Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

4°C

, Сәрсенбі, 16 қазан, 02:42

Шаруасы шираған ұжым

04.08.2023

607

0

Бұқарбай батыр ауылындағы «Сырлыбай ата» фермерлік қожалығы ауыл шаруашылығы саласында әр жылды табысты қорытындылап келеді. Жыл сайын 200 гектар алқапқа Сыр салысын себетін еңбек ұжымы биыл да межелі жерге күріш егіпті. Қазірдің өзінде Сырдың басты дақылы бас алып тұр.

Шаруашылық төрағасы Мәулен Иб­раев аяқ су мәселесіне қарамастан мұн­дағы ауыл еңбеккерлері межелі өнімге қол жеткізуге қарекет етіп жат­қанын айтады. Сөзінше, инвестор бұл ты­ғы­рықтан шығатын амал тауып, жұмыс­шыларға бар жағдайды жасап қойыпты.

– Аяқ су қазір жерге дән тастаған кез келген шаруашылық ұжымына оңай тиіп жатқан жоқ. Биыл мәселенің күр­деленгенін ел жақсы біледі. Бізге де бастапқыда оңай болған жоқ. Алайда инвестор бізге бар жағдайды жа­сап отыр. Техникамыздан ақау та­былса, оның орнын заманауи үлгідегі жаңа техника басады, ерте көктемде тұ­қым­ның жоғары сұрпы керек десек, одан да мәселе болмайды. Бір сөз­бен айт­қанда, қаражаттан, еңбек өнім­ді­лігін арттыратын құрал-сайман­нан еш­қандай мәселе жоқ, тек еңбек ету керек, себебі қолдау басым. Уақыт өте аяқ су мәселесі қиындай түсті. Инвесторға айтқанымыз сол еді, дереу сусорғыш насос алып берді, қазіргі таңда алқапты жағалай аққан каналдан осы насос арқылы күрішімізді суарып отырмыз. Был­тыр өнім жаман болған жоқ, биыл да межелі өнімге қол жеткіземіз деген ойдамыз, – дейді төраға.

Мәкең отызды енді еңсерген өзіміз сияқты жас азамат екен. Алайда күріштің күтіміне қажетті айтқан деректеріне қа­расаң, салада 45-50 жылдық тәжі­рибесі бар кәнігі диқан іспетті. Көктемде сепкен тұқымнан мол астық алу үшін оны себемін дегенше алқапты қалай сү­ді­герлеу керек, егістіктің тегістігі қан­дай маңызға ие, күрішті қырқынан шығару, оларға өлшеммен берілетін тыңайт­қыштар, бәрі-бәрі төрағаға таң­сық дүние емес. Міне, осыдан кейін «жас­тардың қолынан шаруаны ширату келмейді» деп айтып көріңіз. Көп жерде ауызыңа абай болмасаң, мұндай білікті азаматтар өзіңді оқытып жіберуге әзір тұр. Себебі салада жиған тәжірибесі, ала­жаздай аптап ыстықта атыз ба­сында еткен еңбек, төккен тер бар. Міне, мұндай үлкен бейнетті еңсермесе, тө­рағаның сөзі де бұлай болмас еді.

Шаруашылық биыл тағы да 200 гектар алқапқа күріш еккен. Мұнан бөлек 50 гектар жоңышқасы тағы бар. Бүгінде Сырдың басты дақылы бас алып тұр. Бұйыртса, айдың аяғында болмаса қыркүйектің алғашқы онкүндігінде егінге орақ салуды жоспарлап отыр. Әзірге 200 гектар күріштің күтіміне осындағы 5 диқан жауапты. Олар да аптап ыстыққа қарамастан егіс басынан кеткісі жоқ. Еңбекке адал ауыл азаматтарының қара жұмысына қарап көз сүйсінеді.

Негізі, кез келген істің ширауына бір қол­даудың басты себеп болатынын жақсы білеміз. Мұндағы жұмыстың ши­рауына да инвестор тарапынан көрсе­тілген қолдау сеп болыпты. Қазіргі таңда шаруашылықта 10 адам жұмыс жасаса, еңбеккерлердің орташа жалақысы 170-180 мың теңгені құрайды. Ал ең төменгі жалақы – 150-160 мың теңге. Мұнан бөлек ауыл еңбеккерлері «Алтын күз» мерекесінде жыл сайын қаржылай сыйа­қыдан құр қалмайтын көрінеді. Ал ең жоғары өнім алған диқандарға темір тұл­пар табыстауды инвестор дәстүрге айналдырған.

– Иә, қолдау бар, оны сөзімнің басында да айтқанмын. Соған сай еңбек ұжымы қажырлы жұмыс жасап жатыр. Техникадан мәселе жоқ, меха­низаторлардың барлығының астында соңғы үлгідегі заманауи техникалар. Сондықтан біз күріштің толық пісіп-жетілуіне басымдық береміз, себебі ала­жаздай баптаған өнім жауын-ша­шынға ысырап болады деген уайым жоқ, – дейді, Мәулен Ибраев.
Айта кетейік, «Сырлыбай ата» шаруа қожалығы жыл сайын бақша саламын деген ауыл азаматтарына арнайы жер ашып береді. Оны сүдігерлеп, қоршап, тіпті аяқ суға дейін тартып береді. Тек ауыл тұрғындары еккен өнімінің күтіміне жауапты. Биыл да шаруашылық 2 гек­тар бақшалық жер ашыпты. Қазіргі таңда онда ауылдағы 15 отбасы бақша са­лып, қауын-қарбыз, картоп, асқабақ, қы­зылша, сәбіз, қызанақ секілді өнім еккен.

– «Сырбай ата» шаруа қожалығы жыл сайын елдің бақша салуына арнайы жер ашуды дәстүрге айналдырды. Оның игілігін көріп отырған тұрғынның бірі – өзім. Біз жылда базардан картоп-сәбіз, асқабақ, қызанақ секілді бақша өнімдері мен көкөністерді сатып ал­маймыз. Алажаздай осында бұл өнім­дерді баптап, күзде жинап аламыз. Тіпті артығын сататын кездеріміз де болды. Биыл да шаруашылық ашқан жерге бақша ектік. Шығымы өте жоғары. Себебі шаруашылық аяқ суды пай­да­ла­нуда кездесетін бар­лық мә­селені шешіп берді. Биыл да жақсы өнім аламыз, өздері де кәсібін дөң­гелен­тіп, елдің де егін егуіне жағдай жасап отыр­ған шаруашылыққа алғыстан басқа айта­рымыз жоқ. Қазір осында өзіміз секілді тағы 14 отбасы бақша өнімдерін егіп отыр, – деді ауыл тұрғыны Ғалымжан Сүлейменов.

Шаруашылық 2019 жылдан бері кү­ріштің «Лидер» және «Яньтар» сұрпын егеді. Бірақ биыл тек «Лидер» сұрпын сеуіпті. Себебі ол өнімділікті арттырады екен. Әзірге алқаптағы күріштің шы­ғымы бітік. Ауыл азаматтарына да жағ­дай жасап, жыл сайын саланы оң нәтижемен қорытындылап келе жатқан еңбек ұжымы биыл да межелі өнімге қол жеткізеді деген сенімдеміз.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: