Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

29°C

, Жұма, 03 мамыр, 10:23

380 млн теңге өтемақы төленді

20.04.2024

488

0

Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 5 718 жеке тұрғын үй, 1 130 аула аумағы су астында қалған. Жалпы барлығы 117 694 адам, оның ішінде 43 931 бала құтқарылып, эвакуацияланды. 113 852 ауыл шаруашылық жануары қауіпсіз жерге айдалды. 10,1 млн текше метрден астам еріген қар суы шығарылды, 3,2 миллион қапшық және 1,4 млн тоннадан астам инертті материал төселген. Жедел шаралардың арқасында ТЖ аймақтарынан тұрғындар мен жануарларды эвакуациялау барысында 18 651 адам өз үйіне оралды.

Елімізде болып жатқан жағдай қазақ жұртының қабырғасын қайыс­тырды. Бірақ жұмылған жұдырықтай бір­лігімізді көрсетіп, қиындықты бірге еңсеріп жатырмыз. Тек тұрғындар ғана емес, шет елдерде тұратын қандас бауыр­ла­рымыз да, көршілес елдер де қарғын су басқан аумақтарға гуманитарлық көмек көрсетіп жатыр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, тілсіз жауды жұмыла еңсеруде бізге бірлік керек.
Бүгінде қызыл судан зардап шеккен өңір­лерде 2 жарым мыңнан астам тұр­ғын үй тексеріліп, олардың мың жарымына бағалау жүргізілді. Нәтижесінде 800-ге жуық үйдің жөндеуге келетіні, ал 701 баспананың қалпына келтіруге жарамсыз екені анықталды. Қазір шамамен 200 отбасыға үйдің жөндеу жұ­мыс­тары үшін жалпы құны 218 млн 600 мың теңге өтемақы төленді. 33 отбасыға қираған үйдің ор­нына жаңа баспана мен пәтерлер бе­рілді. Павлодар, Қарағанды және Ақ­төбе облыстарында тұрғын үйлердің құ­ры­лысы басталды. Бағалау және за­лалды өтеу бойынша тиісті жұмыстар жалғасуда.

Айта кетейік, әр жанұяға 369 мың 200 теңгеден біржолғы төлем бе­рілді. Шамамен 900 отбасыға кел­ті­рілген материалдық шығын үшін 380 млн теңге көлемінде өтем­ақы төленді. Ал мал шығыны үшін берілген өтемақының жалпы мөл­шері 40 млн теңгеге жуық­тайды. Мем­лекет басшысының тап­сыр­масы бо­йынша қазір Үкімет зардап шеккен аза­маттарға келген залалды бағалау және өтеу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Бүгінде арнайы құрылған өңір­лік комиссияларға шамамен 14 мың өтініш түскен.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елі­міздегі су тасқынынан зардап шеккен облыстарда төтенше жағдай жа­рия­лап, жауапты сала мамандарына әр облысқа гуманитарлық көмек көр­сетуді тапсырған. Нәти­жесінде 62 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді.
Ақтөбе облысында Кұйлыс және Нұра ауылдарынан Ырғыз ауы­лы­на тікұшақпен 201 адам уақытша ор­налас­тыру пункттеріне эвакуа­ция­лан­ды, Бел­шер ауылына 1 тонна гума­нитарлық көмек жеткізілді. Батыс Қа­­зақстанда Орал қаласының сая­жай алқаптарынан 22 адам эвакуа­цияланды, олар туыс­тарының үйле­ріне орналастырылды. Қос­танай облы­сын­да Байтұрсынов ауы­лынан Торғай ауы­лына 2 тонна гума­нитарлық көмек жеткізілді.

Қазір су басқан аумақ­тарды қалыпқа келтіруде қарқынды жұмыс басталып кетті. Ава­рия­лық-құтқару және су тас­қынына қар­­сы жұмыстарға аза­маттық қорғау қыз­меттерінен 44 156 адам, 4 611 техника, 860 сусорғыш құ­ралы, 332 жүзу құралы, 18 әуе кемесі жұмылдырылған. Сондай-ақ еріктілер де бас қосып, белсенді көмек көр­сетіп жатыр.
Сын сағатта бірлікте болып, бірін-бірі демеп, ерікті түрде тілсіз жауға қарсы тұруда жұмыла халыққа қызмет етіп жатқан жандарды расымен «қазіргі заманның батырлары» деуге болады.

Ақнұр АЛТЫНБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: