды сендерге?» деп жандарына жетіп барғаным сол еді, «апай, пранк қой, пранк» деп қолшапалақтап мәз болды. Сол кезде ғана түсіндім, пранк деген дүниенің не нәрсе екенін және екінші рет басқаларды да бұлай қорқытпауын айтып түсіндірдім. Иә, сыныбым бітіруші түлек болса да, сәл тентектеу. Оларды математика пәніне өзім дайындап жатырмын. 5-ші сыныптарынан бастап осы пәнінен сабақ беріп, 8-ші сыныпқа қадам басқаннан бері жетекшілік етіп келемін, – дейді ол.
Шәкірттерін шыңдап, үнемі ізденіс үстінде жүретін ұстаздың жетістігі де жетерлік. Ол бірнеше мәрте аудан әкімінің арнайы алғыс хаты мен «Құрмет» грамотасымен марапатталған. Сондай-ақ «Үздік математика», «Авторлық бағдарлама», «Жыл мұғалімі» сынды сайыстардан жүлделі орындар иеленіп келеді.
Иә, жас ұрпаққа білім, тәрбие беру оңай жұмыс емес. Әр баланың өзіндік ерекшелігі болады. Біз әңгімелеп отырған ұстаз – еңбекқорлығымен, мол ізденісімен шәкірт көңілінен жол таба білген жан. Ой-өрісі жаңашыл, шығармашылық деңгейде жұмыс істей алатын, дүниетанымы жоғары, жан-жақты қалыптасқан жеке тұлға тәрбиелеу жолында еңбекпен етене араласып, жар­қын болашаққа қарымды қадам жасап жүрген ұлағатты ұс­таздың есімі қашанда ардақты. Екеуара әңгіме барысында күн тоқ­тат­пай сәулесін шаша бергендей, ол да шәкірттеріне ақылын айтып, тәрбиелеуден жалықпайтынын жеткізді.
Бірер жылдан кейін зейнеткерлікке шығатынын айтқан ұстаз­дың әлі де жас ұрпаққа берер тәлім-тәрбиесі мен тың идеясы мол. Әйтсе де түсіне білгенге кейіпкеріміздің 40 жылға жуық еңбегінің өзі – жас ұрпаққа өнеге.

Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: