Жылқыны бағу мен оның өнімдерін ел игілігіне жарату, оны баптап, басын көбейту нанталап тірлік емес, кәдуілгі өнер деуге келеді. Қазақ деген текті ұлттың қанына сіңген қасиет, өзгеден ерек болмысын аша түсетін ерекшелік. Әсіресе қазақтың маңдайына біткен ұланғайыр даланы үйір-үйір жылқысыз елестету мүмкін емес. Төрт түліктің ішіндегі ең қасиеттісі, қадірлісі, тазасы да осы қамбар ата төлі. Халқымыздың жақсы адамды «жылқы мінезді» деуі де тегін емес.
Аққұмдағы Қылыш Битанов болашақ Секретариатты баптап жүрген кісі. Бәйгеге бірнеше рет қатысып, бәрінде үздік үштікті еншілеп келген. Сұлудай таранып, сымдай керілген Секретариат біз барғанда астауынан су ішіп тұр екен. Талай аламан бәйгеде үздік үштіктен көрініп те жүр. Қылыш ағамыз жылқы баптауды кәсіп етіп отырған жоқ. «Әкем де, әкемнің әкесі де жылқы баптаған» деген азамат бұл қасиет маған да берілді дейді.
– Жалпы, қазақ пен жылқыны екі бөлек елестету мүмкін емес қой. Жылқы – ер қанаты дейді. Мен бала кезімнен жылқы баптап өстім. Өзім жылқыны жақсы көремін. Таза, қасиетті жануар ғой. Үйір-үйір қылып көбейтуге болар еді, бірақ мен санынан гөрі сапасына мән бергенді жөн көрдім. 4-5 жылқым бар, оның екеуі осы бәйгеге қатысып жүргендер. Бұлардың бабы да ерекше. Жем-шөбінен бөлек, көкөніс, тіпті табиғи таза бал да беріп тұрамын. Бұл бәйгеге шабатын жылқының бабын келістіреді, – дейді.
Ат баптаған азаматпен әңгімелескенімізде төрт түліктің төресін, қамбар ата түлігін күтіп-баптаудың өзі өнер екеніне тағы бір көз жеткіздік. Рас, атам заманда қолға үйретіліп, көшпелі халықтың қажетіне жараған жылқы малының қадір-қасиеті ерекше. Жылқы тектес халықтың өзі аттан, қазаны оттан түспеген. Көшпелі замандағы халықтың сенімді серігі, көлігі, әрі қорегі де осы. Аққұмдағы ат баптаған азамат айтпақшы, төрт түліктің ішіндегі ең тазасы, ең тектісі, адам денсаулығына ең пайдалысы да осы жылқы. «Бұл ісім, ат баптауым – қызығушылық. Бәйгеге қатысу үнемі мүмкіндік бере бермейді бірақ. Өйткені бізге демеуші жоқ, бәйгеге баратын болсақ шығын қалтамызға түседі. Бір жылқының басына кейде 500 мың кетіп қалады. Ал бұл шығын ауыл адамдары үшін оңай емес» дейді Қылыш Битанов бір сөзінде.
Расымен ауыл азаматының сөзінше, ешбір бәйгеге кететін шығынға демеушілер табылмайды екен. Алайда бәйгеден қалғысы жоқ. Баптап отырған аттары да бәйгеге сұранып тұрғандай.
Жылқының атын неге «Секретариат, оның мән-мағынасы не?» деп отырған боларсыз. Секретариат – аса беделді «Үштік тәжді» 25 жыл бойы ешкімге бермеген америкалық жылқы. Бабы келіскен бәйге атының рекордтық жеңістері әлемдік спорт үшін үлкен жаңалық болғаны рас. Бұл жылқының туғанынан бастап жеңіс тұғырына қалай көтерілгені туралы, оны баптаған бапкерінің табандылығы туралы фильм де түсірілген. Шынайы оқиғаға негізделген фильм болғандықтан, әлем жұртына тез танылып, кино саласында айтарлықтай орын алған. Ал Қылыш ағамыз бәйге атының атын «ырымдап» Секретариат деп атапты.
Ал біз көрген Секретарит осы бәйге атының рекордтық жеңістерін қайталамаса да, барған бәйгелерінің бәрінде орын алып келген. Қылыш ағамыздың Секретариатымен бірге баптап отырған Гимн деген де жылқысы бар екен. Гимннің де бабы мен бағы келіскен, күтімі жақсы екені көзге айқын көрініп-ақ тұр. Бәйге аттарының бірі үш-төрт рет атмайданда бағын сынаса, екіншісі сегіз рет аламанда өзін дәлелдеген. Екеуі де барлық бәйгеден үздік үштіктен көрініп, еңбекті ақтаған екен. «Жылқыға деген қызығушылығы сонша бар тапқан-таянғанын жылқысына береді» дейді жеңгеміз әзілдеп.
Рас қой, қазақты тануда жылқының алатын орны бөлек. «Астындағы жалғыз атын беретін» деп қазақтың кеңпейілділігін айтуда да үлкен мән жатыр. Қазақта Қылыш ағамыз секілді жылқы баптап әке жолын жалғаған азаматтардың бары қуантады.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!