Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

1°C

, Бейсенбі, 05 желтоқсан, 21:21

25 жыл бір бағытта жолаушы тасымалдаған

12.12.2023

391

0

Ауданда саналы ғұмырын қоғам қажеттілігіне арнап, халық үшін жұмыс істеп жүрген азаматтар аз емес. Соның бірі халықты ширек ғасыр бойы бір нүктеден екінші нүктеге дейін аман-есен жеткізіп, жолаушылардың алғысына бөленіп жүрген автобус жүргізушісі Әділхан Жалғасбаевтың еңбегі жайында ауыз толтырып айтуға болады.

Әділхан ағамыз кент орталығындағы «Қаракөз» дүкенінің алдына автобуспен аялдап, кезекті сапа­рына дайындалуда. Аққырлық жолаушылар да аялдамаға келіп жатыр. Мен де сол сәтті дереу пайдаланып, еңбек ада­мынан сұхбат алуды жөн көрдім. Жур­налисті байқаған ауыл тұрғындары да аптасына 5-6 рет қатынайтын Әде­кеңнің еңбегіне риза екенін жарыса айтып, мақтай жөнелді.
– Әділхан – өз ісіне мығым, жауап­кершілігі мол азамат. Ол жайлы «ауыл­дасымды далада қалдырды не­месе дөрекілік көрсетті» де­ген теріс пікір естімедім. Біз үшін ауыл­да­сымыздай болып кетті. Жол ақысы қолжетімді, 500 тең­геге діт­теген жерімізге жетеміз. Жасы­раты­ны жоқ, кейде тегін де алып кетіп жатады, – дейді ауыл тұрғыны Меруерт Балтабаева.


Биыл Әдекеңнің кент пен Аққыр арасына көпір болғанына 25 жыл то­лыпты. Негізі аудан орталығынан Ақ­қырға дейін жол 80 шақырымды құ­райды. Кейіп­керіміз бұрын «Апыр-ай, осы тұстан қайтіп өтер екенмін» дейтін жолдар кездескенін де жасырмайды.
Иә, Аққырға жету немесе шығу тұр­ғындар үшін ең қиын шаруа еді. Автобус рөліне отырып, жолаушыларды тасы­малдау ол кезде екінің бірінің қолынан келе бермейтін-ді. Ол заманда техника да ескі болатын. Әдекең жол бойында көліктің кейбір бөлшектері тарс етіп сынып кеткен жағдайларды талай басынан өткерген. Сондықтан болар, ол авто­бус са­лонына қосалқы бөлшектерді салып жүруді әдетке айналдырған. Егер көлік бұзылған жағдайда халықты авто­бус­тан түсіріп, өзі жөндейтін көрінеді.
Жастайынан көлік тізгіндеген Әде­кең бүгінде зейнет жасына таяған. Тарих парақтарында қатталып қалған жыл­дарда қоғам дамуына ерен еңбек сіңірген жүргізуші әлі тың. «Құдай бойыма көлік айдауға күш қуат берсе, бұл ісімнен қол үзгім келмейді» дейді. Өміріне өкпесі жоғын алға тартқан Әділхан Жалғасбаев – бүгінде 3 ба­ланың әкесі, 6 немеренің атасы.
Қазіргі таңда кейіпкеріміз жолау­шылар тасымалында жұмыс істеп келе жатқан аудандағы бірден-бір ме­­кеме «Маржан және К» ЖШС-ға ав­то­бус жүргізушісі ретінде тіркел­ген. Сол мекеме арқылы ол мем­ле­кеттен берілетін қолдауларға, яғни субси­дияларға оңай қол жет­кізіп отыр. Мә­селен, бүгінде жанармайына жер­гі­лікті билік тара­пынан субсидия қарас­тырылған. Бұл да Әдекеңнің тұрақты қатынауына бірден-бір көмек болып отырғандай.
Мекеме басшысы Марат Оспанов­тың айтуынша, Ақ­қыр­дан бөлек 13 ауыл­дық елді мекенге, сондай-ақ об­лыс орталығына 20 жо­лаушылар кө­лігі қатынайды. Міне, бұл саланың ау­қымын осыдан-ақ байқауға болады.
– Иә, жолаушы тасымалдап, көлік жүргізу оңай жұмыс емес. Себебі ав­тобустың ішіндегі жолаушылардың тағдырына бір ғана жүргізуші жауапты. Әр жолаушының тағдыры, мінезі, кө­ңіл-күйі әртүрлі болады. Діттеген жері­не жеткізгенің үшін адамдардың бар­лығы бірдей алғыс айта бермейді, бі­рі ұрысады, бірі ренжиді дегендей. Кейде үлкен кісілер көліктен түсіп бара жатқанда алғысын айтып, батасын бе­ріп жатады. Сондай сәттерде қо­ғамға пайдаңның тигенін түсініп, іштей мар­қайып қаламыз. Шыны керек, 25 жылда өзім де Аққыр ауылының тұрғынындай болып кеттім. Қазір тех­ни­ка дамыған, көлік жолдарының са­пасы да жақсарған. Халықтың игілігі мен жайлылығы үшін жергілікті билік те жағ­дай жасап келеді, – дейді автобус жүргізушісы.
Саналы ғұмырының басым бөлігін жол үстінде өткізген Әділхан ағамыз «ке­­йін­гі жастар еңбекке құштар болса» де­ген тілегін айтып, Аққырға жол тартты.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: