Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Дүйсенбі, 25 қараша, 10:53

Қызылордада соңғы 8 жылда мұнай өндіру 60 пайызға қысқарды

02.09.2022

671

0

Қызылорда облысында өндірістің 70 пайызын мұнай-газ саласы құрайды. Осы салада 14 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып отыр. Дегенмен, қазіргі таңда кен орындарының сарқылуы байқалуда. Соңғы 8 жылда мұнай өндіру 60 пайызға қысқарды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Мұса Қалдарбеков мәлімдеді.

«Сондықтан перспективалы учаскелерді белсенді зерттеуге инвесторларды тарту бірінші кезектегі міндет деп санаймыз. Осыған байланысты, республикалық бюджет есебінен Шу-Сарысу және Арал шөгінді бассейндерін геологиялық зерттеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сырдария бассейні бойынша 2021 жылы жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленген. Геологиялық зерттеу жұмыстары келесі жылы басталуы жоспарлануда», – деді Мұса Оспанұлы.

Өз кезегінде, бұл зерттелген учаскелер жеке инвесторлар үшін мұнай-газ әлеуетін нақты бағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мұнай өндіру көлемін арттыру мақсатында «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ тереңдігі 5,5 мың метр ұңғыманы бұрғылау жұмыстары осы жылы басталды.

Облыста бекітілген газ қорлары 46,9 млрд. м3 (оның ішінде: ілеспе газ – 14,3 млрд., еркін газ – 13,2 млрд., газ қалпақтары – 19,2 млрд.) және тағы шамамен 140 млрд. м3 болжамды қорларын құрайды.

Қазіргі таңда, Энергетика министрлігінің «мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекциясының Оңтүстік өңіраралық басқармасы» облыс аймағында мұнай операцияларын жүргізу, уран өндіру, газ және газбен жабдықтау, мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіру және магистралдық құбырларды пайдалану салаларында мемлекеттік бақылау функцияларын атқарып келеді.

Осы мекеменің басшы міндетін атқарушы Қуаныш Рахманбаевтың айтуынша, өткен жылы басқармамен мұнай операцияларын жүргізу саласында 6 профилактикалық бақылау жүргізілген. Нәтижесінде 33 заң бұзушылық анықталған. Ілеспе газдарды рұқсатсыз немесе рұқсат талаптарын бұза отырып жағу салдарынан 31 120 480 теңге көлемінде мемлекетке келтірілген залал өндірілді. Сонымен қатар, бүгінде Қызылорда аймағында (Қызылорда, Ұлытау, Түркістан) көмірсутектерді барлау және өндіруге барлығы 53 келісім-шарт жасалды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: