Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

24°C

, Сәрсенбі, 09 қазан, 12:27

Қаржылық тәртіпті нығайту – маңызды міндет

10.03.2023

628

0

Қаржы саласы мемлекет дамуында ерекше рөлге ие екені айтпаса да түсінікті. Себебі ол – экономиканың құрамдас бөлігі, ал экономика елдің дамуын айшықтайды. Қаржы секторындағы ахуал мемлекеттің дұрыс ұйымдастырылған саясаты мен мамандар біліктілігіне және қаржы саласының ашықтық жағдайына байланысты болады.

Апта басында Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясымен «Қаржылық бұзушылықтардың алдын-алу және қаржылық тәртіпті нығайту» тақырыбында семинар-кеңес ұйымдастырылды. Оған облыстық қаржылық бақылау органда­рының өкілдері және аудан әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов, аудан әкімі аппаратының, аудандық мәслихат аппаратының, аудандық бөлімдердің, ауылдық округтердің, кенттің, мәдениет үйлері мен клубтардың басшылары мен есепшілері, сонымен қатар аудан аумағында орналасқан бюджеттік ұйымдардың, яғни білім бөлімі, мектептер, балабақшалар, орталық аурухана, спорт мекеме­лері басшылары мен қаржы жөніндегі жауапты мамандары қатысты.

Жиында алдымен қаржылық бақылау органдарының өкілдері баяндама жасады. Есепшілер мен қызметкерлер тарапынан қойылған бірнеше сұрақтарға да тұшымды жауап берді.

Жалпы, семинар кеңесті ұйымдастырудың негізгі мақсаты мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қаржылық бұзушылықтардың алдын алу және қаржылық тәртіпті нығайту болып табылады. Себебі қаржы маман­дарының, есепшілердің және бірінші басшылардың немқұ­райлылығынан биыл аймақта, оның ішінде ауданда бірнеше олқылықтар орын алған.

Мәселен, Қызылорда облысы бойынша тексеру комис­сиясымен былтыр жүргізілген 22 аудиторлық іс-шара бойынша 228 аудит объектісі қамтылған. Нәтижесінде ҚР заңнамасы нормаларының, квази­мемлекеттік сектор субъектілері актілерінің сақталмауынан жалпы құны 30,9 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталған. Оның ішінде 29,5 млрд теңгені құрайтын мемлекеттік сатып алулар, сатып алынған негізгі құралдар мен қорларды тиісті шоттарға кірістемегеннен және шығындарды түрлеріне қарай шығыстардың тиісті шотына шығыстамағаннан, таза кірістің бip бөлігін тиісті бюджет кірісіне есептемеу фактілері орын алған. Ал тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты 0,4 млрд теңгені, тиімсіз жоспарлау 1 млрд теңгені көрсеткен. Анықталған 29,5 млрд теңге қаржылық бұзушылық мемлекеттік аудит жүргізу бары­сында дереу қалпына келтірілген. Сондай-ақ мемлекеттік аудит нәтижелерімен сот, уәкілетті органдар және тексеру комиссиясымен қарау үшін 600 аудит материалы жол­данып, 152 аудит материалы бойынша 33,2 млн теңге әкімшілік айыппұл салынған. 448 тұлға «ескерту» түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Сонымен қатар қылмыстық қудалау органдарымен 2 қылмыстық іс қозғалса, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің жанындағы тәртіптік кеңесте 3 тәртіптік іс қаралып, 3 тұлға, 1-еуі лауазымынан босату, 1-еуі қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту және 1-еуі ескерту түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Жол берілген бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою бойынша 136 нұсқама қабылданып, тиісті мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарға 268 тапсырма мен ұсыным берілген.

Семинар кеңес қорытындысымен мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор басшыларына есепші маман­дарды арнайы курстардан оқытып, біліктілігін арттырып отыру қажет екені айтылды.

Жандос МАХМҰТҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: