Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

11°C

, Дүйсенбі, 31 наурыз, 09:16

Жарқын жобалар жүзеге асқан

04.03.2025

467

0

Ауданда жарқын жобалар қолға алынып, қарқынды даму жолына түскен ауылдың бірі – Аққұм. Қажеттілігіне қарай ауылдағы өзекті мәселелер шешімін тауып, елді мекеннің еңсесін тіктеуге бағытталған бастамалар, яғни көшелер жөнделіп, жарықтандыру, абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда. Ауыл әкімі Алтынбек Асанбеков осы жылдың еншісінде де бірқатар жоба барын жасырмады.

10 көше күрделі жөндеуден өткен

Аққұм бұған дейін ат ізін салмаған ауыл емес. Тілшілік тіршілікпен келген сайын мұндағы ішкі көшелердің сапасы сын көтермейтінін аңғарғанбыз. Ал был­­­тыр жергілікті тұрғындардың та­лап-тіле­гіне құлақ түріліп, ой-шұ­қыры көп ор­талық көшелердің сапа­сының жақ­сар­ға­нын көрдік.
Соңғы жылдары Аққұмда жол құры­лысы қарқын алып, елдің талап-тілегі орын­далды. Ауылдың ішкі көшелерінің жалпы ұзындығы 14 шақырымды құ­раса, былтыр ауылдық округте 10 кө­шеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүр­гізілді. Жобаның жалпы құны – 457,1 млн теңге.
Елді мекенде демеушілер есебінен де ауылды абаттандыру, көркейту-кө­гал­дан­дыру жұмыстары қарқын ал­­ған. Биыл «Жасталап» шаруа қо­жа­лығының төрағасы Кенжехан Жа­ди­­ловтың демеу­шілігімен Бейбіт­шілік кө­шесінің бойын­дағы 750 метр жер қор­шалып, гүл жә­не жеміс ағаштарын егу жұмыстары жүр­гізілді. Кәсіпкер бұл мақсатқа 2,8 млн теңге бөлген. Со­нымен қатар мектептің 20 жылдық тү­лек­тері «Тайман қари» ме­шітіне 2 млн тең­геге ағымдағы жөндеу жұмыс­тарын жүргізген.
Мұнан бөлек Меңліқара Нұрқожаев көшесі мен орталық алаңға «Бірлік-А» ша­руа қожалығы 1,3 млн теңгеге жа­рық­тандыру жұмыстарын жүргізді. 1968 жылғы ауыл азаматтары Кеңес әс­­ке­рінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай Ауғанстан жерінде ин­тернационалдық борышын адал өтеп келген ардагерлерге арнап аллея аш­ты.
Елді мекенді аббаттандыру мақса­тында мемелкеттік бағдарламалармен де іл­кім­ді жобалар жүзеге асқан. Мә­селен, «Өңірлерді дамыту» бағ­дар­ла­масы бо­йынша 2,2 млн теңгеге Қа­лыбай Бекенов көшесіндегі түнгі жа­рық шамдары ауыстырылды. Сон­дай-ақ Бейбітшілік және Б.Ақдаулетов көшелеріндегі бей­небақылау камера­лары жөнделіп, ауыл­ішілік көшелердің жол белгілері жа­­ңартылған. Жалпы ауылда айтар­лық­тай өзгеріс бар, мұның бәрі нәти­желі жұмыстың жемісі деп түйдік. Бірақ бұған тоқмейілсуге тағы болмайды.

Шаруа шираған

Негізінен елді мекен жұрты егін егу, мал өсіру, жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен және оны өңдеу­мен айналысады.
Аққұмдағы ағайынның ауыл шаруа­шылығы саласында табысты еңбек етіп отқанын аңғару қиын емес. Әсіресе олар күнделікті тұрмыс-тір­шілігін мал шаруашылығымен бай­ла­ныстырады. Қазірдің өзінде жеке отбасыларда 1668 ірі қара, 1853 жылқы, 825 қой, 728 ешкі, 74 түйе, 1006 үй құсы есеп­ке алынған. Ал мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарда 609 ірі қара, 670 жылқы, 125 қой, 94 түйе есепке алынған. Ауылда былтыр 2112 гектар күріш, 745 гектар жаңа жоңышқа,75 гектар мақсары егіліп, 706 гектар ескі жоңышқа күтімге алынған.
Күзгі науқанның қорытындысымен ауыл еңбеккерлері егін шаруашылығын толайым табыспен қорытындылаған. Жалпы жер көлемі 15 500 гектарды құраса, оның ішінде 10008 гектары – ауыл шаруашылығы жерлері. Мұнан бөлек 8760 гектар жайылымдық, 2100 гектар шабындық және 4550 гектар егістік жер тағы бар.

Кәсіпкерлік қарқын алған

Әлеуметтік жағдайына келсек, 1800-ге жуық адам мекен еткен ауыл­­да жұмыссыздық деңгейі 3 па­йызды құрайды. Кәсіпкерлікті да­мыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға ар­нал­ған ұлттық жоба бойынша 5 ауыл тұрғыны жастар практикасына, 2 ауыл тұрғыны «Күміс жас» жобасына, 3 ауыл тұрғыны әлеуметтік жұмыс орын­дарына орналастырылып, 12 ауыл тұрғыны тұрақты жұмыс тапқан.
Мемлекет басшысының бұған де­йінгі 10 мың адамға 100 жаңа жұ­мыс орнын құру жөніндегі арнайы тап­сыр­масы бар. Ауыл әкімі Алтынбек Асанбеков осы бағытта нақты жұ­мыстар жүзеге асып жатқанын айтады. Мәселен, осыған дейін Аққұмда 10 жаңа жұмыс орны ашылған. Былтыр жұмыссыз ретінде 46 тұрғын тір­келсе, оның 12-сі тұрақты жұмысқа орналасып, 34 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған.
Ауылда жүзге жуық шағын және орта кәсіпкерлік нысаны бар. Бүгінде оның барлығы 100 пайыз тұрақты жұмыс жасап тұр. Жергілікті жұрт кәсіп ашуда мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып отыр. Мәселен, ауылдық округ бойынша былтыр «Бас­тау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін 7 ауыл тұрғыны оқып, барлығы қай­та­рымсыз грантпен кәсіп ашқан. Кә­сіп­керлер ауылда ірі қара ша­руа­шылығын дамытуға басымдық берген. Ал «Ауыл аманаты» жобасы бо­йын­ша 1 адам суармалы жерлердегі өсім­діктерді бүрку үшін квадрокоптер алу­ға қаржылай қолдауға ие болған. Жоба құны – 11,4 млн теңге.

Білім бәйгесінде
бәсі биік ауыл мектебі

Елді мекендегі 420 орындық №38 орта мектеп 1929 жылы негізі қа­ланған, 1973 жылы жаңа ғимаратқа көшірілген. Кейін оған Еңбек Ері Алдаберген Бисеновтың есімі берілген. Мектепке Еңбек Ерінің есімі берілген тұста ұрпақтары А.Бисеновтың аты­нан мұражай ашып, онда осы кісінің көзі тірісінде тұтынған заттарын, ша­панын және портфелі де қойылған. 2012 жылы білім ордасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда онда балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған.
Бүгінде ауылдағы алтын ұяда 331 оқушы білім алады. Ондағы 58 мұғалімнің 96,5 пайызы – жоғары білімді маман. Биыл білім ошағын 19 оқушы бітіреді. Оның 10-ы ҰБТ-ға қатысады. Ал 29 бала 1-ші сыныпқа қабылданған. Ауылдағы алтын ұядан былтырғы оқу жылында 25 түлек түлеп, оның 14-і білім грантын жеңіп алған.
Мұнан бөлек ауылдық округте №7 «Шұғыла» балабақшасы жұмыс жасайды. 1975 жылы пайдалануға берілген нысан 120 балаға арналған. Қазіргі таңда 5 топ жұмыс жасап, онда 100 бала қамтылған. Бұл нысанда 40-қа жуық адам жұмыс істейді. Ба­лабақша ғимаратына 2016 жылы күр­делі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 3 жыл бұрын тағы да ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Ауыл тұрғындарына 10 төсектік күн­дізгі стационарлық дәрігерлік ем­хана қызмет көрсетеді. Меди­циналық нысан 1975 жылы пайда­лануға бе­ріл­ген. Емханаға 4 жыл бұрын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, былтыр жедел жәрдем көлігімен қамтамасыз етілген.

«Coworking» орталығының
жұмысы жүйелі

Сондай-ақ 150 орындық ауылдық клуб ауыл тұрғындарына қызмет етеді. Мәдениет үйі 2012 жылы пайдалануға берілген. Онда 15 адам жұмыс істейді. Мәдениет ошағына 2022 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Қазір мұнда 5 үйірме тұрақты жұмыс жасап, ауыл балаларының бос уақытын тиімді пайдалануда. Үйір­меге 78 бала қатысады. Олар былтыр рес­публикалық 18 байқауға қатысып, 8 жүлделі орын, облыстық 6 байқаудан 3 жүлделі орын алып, аудандық 10 байқаудың 4-еуінен облысқа жолдама алып, 7-еуінен жүлделі орын иеленген.
Ауылдағы кітапханада 18 мың 762 кітап қоры бар. Кітапханада оқу­шы­лармен дөңгелек үстелдер, әңгі­мелесу өткізілдіп, ақын-жазу­шы­лар­дың ме­рей­тойларына орай түрлі сайыстар ұйымдастырылып тұрады. Сондай-ақ ауылдық кітапханада «Coworking» ор­талығы жұмыс жасауда.

Салаға серпін берген
спорт кешені

Елді мекенде 1 спорт орталығы тұр­ғындарға қызмет көрсетеді. 2017 жылы салынған ғимарат 4 жыл бұрын қайта жабдықталып, ауыл спортының алға басыуына қолғабыс етуде. Қа­зіргі таңда онда ауыр атлетика, то­ғызқұмалық, күрес үйірмелері жұ­мыс жасайды. Ауыл жастары мен тұр­ғын­дарын бұқарлық спортқа көп­теп тар­туда нақты шаралар қолға алынуда. Бұл бағытта ауылда арнайы екі спорт нұс­қаушысы жұмыс жасап келеді.
«Бақдәулет-57» фермер қожалы­ғы­ның демеушілігімен салынған стан­дартқа сәйкес ат спортына арналған алаң бар. Ауыл жастары осы ат спортынан ау­дан құрамасының негізін құрап, жа­рыс­тарда аудан намысын қорғап, жүлделі орындар алып ке­леді. Ауыл ар­дагерлері аудандық ар­дагерлер спар­та­киадасына қатысып, жастарға үлгі көрсетуде.
2021 жылы «Бақдәулет» шаруа қожалығы ауылдағы «Береке» мей­рамханасын 150 млн теңгеге қайта жаб­дықтау арқылы спорт орталығын ашып, жастардың спортпен айна­лы­­суына жағдай жасап отыр. Бұл ны­сан бүгінде салауатты өмір сал­тын ұстанған жергілікті халыққа қыз­­мет көрсетіп тұр. Осыдан-ақ ауыл­­дан шыққан азаматтардың ту­ған жерін түлетуге қосқан ең­бегі зор екенін аңғаруға болады. Ауыл ба­­лаларының бос уақытын тиім­ді ұйымдастыруға арналған ны­сан­да жыл санап чемпиондар қа­та­ры артып келеді. Аталған спорт ор­талығы түлектері облыстық және республикалық бірін­шіліктің жүл­дегері, республикалық сайыстарда да жүлделі орындарға қол жеткізуде.
Ауылда ауызсу жүйесі мен электр желілеріне 2021-2022 жылдары қайта жаңғырту жұмыстары жүгізілген. Жер­гілікті жұрт тәулік бойы сапалы ауыз­суға қол жеткізіп отыр. Сондай-ақ бар­лық тұрғын үй су өлшегіш құралын қондырған. Ал елді мекенді осыған дейін аяқсумен қамтамасыз ету мақ­сатында 1 сутартқыш насос іске қо­сылған.
Биыл да ауылда ауқымды жобалар жүзеге асады. Ауыл әкімінің айтуынша, мектеп бітіргендеріне 20 жыл болған түлектер 2,5 млн теңгеге Желтоқсан мен Жастар көшесі қиылысынан бала­лар ойын алаңын салу жұмыстарын жүр­гізсе, жеке кәсіпкер Серік Бекенов Қ.Бекенов көшесінің бойына балалар ойын алаңын салады.
Жалпы Аққұмда былтыр бірқатар ауқымды іс атқарылған. Ауылды көр­кейту-көгалдандыру жұмыстары да тұ­рақты жүргізілуде. Бұл жұмыстар жал­ғасын тауып, елді мекен еңсесін тіктей түспек.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: