1997 жылға дейін Айнакөл аталып келген, бүгінде Мөрәлі Шәменов ауылдық округі деген тарихи атауға ие елді мекеннің іргесі 1929 жылы қаланған. Бұл ауылдың қалыптасу жолы – ел еңбегімен, жер тынысымен біте қайнасқан тағдырлы тарих. Алғашқы қазығы «Белсенді», «Иіркөл», «Жігер», «Елтай» артелінің негізінде қағылып, 1950 жылы олар бір арнаға тоғысып, ұжымшар болып қайта құрылды. Берекелі Сыр бойының құнарын кәдеге жаратқан ауыл халқы күріш егіп, ірі қара мен қой өсіруді негізгі кәсіпке айналдырды. Еңбек пен төзімнің, бірлік пен табандылықтың жемісі ретінде 1967 жылы бұл шаруашылық облыс көлемінде алғашқылардың бірі болып «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталып, Қазақ КСР-ның «Алтын кітабына» есімі алтын әріппен жазылды. Бұл – ауыл адамдарының маңдай терімен келген мәртебе еді. Кейін ауылға елге еңбегі сіңген Мөрәлі Шәменовтің есімі берілді.Өткеннің өнегесін бойына сіңірген, бүгіннің тынысын сақтаған бұл өлке қазір де өз болмысын жоғалтқан жоқ. Кеше ел еңбегімен танылған ауылдың бүгінгі тіршілігі қандай, уақыт көшінде қалай түлеп келеді? Осы сауалдардың жауабын іздеп, ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілін бағамдау үшін жолға шықтық.
Ауылға кіреберістен ұлттық нақышы жоғалмаған, қаймағы бұзылмаған елді мекеннің тұтас келбеті көзге шалынады. Қаңтардың бет шымшыр аязында мұз қатып, «Айтектің» жағасын бойлай жайылып жүрген төрт түлік ауыл тіршілігінің өзгермес ырғағын аңғартады. Қыс қыспағына қарамастан, мал соңында жүрген жұрттың сабырлы қадамы, ақ қарды жамылған кең даладағы тіршілік тынысы қазақы болмыстың беріктігін байқатады. Бүгінде округ бойынша мұнда 1003 тұрғын, 202 отбасы тұрады. Қатар түзілген үйлер, ауласы жинақы қоңыр тірлік, бәрі де ауылға тән байыпты өмір салтын айқындап тұр.
Ауыл ішіндегі жол желісінің жалпы ұзындығы 7,5 шақырымды құрайды, елді мекен аумағында 12 ішкі көше бар. 2025 жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде ауыл көркін жаңғыртуға бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, Жамбыл және Б.Ердүзелова көшелерінде жалпы құны 69 миллион 34 мың теңге көлеміндегі жобамен күрделі жөндеу жүргізіліп, жұмыстар толық аяқталды. Көшесі түзелген ауылдың қадамы да нық. Тозығы жеткен жолдардың орнына тегіс асфальт төселіп, жергілікті тұрғындардың жол қатынасы айтарлықтай жеңілдеген. Инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы нақты қадамдар қатарында атқарылған жұмыс мардымды. «Мега Агро» ЖШС қаражаты есебінен 2 млн теңгеге ауылдағы электор бағаналарын ауыстыруға арналған жоба-сметалық құжаттар рәсімделіп, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөліміне ұсынылды.
Өткен жылы ауылдың ажарын ашып, тіршілік кеңістігін реттеуге бағытталған көркейту, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына 1 млн 634 мың теңге бөлінді. Бұл қаржы ауыл келбетін айшықтауға, ортақ кеңістікті ұқыпты ұстауға жұмсалып, тұрғындар игілігіне қызмет етті. Сонымен қатар санитарлық тазалық жұмыстарына 807 мың теңге қаржы қаралып, көшелер мен қоғамдық орындардың тазалығы тұрақты қамтамасыз етілді.
Нәсібін еңбектен тапқан ауыл
Көшелермен бойлай көз салсаң, әр аулада қамыспен салынған қоралардың төбесіне қаз-қатар жиналған жоңышқа көзге түседі. Мұндағы жұрт табиғаттың мінезін жақсы біледі. Сондықтан қыс қамын ерте ойлап, тіршіліктің тетігін уақытында түгендепті. Бүгінде мұндағы экономикалық белсенді халық саны 470 адамды құрайды. Бірі тұрақты жұмыспен күн көрсе, бірі өз кәсібін дөңгелентіп, еңбегін табысқа айналдырып отыр. 303 адам ресми түрде жұмысен қамтылған, ал 167 тұрғын өзін-өзі жұмыспен қамтып, нарық талабына бейімделген.
Былтыр ауыл экономикасына серпін берген нақты қадамның бірі ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау тетіктерінің тиімді іске асуы болды. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы мал шаруашылығын дамытуға бағытталған бір жоба мақұлданып, оған 18 миллион 380 мың теңге көлемінде несие берілді. Ауылдағы еңбек бір арнада тоқтап тұрған жоқ, қайта жаңа бағыттармен толығып келеді. Мемлекеттік қолдаудың нақты тетіктері іске қосылған сайын, жергілікті тұрғындардың да өз ісіне деген сенімі нығая түскен. Соның бір дәлелі – «Еңбек, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы шеңберінде берілген грант. Жаңа бизнес-идеяларды дамытуға арналған мемлекетік қолдауды ұтымды пайдаланған үш ауыл тұрғыны құс шаруашылығын өрістетіп, жылқы мен сиыр өсіруді қолға алды. Алдағы кезеңде «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жоспарланып отқан жұмыстар осы игі бастамалардың заңды жалғасына айналмақ. Кәсіп көкжиегін кеңейтіп, ауыл экономикасын әртараптандыруды көздеген бұл қадам тұрғындардың туған жерге тұрақтап, еңбек етуіне жол ашары сөзсіз.
Елді мекен іргесіне жапсарлас жатқан дария жағасы – төрт түлікке таптырмас табиғи жайылым. Жағалай жүрсеңіз, кең өрісте еркін жайылған малдың қимылы көзге жылы ұшырайды. Қой-ешкіден бастап дария бойын бойлай жосылып жүр. Бүгінде ауылдық округтегі жеке отбасылардың қорасында 1079 бас мүйізді ірі қара, 1359 бас жылқы, 850 бас уақ мал, сондай-ақ 5 бас түйе тіркелген.
Жергілікті жұрттың басым бөлігі атакәсіпті берік ұстанып, егін егу мен мал өсіруді, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді негізгі тірек еткен. Сыр бойының дархан даласында төгілген маңдай тер еш кеткен емес. Былтыр да ауылдың қамбасы кең болды. Егіс алқаптары да мол ауқымды қамтыды. Ауылда 850 гектарға күріш, 86 гектарға жаздық бидай, 311 гектарға ескі жоңышқа, 122 гектарға жаңа жоңышқа егіліп, толық жиналды. Жердің құнарын танытқан, диқандардың ыждаһатын айқындаған көрсеткіш көңіл жадыратады. Шаруашылықтар бойынша да нәтиже оң. «Мега Агро» ЖШС 110 гектардан 7150 центнер күріш жинаса, «Ауылым ФҚ» 550 гектар алқаптан 36025 центнер өнім алды. «Мөрәлі Шәменов» ЖШС 41 гектардан 2460 центнер, «Белсенді» ШҚ 124 гектардан 6572 центнер, ал «Талант» ШҚ 5 гектар жерден 240 центнер күріш алды.
Әлеуметтік саланың
әлеуеті жоғары
Даламның жұпар иісі – аңсағаным,
Құлпырамын, жұтқан сайын бал самалын.
Дүниенің төрт бұрышын кезсем-дағы,
Өзіңді сағынудан шаршамадым.
Иә, бұл киелі топырақ талай дүлдүлді дүниеге алып келді. Сөз өнерін серік етіп, көмейінен жыр төгілген, үнімен де, ойымен де елге танылған Елена Әбдіқалықова да – осы ауылдың тумасы.
Бүгінде өңірдің мәдени өмірі мазмұнды да мағыналы жетістіктермен ерекшеленеді. Таяу жылдары 147 миллион теңге қаржыға күрделі жөндеуден өткен мәдениет үйі қазір ауыл руханиятының ордасына айналып, өнер мен өнегенің шамын өшірмей тұр. Осында көптен бері көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүрген «Асыл ана» әжелер ансамблі жемісті жұмыс жасап келеді.
Биылдың өзінде ауылдың мәдениет үйінде 98 мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылған. Қазіргі таңда мұнда 5 үйірме жұмыс істеп, оған 70 қатысушы тұрақты тартылған. Жас өнерпаздардардың да жетістігі көңіл қуантады. Мәденет үйі жанындағы «Балауса» би тобы «Бозторғай» байқауында 3-орынға ие болды. Ал ән үйірмесінің өнерпаздары Серік Айсұлтан республикалық JasStar байқауында 1-орын жеңіп алып, ауыл абыройын асқақтатты. Ұлттық құндылықты ұлықтаған қолөнер саласында да олжа мол. Ұмыт бола бастаған дәстүрлі өнерді жаңғыртып жүрген қолөнер шебері Сая Саттарқызы облыстық қолөнер байқауында 2-орын иеленді.
Ауылдың ең бір мейірімге толы мекені – бөбекжай. №18 «Бөбек» бөбекжай-балабақшасы тұрақты жұмыс жасап келеді. Бір-бірімен жапсарласа жалғасқан бұл ғимараттың іргесі 1984 жылы қаланған. Қабырғасы жылдар салмағын көтергенімен, ішіндегі өмір ескірмейді. Жалпы аумағы 936 шаршы метрді алып жатқан нысанда қазір 4 топта 80 бүлдіршін тәрбиеленуде. Ауласында бүлдіршіндерге арналған ойын кеңістігі де бар. Ең бастысы, ауыл тұрғындарының күнделікті қажетіне жарап, өз міндетін абыроймен атқарып келеді.
Ауылдың білімге бастар даңғыл жолы – Ә.Бердәулетов атындағы №34 орта мектеп. Бұл қара шаңырақта әр оқу жылы үмітпен басталып, еңбекпен түйінделеді. Биылғы оқу жылын мектеп 219 оқушымен қарсы алып, оның ішінде 14 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттаса, 11 түлек алтын ұямен қоштасқалы тұр. Өткен оқу жылы мектеп тарихындағы табысты кезеңнің бірі болды. 11-сыныпты 16 оқушы аяқтап, олардың 12-сі ҰБТ-ға қатысты. Жетістіктің жалауы да желбіреді. 1 оқушы «Алтын белгіге», 2 оқушы «Үздік аттестатқа» ие болды. 8-і мемлекеттік грантқа, ал қалған 4 оқушы жоғары оқу орындарының ішкі гранттарына ие болған.
Спорт саласын дамыту – ауыл болашағының өзегіне айналған маңызды бағыт. Осы жолда ауылдық округте ұлттық рухты ту еткен, жас ұрпақтың жігерін жанитын қазақ күресінен спорт мектебі жұмыс жасап тұр. Ауылдық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде бүгінде екі жаттықтырушы тынымсыз еңбек етіп, 50 балаға тәлім беруде. Қазақ күресі – тек білектің күші емес, жүректің қайраты. Бозкілем үстінде өскен бала бойына жауапкершілік пен намысты қатар сіңіреді. Осыны сезінген ауыл жастары спорт арқылы шыңдалып, ертең елге қорған болар азамат болып қалыптасып келеді.
Ауыл тіршілігінің тынысы тек еңбекпен, біліммен емес, адам саулығын күзеткен ақхалатты абзал жандармен де өлшенеді. Осы тұрғыда елді мекенде халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп отқан Мөрәлі Шәменов ауылдық емханасы бар. Мұнда бүгінде 1 жоғары білімді жалпы тәжірибелі дәрігер, 9 орта білімді медбике және 1 жедел жәрдем көлігі ауыл тұрғындарының денсаулығын қорғау жолында тынымсыз еңбек етуде. Өткен жылдың желтоқсан айында тіркелген науқастар саны 375-ке жеткен. Бұл кезеңде тұрғындар негізінен өздерінің созылмалы ауруларына байланысты тексерілуге жүгінген. Сонымен қатар тұмау мен салқын тиюдің өршуіне орай келген науқастар да аз емес.
Былтыр емхана есебінде 17 әйел босанған, ал бір жасқа дейінгі балалар саны 23-ті құрап отыр. Бұдан бөлек күндізгі стационар арқылы ем алуға келетіндер де бар. Айта кетерлігі, бұл емхананың тарихы тереңде жатыр. Алғашқы медициналық пункт 1953 жылы ашылған. Қазір сол ғимарат тозып, бұзылғанымен, оның орнына қалыптасқан медициналық қызмет дәстүрі үзілген жоқ. Қарапайым ауыл емханасының қабырғасында адам тағдырымен бетпе-бет келетін сәттер көп. Дертке дауа, жанға шипа болған жаңа ғимарат ауыл адамдары үшін ең сенімді орынға айналып үлгерген.
Жалағаш кентінен 25 шақырым қашықта, Сырдарияның оң жағалауында қоныс тепкен бұл мекен – тарихы терең, тірлігі тиянақты ауыл. Бұл – бір ғана елді мекеннің тарихы емес, қазақ ауылының бүгінгі болмысы. Осылайша Мөрәлі Шәменов ауылы – өткенін ұмытпай, бүгінін баянды етіп, ертеңіне сеніммен қарап отқан берекелі һәм киелі мекен. Қарапайым тірліктің өзінен үлкен мағына тапқан, бірлік пен еңбекке сүйенген ауыл жұрты болашаққа сеніммен қарайды. Сондықтан бұл ауылдың бүгінгі тынысы – ел ертеңінің берік негізі.
Гүлжан ЕСЖАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!