Папилломовирустық инфекцияда ұзақ уақыт бойы клиникалық көріністер болмауы мүмкін. Аурудың инкубациялық кезеңі бірнеше жылға созылып, оның барысында пациент вирустың әртүрлі түрлерін жұқтыруы мүмкін. Тек қоздырушы факторлардың әсерінен (иммун тапшылығы, гипотермия, стресстік жағдайлар) АПВ инфекциясының белгілерін байқауға болады. Көп жағдайда 1-2 жыл ішінде бұл инфекциядан өздігінен жазылу мүмкін, бірақ кейбір науқастарда патология созылмалы түрге ауысады.
- Жыныс сүйелдері (сүйір кондилома) – сыртқы көрінісі гүлді қырыққабатқа немесе тараққа ұқсайтын папилла тәрізді сүйір өсінділер. Олар дене түсті немесе қызғылт түсті, бір немесе бірнеше болуы мүмкін. Дененің барлық жерінде болады, бірақ көбінесе жыныс мүшелерінің терісі мен шырышты қабығында кездеседі. Папилломалар онкогендік потенциалдың төмендігімен сипатталады. Олар сирек қатерлі ісікке айналады, әдетте науқасқа ыңғайсыздық туғызбайды.
- Тегіс кондиломалар – олар өзіне тән құрылымға ие – зардап шеккен органның шырышты қабығының бетінен шықпайды. Мұндай папилломалар жоғары онкологиялық потенциалға ие. Сондықтан мұқият диагностикалауды қажет етеді. Әдетте олар қынаптың, уретраның, жатыр мойнының қабырғаларының шырышты қабатында орналасады. Кондиломаның табиғатын диагностикалау үшін биопсия қажет.
- Дисплазия – тіндердің сараланған құрылымын бұзуымен сипатталады. Қатерлі ісік патологиясының дамуына себеп болатын атипті жасушалардың болуы жиі кездеседі. Мұқият бақылауды, қажет болған жағдайда хирургиялық түзетуді қажет етеді.
Патологияның әр түрін дәрігер мұқият бақылауы керек. Онкологиялық процестің даму қаупін азайту үшін терідегі және шырышты қабаттардағы мұндай өсінділерді алып тастау ұсынылады.
АПВ алдын алу.
- Жыныстық қатынаста тек бір жыныстық серіктес болғаны дұрыс. Бұл әдіс жыныстық жолмен берілетін барлық инфекциялардан, оның ішінде АПВ-дан қорғауға мүмкіндік береді.
- Тосқауыл контрацепциясын қолдану – жеңіл, қолжетімді, бірақ әрқашан инфекциядан 100% қорғай бермейді. Науқас тіпті зақымдалған теріге тиген кезде де вирус жұқтыруы мүмкін.
- Мерзімді профилактикалық тексерулер. Қыздар гинекологиялық тексеруден тұрақты түрде өтуі керек. Осылай аурудың алғашқы белгілерін анықтап, оны емдеуді уақтылы бастауға болады.
- Вакцинация – тиімді және ыңғайлы профилактикалық әдіс! Вакцинация ерлерге де, әйелдерге де жасалуы мүмкін. Ғалымдардың пікірінше, 11-13 жас аралығындағы қыздарды вакцинациялау жатыр мойны обырының даму қаупін 90% – дан астамға төмендетеді.
2024 жылдың қыркүйегінен бастап 11 жастағы қыздарды АПВ-ға қарсы егу жұмыстары басталды.
Г.Айымбетова – аудандық СЭБ басқарма басшысы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!