Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

31°C

, Сенбі, 20 сәуiр, 16:37

Жиырмаға жуық жоба қолдау тапты

11.10.2022

454

0

Аққыр ауылдық округінің тұрғыны Майра Шайхының кәсіп ашуды жоспарлап жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болыпты. Жалпы нарықта сұранысқа ие өнімдер әзірлеуді қолға алайын десе, шалғай ауылда оған сұраныстың төмен болатыны анық. Оның үстіне Аққырда халық саны 1500-ге де жетпейді. Десе де бұл елді мекенде жайылымдық жер мен мал азығы айтарлықтай мәселе болмағандықтан, төрт түліктің қай-қайсысын да түлетуге қолайлы. Бір әулеттің жас келіні сондықтан мал шаруашылығында бақ сынауға бел буыпты.

Майраның салаға тыңғылықты дайын­дықпен және айқын мақсатпен аяқ басқаны көрініп-ақ тұр. Өз жобасына ауылда ірі қара өсіріп, оның етін де, сүтін де нарыққа шығарып, пайда табуды арқау етіпті. Кешегі комиссия отырысында оның бұл жобасы бірауыздан қолдау тапты. Осылайша ол мемлекеттік қолдау аясында қайтарымсыз 1 млн 225 200 теңге грантқа ие болды. Жоба авторы қолға қаражат тиісімен қорасын малға толтыратынын айтады.
– Иә, шалғай ауылдың тұрғынымын. Бірақ ауылым алыста екен деп қарап жатуға тағы болмайды. Кәсіп ашуға бел буғаныма біршама уақыт болды. Жолдасым екеуміз ақылдаса келе осы мал шаруашылығын дұрыс деп шештік. Ебін тапқан адамға кәсіптің бұл түрінде де пайда көп. Бізде жайылымдық жер мәселе емес. Сондықтан ісіміз алдағы уақытта алға басады деп ойлаймын. Жолдасым да қолғабыс етемін деп отыр. Бұйыртса, отбасылық кәсіп бастап, оның көкжиегін кеңейтіп, жемісін бірге көреміз деп ойлаймын. Барлығы бала-шағамыздың несібесі. Бастысы осындай қолдау білдірген мемлекетке алғысым шексіз. Себебі біз екі қолға бір күрек таппай жүргенде жұмыссыз азаматтардан мемлекет өз қолдауымен кәсіпкер қалыптастырып отыр, – дейді Аққыр ауылының тұрғыны.
Кешегі комиссия отырысында жобасын қорғаған жалағаштықтардың ішінде Өмірбек Сәкен де бар. Бұған дейін конди­тер­­лік өнім өндіруде әкесіне қолғабыс болған кент тұрғыны алдағы уақытта аудан орталығында бәліш пісіретін наубайхана ашқысы келеді екен. Сөзінше, қазір Жалағашта кондитерлік өнімнің бірнеше түрін өндіретін арнайы цехтар болғанымен, бәліш пісіретін бірде-бір наубайхана жоқ екен. Яғни жалағаштықтар тұтынып отырған өнімнің бұл түрі бізге көрші аудандардан және облыс орталығынан келетін көрінеді.
Ауданда жоқ өнімді шығаруға бағытталған жобаны неге қолдамасқа. Оның үстіне жас та болса, оның бұл саладан айтарлықтай хабары бар. Комиссия мүшелерінің де назарын аударған жоба авторының басты қыры осы болды.
– Өзім әлі жаспын, кәсіптің қай түрін болсын дөңгелнтуге шамам жетеді. Оның үстіне кондитерлік өнім өндіру өзіме жат емес. Бүгін жобам бір ауыздан қолдау тауыпты. Бұйыртса, тиісті қаражат қолыма тиісімен қажетті құрал-жабдықтарды алуға кірісемін. Көп ұзамай жалағаштықтар өз өңірінде әзірленген өнімді тұтынатын болады. Оған өзімнің цехым арқылы жағдай жасаймын. Егер кәсібім алға басып, оның көкжиегін кеңейткен жағдайда өзім секілді жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтуға дайынмын, – дейді кент тұрғыны.
Аламесек ауылдық округі Жаңадарияның бергі жағында орналасқан демесеңіз, бұл ауыл да аудан орталығынан шалғайда. Бастысы ауылда егін және мал шаруашылығы айтарлықтай дамыған. Елді мекен тұрғындарының да негізгі күнкөріс көзі осы қос салаға тікелей байланысты. Ауылда мал өсіріп, оны бордақылап, етін нарыққа шығаратындар жетерлік. Алайда сүт бағытында мал шаруашылығымен айналысып отырғандар жоқтың қасы. Ал жылқы өсіріп, саумал сататындар мүлде жоқ десе де болады. Есет батырлық Мақсұт Сейітовтың кәсіптің бұл түрін қолға алуға бел буғаны да сондықтан.
Өзіміз сол ауылдың тұрғынымыз. Расында осы күнге дейін «Пәлен деген кісінің үйі жылқы байлап, саумал сатып жатыр екен» дегенді осы уақытқа дейін естімеппін. Демек, Мәкеңе алдағы уақытта бәсекелес ешкім жоқ. Қазірдің өзінде жоба авторы өз қаражатына 2 құлынды байтал алып қойыпты. Енді қайтарымсыз грант арқылы олардың басын көбейтіп, біржола табысқа кенелуді көздеп отыр.
– Біздің ауылда мал шаруашылығы айтарлықтай дамыған. Оны жоққа шығара алмаймын. Бірақ көбісі төрт түліктің тек етін сатумен айналысады. Ал оның сүт өніміне келгенде бізде кәсіптің бұл түрі кенжелеп қалған. Сондықтан мен өз ауылымда бие байлап, саумал сатумен айналыссам деймін. Қазірдің өзінде ауылдағы үлкен кісілер 18 шақырым қашықта орналасқан Жаңадарияға осы саумалды ішуге барады. Оларға саумалды бір сатып алып, жолға тағы қаражат жұмсаған тиімді емес. Ара-тұра ақсақалдар осы кәсіпті ауыл тұрғындары да қолға алса болады ғой дейтіні бар. Осы сөз менің кәсіп бастауыма үлкен себеп болды. Мал азығы мәселе емес. Тұтынушыларда жетерлік, – дейді ауыл тұрғыны.
Айта кетейік, кеше түске дейін өткен комиссия отырысында бас-аяғы 50 жоба таныстырылып, оның 20-ға жуығы қолдау тапты. Әрбір жоба авторына 1 млн 225 200 теңгеден қайтарымсыз қаражат үлестірілді.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: