Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

12°C

, Жексенбі, 14 сәуiр, 05:40

8 наурыз: Кімге қандай гүл сыйлау керек?

07.03.2024

624

0

Қарағанда көзді қарықтырып, көңілді көтеріп, жанды жадыратып жіберетін жаратылыс бар. Ол – гүл. Бәлкім болмысы ұқсас болғаннан болар осы «сұлулық» сыйлайтын әсемдікке әйел заты ерекше құмар. Екеуі де – іңкәр, жылулыққа құштар, күтім мен бапқа зәру.

Гүл мен арудың үндестігін қазақ халқы әу бастан білген, сезген. Сондықтан да қыздардың есіміне «гүл» тіркесін қосақтап, гүл аттарынан айдар таққан. «Бақтыгүл, Раушан, Райхан, Роза, Гүлбадан, Гүлшахра, Айгүл, Гүлнәр». Тізімді осылай тоқтаусыз жалғауға болады. Осы мазмұндағы гүл есімді қыздардың ғұмыры бастапқы негізіндей әдемі болып, алақандарда аялап ұстауды аңғартып тұрғандай.

Халқымыз қыздың орны төр, қыздың жолы жіңішке деп арулардың мәртебесін асқақтатып, сыйлаудың озық үлгісін көрсетіп келеді. Сол секілді табиғаттың тамаша тартуы – гүлдерді де сыйлаудың әдебі мен өз ережесі бар. Көп жағдайда жете көңіл қоймағанымызбен әр гүлді сыйлаудың реті мен мәні қалыптасқан.

Мәселен, «гүл тілінде» қызыл раушандар – ғашықтық сезімді жеткізсе, ақ раушан – адалдықты, сыйластықты аңғартады. Ал қызыл-ақ раушандар аралас гүл шоғыры – «жүрегімнің жартысы өзіңсің» дегенді тұспалдайды. Қалампыр (гвоздика) – алушы адамға деген сый-құрметіңіздің ерекше екенін білдірсе, нарғызгүл (георгина) – иесіне табыс тілеген ниетіңізді жеткізеді. Мимоза – оған  көңіліңіздің барын білдіріп, аңсарыңыздың ауғанын айқындайды. Флористер адам алғашқы махаббатына мамыргүл (сирень) сыйлағаны дұрыс деген пікірді алға тартады. Лалагүл – алушыға деген ынтызарлық ықыласыңыздың елшісі болса, шегіргүл (фиалка) қызыл раушандармен қоса сыйланса, сол адамға тамсанатыныңызды сөзсіз-ақ жеткізеді. Сондай-ақ жаңадан танысқан адамға кездесудің ары қарай жалғасқанын қалайтыныңызды сездіру үшін хризантема мен орхидеядан жасақталған гүл шоғырын сыйлаңыз. Шығыс гүлі (гортензия) және сары қалампыр алған адам берушінің өзіне деген сеніміне селкеу түскен екен деп түсінсе болады. Ал көктемнің жаршысы қызғалдақ – алушының жасына қарамай нағыз сүйікті жандарға сыйланады. Анаңызды, жарыңызды, жақын-жуығыңызды, сүйіктіңізді, қызыңызды қуанышқа бөлегіңіз келсе осы белгілерді біле жүргеніңіз абзал.

Гүл баптайтын мамандар осы бір әсемдікті сыйлар алдында алушының жасын, талғамын, екеуара қарым-қатынастың әлеуметтік деңгейін айқындап алуға кеңес береді. Сонымен қатар гүлдердің түсі, көлемі, саны, безендірілуі де белгілі бір ниетті астарлайды. Мәселен қызыл түсті гүлдер – ғашықтық пен махаббатты, ақ түстісі – құрметті, сары түс – сән-салтанатты, күлгін түс – достықтың белгісі. Гүл сыйлау этикасының кейбір ережелері әлем үшін ортақ болса, кей тұсы діни, ұлттық түсінікке байланысты белгілі бір аймаққа ғана тән.

Флористер гүл шоғырындағы әр түптің санына да ден қояды. Әлем халықтарында жұп гүлдер мазар басына қойылады деген сенім қалыптасқандықтан жинақтағы гүлдердің саны жұп болмауын қадағалау құптарлық іс.

Гүлге деген сұраныс 8 наурыз – халықаралық қыз-келіншектер мерекесінде үш есе артады. Арулардың осы бір шуақты көктем мерекесінде азаматынан гүл күтетіні тайға таңба басқандай қанық құбылыс. Нәзіктік нышаны сезім елшісін «сыйлаудың не керегі бар, негізсіз шығын» деп есептеушілер оның жеткізетін «жанартау эмоциясын», құндылығын қасаң түсінікпен қиып жатады. Ару ғұмырын аналық алып күшке жалғайтын нәзік жандылардың көңілін әп-сәтте шырқау биікке көтеріп жіберетіні үшін құшақты гүлге толтыру маңызды. Ал бәрінен көңіл қымбат емес пе?!  

egemen.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: