Жалағаш ауданында 2023 жылдың шілдесіне дейін 427 заңды тұлға, 2 676 дара кәсіпкерлік субъектісі, 2 сот орындаушы, 3 жеке нотариус, 1 адвокат және 409 шаруа және фермер қожалығы салық төлеуші ретінде тіркелген. Бұл көрсеткіш жалпы халық санының 11 пайызын құрайды. Алты айда мемлекеттік бюджетке 1 млрд 271 млн 149 мың теңге болжамдалып, 1 млрд 451 млн 777 мың теңге түсім түскен. Осылайша болжам 180 млн 628 мың теңгеге артық орындалып отыр. БАҚ өкілдерімен өткен брифингте аудан бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Руслан Байғазиев осылай деді.
– Мемлекет халқының өмір сүру тепе-теңдігін қалыптастыру мақсатында өз бюджеті бекітіліп, «ортақ қазаны» құрылады. Бұл қазанға түсетін қаражаттың мол үлесі «салық саласынан» молаяды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 35-ші бабында «Заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеу әркімнің борышы әрі міндеті болып табылады» деп көрсетілген. Мемлекет басшысының қолдауымен бүгінде ұлт болашағы үшін бірқатар істер жүзеге асырылуда. Оның ішінде елімізде бюджет саласы мен салықтық базаны ұлғайтуда айтарлықтай жұмыстар атқарылып келеді. Басқарма тарапынан атқарылған жұмыстар нәтижесінде 2023 жылдың алғашқы жартыжылдығымен бекітілген бюджет жоспары артығымен орындалып, нәтижелі көрсеткішпен аяқтадық, – деді басқарма басшысы.
Спикердің сөзінше, республикалық бюджетке 619 млн 497 мың теңге болжамдалып, 441 млн 317 мың теңге түсім түскен, яғни болжам 178 млн 180 мың тенгеге кем. Бір сөзбен айтқанда, 72 пайызға орындалған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда түсім 234 млн 156 мың теңгеге артық. Өсу қарқыны 213 пайызды құрайды.
Руслан Жақсылықұлы жергілікті, яғни аудандық бюджетке 651 млн 652 мың теңге болжамдалып, 1010460 мың теңге түсім түскенін айтады. Болжам 358 млн 808 мың теңгеге артық. Яғни 155,1 пайызға орындалған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда түсім 90 млн 228 мың теңгеге артық түсіп, өсу қарқыны 110 пайызды құрады.
Басқарма басшысы салық базасын ұлғайту, қосымша кіріс көздерін анықтау бағытындағы атқарылған жұмыстарды да назардан тыс қалдырмады. Сөзінше, салық базасын ұлғайту мақсатында 2023 жылдың І жартыжылдығында қосымша бюджетке төленетін кіріс көздерін іздестіру мақсатында, камералдық бақылау, салықтық есептіліктерге талдау, салық төлемгерлермен әңгімелесу, түсіндірме жұмыстарын жүргізу, уәкілетті органдар тапсырып отырған мәліметтерге салыстырмалы жұмыстар жүргізу нәтижесінде республикалық бюджетке жалпы қосымша 10 салық төлеушіге хабарлама беріліп, салық төлеушілер тарапынан қосымша салық есептілігі тапсырылған. Нәтижесінде бюджетке 197 млн 573,5 мың теңге түсім түскен.
Спикер мұнан бөлек жергілікті бюджетке қосымша 14477,9 мың теңге түскенін айтады. Атап айтқанда, жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша талдау жұмыстарын жүргізу нәтижесінде 2021-2022 жылдары 24 салық төлеушіге хабарлама беріліп, салық төлеушілер тарапынан қосымша салық есептілігі тапсырылған. Соның арқасында бюджетке 12402,4 мың теңге төленген.
– Заңды және дара кәсіпкерлердін мүлкіне салынатын салық бойынша 1431 мың теңге қосымша салық берешегі бюджетке түсірілді. Мұнан бөлек жарнама бойынша 644,5 мың тенге түсірілді. Жылдың бір жартыжылдығында камералдық бақылау нәтижесімен өңір бойынша бюджетке салықтар түсуінің қалыптастырылған хабарламалары бойынша жалпы құны 317827,6 мың теңгеге хабарламалар өңделіп, төлем тапсырмасымен өндірудің жалпы құны 190776,5 мың теңгені құрады, яғни 60 пайызға орындалып, бюджетке төленді, – деді Руслан Байғазиев.
Спикер аудан бойынша салық және бюжетке төленетін басқа да міндетті төлемдерден 21329,8 мың теңге салық бересі болғанын айтады. Ал салық берешегі 25218,8 мың теңгені құраған. 2023 жылдың шілде айына дейін салық бересі 3344,6 мың теңгеге жетсе, салық берешегі 4268,2 мың теңгені құрады. Бересі 17985,2 мың теңгеге немесе 84 пайызға азайған.
Ауданда жеке тұлғалар бойынша салық бересі – 6147,1 мың теңге, ал салық берешегі 8479 мың теңге болса, 2023 жылдың шілде айына дейін салық бересі 10327,7 мың теңгені, салық берешегі 13056 мың теңгені құрады. Яғни бересі 4577 мың теңгеге көбейген. Бұның ішінде жеке тұлғалардың көлік салығы бойынша жыл басына салық бересі – 5571,1 мың теңге, салық берешегі – 7713,3 мың теңге. 2023 жылдың шілде айына дейін салық бересі 9450,1 мың теңгені, салық берешегі 11803,7 мың теңгені құрады. Яғни бересі 4090,4 мың теңгеге 2022 жылға есептелген салықтар себебінен көбейген.
Брифинг соңында Руслан Байғазиев БАҚ өкілдерінің бірқатар сауалын да жауапсыз қалдырмады. Сондай-ақ ол жергілікті бюджетке түсімдер көлемінде өсім қалыптастыру мақсатында тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!