Жаз айларында адам баласының өміріне қауіп төндіретін жәндіктердің көбейетіні белгілі. Адамдар күннің жылығанына қуанып, әсіресе жаз мезгілін көбіне табиғат аясында, демалыс орындарында өткізуге тырысады. Ал қыс бойы ашыққан кене жануарларға ғана емес, адамдарға да зор қауіп төндіре бастайды. Кененің шағуынан сақтану арқылы аса қауіпті аурудың алдын алатынымызды түсінуіміз керек. Бұл туралы жуырда өткен брифингте аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқарма басшысы Оразғали Аханов жан-жақты түсіндірген болатын.
Жалпы кененің негізгі қорегі – қан. Теріге орнығып алған кенені арнайы әрекет жасамай бірден түсіре қою оңай емес. Оның өзі теріден ажырап шығып кету үшін қарын толыққанды тоюы керек. Сондықтан кене энцефалитінен сақтау үшін кенелерден қорғану жолдарын есте сақтауымыз қажет. Ең алдымен адам далаға, табиғат аясына немесе егін егуге шыққанда сақтық шараларын ұстануы қажет. Брифингте кенеден сақтанудың жолдарын айтқан ауданның бас санитары ең бастысы киімнің дұрыс болуы керек екенін айтады. Мәселен, киген киімі ашық түсті, ұзын жеңді, жағасы мен етегі денеге тиіп тұруы қажет. Шалбары міндетті түрде етік ішіне салынған, басына міндетті түрде бас киім немесе орамал тағып, ұзын шаштарын бас киім ішіне жасырғаны жөн. Бұдан бөлек кенелер мен шіркейлерге қарсы аэрозольдар мен жақпа майлар пайдаланудың, кенелер ашық ағаштар мен қалың шөптер арасында жасырынатындықтан, ол жерлерден аулақ болуға тырысудың, ормандық жерлерде, жол торабындағы ағаштар мен шөптерді жұлудан сақтанғанның да артығы жоқ. Серуеннен қайтып келген соң, денеңізді мұқият қарап шығыңыз. Денені қарау кезінде киімдеріңізді қарап шығуды ұмытпаңыз. Кене адам терісіне отырған соң жарты сағаттай шағатын орын іздейді, сондықтан мұқият болсаңыз, кене шағудың алдын алуға болады. Шөп жинау кезінде кенелердің шөп арасында қыстайтынын есте сақтаңыз. Ешкі және сиыр сүтін міндетті түрде қайнату керек, себебі сүт қоздырғышпен залалдануы да мүмкін екен.
– Негізі конго-қырым қанды безгегі аса қауіпті жұқпалы аурулар қатарына жатады. Ауру көктем, жаз, күз айларында кездеседі. Конго-Қырым қанды қызбасы ауруының тасымалдаушысы – қарапайым кене. Кене шағу қауіптілігі кейбір кенелердің ағзасында осы ауруды тарататын вирустардың сақталуында жатыр. Кенелер адамға мал жайғау, малды сауу, сыртта бақша егу, отын-шөп дайындау, табиғатта дем алу, тағы сол сияқты жағдайларда жабысады. Өйткені қарап отырсақ, кенелердің шығу мерзімі де осы күз, жаз айларында. Дәл осы мезгілдерде адамдар кененің шағуынан зардап шегіп жатады. Табиғат аясына, саяжайға демалған сәттерде, яғни дененің киімнен ашық жерлерін мейлінше азайту керек. Бұл шара кененің денеге кіруінен қорғайды. Жұмыстан кейін жабысқан кенелерді анықтау үшін күнделікті үстіңізді мұқият тексеріп шығыңыз. Кене малдың үстінде болатынын ескере отырып, малды күту барысында сақтық ережелерді бұлжытпай орындау керек. Малдағы кенені жалаңаш қолмен жұлуға болмайды. Егер адамды кене шағып алған болса, онда шұғыл түрде тұрғылықты жер бойынша емдеу мекемесіне медициналық көмекке жүгінуі керек. Сосын дәрігерлер ол кісіні үш аптаға дейін медициналық бақылауға алады. Аурудың бірінші белгілері дене қызуы көтерілуі пайда болған жағдайда өлім-жітімді болдырмау үшін емдеуді мүмкіндігінше тез бастау керек. Міне, осы айтылған қарапайым ережелерді күнделікті сақтаған жағдайда ғана адам аурудан таза болады, – деген бас санитар денеге жабысқан кенені алудың жолдарын да айтып өтті.
Мысалы, адам денесіне жабысып, қан сорып жатқан кенені тұмсық астынан жіңішке жіппен байлап, асықпай, жұлқымай, кене мұртшаларын толық шығарғанша ақырын тарту керек. Егер кененің басы толық шықпай теріде қара дақ түрінде қалып қойса, өздігінен шығуын бақылау немесе емхана хирург дәрігеріне қаралу керек. Кенені жұлған соң қолды мұқият жуып, йод немесе спиртпен сүрту керек. Өйткені кейбір жағдайларда кенелер қан сору кезінде теріге патогенді вирустар жұқтырылған зәрін қалдыруы мүмкін екен.
Табылған кенені жағып немесе қайнаған суға салып құртқан жөн. Теріден алынған кенелерді қоздырғыштың бар жоғын анықтау үшін зертханаларға жеткізу қажет. Брифингте аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқарма басшысы Оразғали Аханов кене жабысқанда есте сақтайтын қағидалардан да хабардар еткен болатын. Бас санитардың сөзінше, ешқашан терідегі кенені сығуға болмайды, өйткені кене ішінде вирустар мен патогенді организмдер бар. Тіпті қолдың ашық жаралары немесе сәл тыртықтар арқылы ауруды жұқтыруға болады екен. Кенені жұлу да қауіпті, өйткені жұлу кезінде де кене басы теріде қалып кетеді де, улы сөлі адам ағзасына тарала береді.
Жалпы қарапайым кенеден жұғатын Конго-қырым геморрагиялық қызбасының адам өмірін қиюы да мүмкін. Басқарма басшысының айтуынша, бұл аурудың негізгі белгісі науқастың басы қатты ауырып, дел-сал күйге түсіп, тамаққа тәбеті болмайды және дене қызуы көтеріледі. Терісіне бөртпелер шығып, иньекция салған, шымшыған жерлерде терісі көгеріп, ауру белгілері пайда болады. Ағзаның қанды ұйыту қабілеті бірте-бірте жоғалып, адам қансырау салдарынан қаза болуы мүмкін. Бұл дерттің қауіптілігі сол, осы аурумен сырқаттанған адамның қаны сау адамның денесіне тисе, осы дерттің жұғуына себепші болады екен.
Қарап отырғанымыздай, қарапайым ғана кененің өзі адам өміріне өте үлкен қауіп әкеледі. Бас санитар қатаң түрде айтқан жоғарыдағы сақтық шараларын сақтанып жүру, барлығымыз үшін денсаулығымызға келетін зиянның алдын алуда көп көмегін тигізеді. Кеше ғана кененің шағуынан ауруханаға түскен жерлесіміз аурудың асқынуынан өмірімен қоштасқан болатын. Арты қайғылы жағдаймен аяқталған оқиға басқалар үшін сақтық шараларын бұдан да қатаң сақтауына себепкер болуы керек.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!