Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

26°C

, Бейсенбі, 25 сәуiр, 13:45

Кене де қауіпті

28.06.2022

403

0

Жаз айларында адам баласының өміріне қауіп төндіретін жәндіктердің көбейетіні белгілі. Адамдар күннің жылығанына қуанып, әсіресе жаз мезгілін көбіне табиғат аясында, демалыс орындарында өткізуге тырысады. Ал қыс бойы ашыққан кене жануарларға ғана емес, адамдарға да зор қауіп төндіре бастайды. Кененің шағуынан сақтану арқылы аса қауіпті аурудың алдын алатынымызды түсінуіміз керек. Бұл туралы жуырда өткен брифингте аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқарма басшысы Оразғали Аханов жан-жақты түсіндірген болатын.

Жалпы кененің негізгі қорегі – қан. Теріге орнығып алған кенені арнайы әрекет жасамай бірден түсіре қою оңай емес. Оның өзі теріден ажырап шығып кету үшін қарын толыққанды тоюы ке­рек. Сондықтан кене энцефалитінен сақтау үшін кенелерден қорғану жол­дарын есте сақтауымыз қажет. Ең ал­дымен адам далаға, табиғат аясына не­­месе егін егуге шыққанда сақтық ша­раларын ұстануы қажет. Брифингте кенеден сақтанудың жолдарын айтқан ауданның бас санитары ең бастысы киімнің дұрыс болуы керек екенін айтады. Мәселен, киген киімі ашық түсті, ұзын жеңді, жа­ғасы мен етегі денеге тиіп тұруы қа­жет. Шалбары міндетті түрде етік іші­не салынған, басына міндетті түрде бас киім немесе орамал тағып, ұзын шаш­тарын бас киім ішіне жасырғаны жөн. Бұдан бөлек кенелер мен шір­кей­лерге қарсы аэрозольдар мен жақпа майлар пайдаланудың, кенелер ашық ағаштар мен қалың шөптер арасында жасырынатындықтан, ол жерлерден ау­­­лақ болуға тырысудың, ормандық жер­­лерде, жол торабындағы ағаштар мен шөптерді жұлудан сақтанғанның да артығы жоқ. Серуеннен қайтып келген соң, денеңізді мұқият қарап шы­ғыңыз. Денені қарау кезінде киім­де­­ріңізді қарап шығуды ұмытпаңыз. Кене адам терісіне отырған соң жарты са­­ғаттай шағатын орын іздейді, сон­дықтан мұқият болсаңыз, кене шағудың алдын алуға болады. Шөп жинау кезінде кенелердің шөп арасында қыстайтынын есте сақтаңыз. Ешкі және сиыр сүтін мін­детті түрде қайнату керек, себебі сүт қоз­дырғышпен залалдануы да мүмкін екен.
– Негізі конго-қырым қанды безгегі аса қауіпті жұқпалы аурулар қатарына жатады. Ауру көктем, жаз, күз айларында кездеседі. Конго-Қырым қанды қызбасы ауруының тасы­мал­дау­шысы – қарапайым кене. Кене шағу қауіптілігі кейбір кенелердің ағзасында осы ауруды тарататын ви­рустардың сақталуында жатыр. Кенелер адамға мал жайғау, малды сауу, сыртта бақша егу, отын-шөп дайындау, табиғатта дем алу, тағы сол сияқты жағдайларда жабысады. Өйткені қарап отырсақ, кенелердің шығу мерзімі де осы күз, жаз айларында. Дәл осы мезгілдерде адамдар кененің шағуынан зардап шегіп жатады. Табиғат аясына, саяжайға де­малған сәттерде, яғни дененің киімнен ашық жерлерін мейлінше азайту ке­рек. Бұл шара кененің денеге кіруінен қорғайды. Жұмыстан кейін жабысқан кенелерді анықтау үшін күнделікті үс­тіңізді мұқият тексеріп шығыңыз. Кене малдың үстінде болатынын ескере отырып, малды күту барысында сақтық ережелерді бұлжытпай орындау керек. Малдағы кенені жалаңаш қолмен жұ­луға болмайды. Егер адамды кене шағып алған болса, онда шұғыл түрде тұрғылықты жер бойынша емдеу ме­кемесіне медициналық көмекке жүгінуі керек. Сосын дәрігерлер ол кісіні үш аптаға дейін медициналық бақылауға алады. Аурудың бірінші белгілері дене қызуы көтерілуі пайда болған жағдайда өлім-жітімді болдырмау үшін емдеуді мүмкіндігінше тез бастау керек. Міне, осы айтылған қарапайым ережелерді күнделікті сақтаған жағдайда ғана адам аурудан таза болады, – деген бас санитар денеге жабысқан кенені алудың жолдарын да айтып өтті.
Мысалы, адам денесіне жабысып, қан сорып жатқан кенені тұмсық ас­ты­нан жіңішке жіппен байлап, асықпай, жұлқымай, кене мұртшаларын толық шығарғанша ақырын тарту керек. Егер кененің басы толық шықпай теріде қара дақ түрінде қалып қойса, өздігінен шығуын бақылау немесе емхана хирург дәрігеріне қаралу керек. Кенені жұлған соң қолды мұқият жуып, йод немесе спиртпен сүрту керек. Өйткені кейбір жағдайларда кенелер қан сору кезінде теріге патогенді вирустар жұқтырылған зәрін қалдыруы мүмкін екен.
Табылған кенені жағып немесе қайнаған суға салып құртқан жөн. Теріден алынған кенелерді қоздырғыштың бар жоғын анықтау үшін зертханаларға жеткізу қажет. Бри­фингте аудандық санитарлық-эпиде­миологиялық басқарма басшысы Ораз­ғали Аханов кене жабысқанда есте сақтайтын қағидалардан да хабардар еткен болатын. Бас санитардың сө­зінше, ешқашан терідегі кенені сығуға болмайды, өйткені кене ішінде вирустар мен патогенді организмдер бар. Тіпті қолдың ашық жаралары немесе сәл тыртықтар арқылы ауруды жұқтыруға болады екен. Кенені жұлу да қауіпті, өйткені жұлу кезінде де кене басы теріде қалып кетеді де, улы сөлі адам ағзасына тарала береді.
Жалпы қарапайым кенеден жұға­тын Конго-қырым геморрагиялық қыз­басының адам өмірін қиюы да мүмкін. Басқарма басшысының айтуынша, бұл аурудың негізгі белгісі науқастың басы қатты ауырып, дел-сал күйге түсіп, тамаққа тәбеті болмайды және дене қызуы көтеріледі. Терісіне бөртпелер шығып, иньекция салған, шымшыған жерлерде терісі көгеріп, ауру белгілері пайда болады. Ағзаның қанды ұйыту қабілеті бірте-бірте жоғалып, адам қансырау салдарынан қаза болуы мүм­кін. Бұл дерттің қауіптілігі сол, осы аурумен сырқаттанған адамның қаны сау адамның денесіне тисе, осы дерттің жұғуына себепші болады екен.
Қарап отырғанымыздай, қарапайым ғана кененің өзі адам өміріне өте үлкен қауіп әкеледі. Бас санитар қатаң түрде айтқан жоғарыдағы сақтық шараларын сақтанып жүру, барлығымыз үшін ден­саулығымызға келетін зиянның алдын алуда көп көмегін тигізеді. Кеше ғана кененің шағуынан ауруханаға түскен жерлесіміз аурудың асқынуынан өмі­рімен қоштасқан болатын. Арты қай­ғылы жағдаймен аяқталған оқиға бас­қалар үшін сақтық шараларын бұдан да қатаң сақтауына себепкер болуы керек.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: