«XXI ғасыр – жаңа технологиялар дәуірі» дейміз. Шыны керек, адамзаттың дамығаны соншалық, қалтаға сиятындай кішкентай ғана қораптан әлемде болып жатқан барлық жәйттан «қасқағым сәтте» хабардар боласың. «Таяқтың екі ұшы бар» демекші, мұндай жаңа технологиялардың адамзатқа пайдасынан бөлек зияны да ауыз толтырып айтарлықтай. Соның бір дәлелі әлеуметтік желі елді әбден әбігерге салды.
Жұрт желіде белсенді
Бүгінде адамзат баласының тұрмыс-тіршілігін интернет құралдарынсыз елестету мүмкін емес. Оның ішінде әлеуметтік желілер қоғам өміріне дендеп енді. Мәселен, Instagram, Facebook, Twitter, Telegram және атышулы TikTok секілді платформалар адамзатты өзіне тәуелді етіп қойды. Еліміз бойынша Instagram-ға – 12,1 млн, Facebook-қа – 2,6 млн, ал небәрі екі жылдың ішінде TikTok-қа 14,1 млн азамат тіркелген. Әсіресе TikTok әлеуметтік желісі жасөспірімдер арасында кеңінен танымал, жастардың тілімен айтсақ, «самая популярная соцсеть».
Алайда қоғамда TikTok жиі сынға ұшырайды. Елімізде алаңдаушылық білдіретін негізгі мәселе – бұл платформаның моральдық және психологиялық әсері. Жасөспірімдерге кері әсер ететін, әсіресе олардың ойлау жүйесі мен психологиялық саулығына зиян келтіретін контенттің көп болуы. TikTok-тағы бейнелер арасында қауіпті трендтер, зорлық-зомбылықты насихаттау және депрессияға әкелетін мазмұндар жиі кездеседі. Елде соңғы кезде тіркелген бірнеше қайғылы оқиға, соның ішінде кәмелетке толмағандардың суицидтке баруы осы платформамен байланысты деген де пікір бар.
Музыкалық бейнероликтердің ішінде көрсе көз ұялатын дүниелер көп-ақ. Би, әуеннен бөлек жастардың санасын улайтын видеожазбалар желіде өріп жүр. Әрине, платформаның зиян, пайдасы мүлде жоқ деп біржақты қарастырған дұрыс емес шығар. Пайдалы контенттер де баршылық. Десек те, қосымшада видеолар сүзгіден өткізілмейтіндіктен, пікір қалдыратындардың аккаунты өшірілмейтіндіктен бұл бағдарлама арқылы теріс пиғылды қаскөйлер өз дегенін істеп жүр. Атап айтсақ, қыздардың жалаңаштануы, жігіттердің боқауыз сөздері, ұлт зиялылары Абай Құнанбаев, Ахмет Байтұрсынов, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың еңбектерін, бейнелерін келеке, мазаққа айналдыру секілді орынсыз дүниелермен қоғам бетпе-бет келуде.
Психологиялық тұрғыдан әсіресе жастар арасында платформалар арқылы таралатын контенттің мінез-құлыққа әсері бар. Ата-аналар мен білім саласының мамандары TikTok-тың теріс контентіне қарсы күмәнмен қарайды, бұл олардың санасына салмақ түсіріп, өзін-өзі бағалауды төмендетуі мүмкін. Сондықтан кейбір сарапшылардың пікірінше, бұл платформаға шектеулер қою қоғамдық мүдде үшін маңызды.
Депутаттар да үн қатты
Осы орайда сенатор Геннадий Шиповских елде TikTok желісін қатаң бақылауға алу қажет екенін мәлімдеді. Ертең TikTok-қа енгізілген шектеулердің қандай себептер мен салдарлары болуы мүмкін екеніне, әлем елдерінің тәжірибесіне шолу жасап, құқықтық негіздерді қарастыра отырып, бұл шешімнің орынды немесе орынсыз екенін анықтауға тырысты.
Сенатордың пікірінше, бұл желіде балалардың психикасына, денсаулығына кері әсерін тигізетін контенттер, сондай-ақ киберқауіпсіздік пен деректердің құпиялығына қауіп төндіретін материалдар кеңінен тарап жатыр. Бұл мәселе бойынша сенатор Франция, Канада және Қырғызстан сияқты елдер TikTok-ты пайдалануды шектеу шараларын қолға алғанын еске салды.
Нақтырақ айтсақ, Геннадий Шиповских TikTok платформасында экстремизм, радикализм, сепаратизм және моральдық құндылықтарға қайшы контенттерді анықтау және шектеу бойынша нақты алгоритм енгізуді, TikTok-тың YouTube Kids секілді балаларға арналған арнайы платформасын жасауды ұсынды. Бұл 13 жасқа дейінгі балаларды қауіпті контенттен қорғау үшін маңызды. Сондай-ақ 13 жасқа толмаған балалардың ата-анасының телефонынан TikTok-қа кіргенде Face ID технологиясы арқылы шектеу механизмі енгізілуі керек.
TikTok-ты елімізде түбегейлі блоктау мәселесі бұған дейін де қоғамда кеңінен талқыланып жүр, дегенмен жауапты адамдар бұл тақырыпты әртүрлі қарастырып, терең талдау жасау қажет екенін жеткізуде.
Сөз бостандығына
не болмақ?
Иә, бүгінде дамыған, өркениетті елдермен бірге бой түзеу үшін қоғамда сөз бостандығы белең алуы керек. Алайда әлеуметтік желілерді блоктау мәселесінде басты сұрақтардың бірі бұл шаралардың сөз бостандығына әсері болып отыр. Яғни бәзбіреулердің пікірінше, TikTok сияқты платформалар сөз бостандығы мен ақпарат алмасудың маңызды құралы ретінде танылады-мыс.
Құқықтық тұрғыда Қазақстанның Конституциясы сөз бостандығын және ақпарат алу құқығын қорғайды. Алайда бұл құқықтар шексіз емес және белгілі бір жағдайларда мемлекет ұлттық қауіпсіздік немесе қоғамдық тәртіпке байланысты шектеулер енгізе алады. TikTok-тың белгілі бір контенті ұлттық мүдделерге қайшы келсе немесе халықтың қауіпсіздігіне қауіп төндірсе, онда блоктау заңды болуы мүмкін. Бірақ бұл шешім халықаралық құқықтық стандарттармен үйлесімді болуы керек.
«Цифрлық егемендік» концепциясы да осындай жағдайда қолданылады. Бұл термин интернеттегі ұлттық бақылауды күшейтуге бағытталған шараларды сипаттайды. Кейбір мемлекеттер мысалы, Қытай интернеттегі контентті қадағалап, өздерінің цифрлық егемендігін қорғауға тырысады. Алайда мұндай әрекеттер халықаралық сынға ұшырайды, себебі бұл сөз бостандығы мен жеке еркіндікке қысым ретінде бағаланады.
Аузына келгенін аталады
Әрине, қоғамда сөз бостандығының қалыптасқаны дұрыс-ақ. Десе де кейбіреулер бұл терминді дұрыс түсінбей, аузына келгенін құсатындары да бар. Мәселен, блогер ретінде белгілі Әлішер Теменов курсының кезекті легінің жарнамасында Мұқағали Мақатаевқа тіл тигізген еді.
– Мұқағали Мақатаев жалпы «жаловаться» ете беретін сорлы еркек болады ғой, вот сондай. «Бүгін менің туған күнім ой пәлі-ай, мына адамдар неге жатыр тойламай» дейді. «Ей, сен бл… (былапыт сөз) бірінші жасасаңшы туған күніңді, сосын барамыз ғой. «Банкет жасап берер едім өзім-ақ, Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай» дейді. Причем тут, Құдай? Сенің туған күніңде үстеліңнің жайылып тұрғаны Құдайға байланысты ма? Өзің жаса! Еркексің ғой, не үшін отырсың мына жерде? Отаныңды қорғайсың, еркексің, әулетіңді қорғайсың, еркексің. Әйеліңді қорғайсың, еркексің. Үкіметтен «Үйді қашан береді?» деп күтіп отырсаң, онда сен еркек емессің, – дейді ол.
Абырой болғанда блогер ақынның туған жері Қарасаз ауылына барып, Мұқағали Мақатаевтың ескерткіші алдында тізерлеп отырып, халықтан кешірім сұрады. Иә, «Бұл оқиғаның TikTok-қа не қатысы бар?» деп ойлауыңыз мүмкін. Ақынды даттаған видео әсіресе TikTok арқылы көп қаралым жинап, қоғамда вирус сияқты таралуына септігін тигізді. TikTok-та отыратындардың басым көпшілігі жасөспірімдер болғандықтан, ұлт болашағы үшін аталған платформаның қауіпті екенін осыдан-ақ пайымдауға болатындай.
Қалта қағу да
TikTok-та
TikTok психологиялық тұрғыдан кері әсерін тигізіп қана қоймай, халықтың да қалтасын қағуға септігін тигізуде. Сөзіме тұздық болсын, жуырда елге танымал әзілкеш Мұрат Әбділданың Сампо лақап атымен танымал блогермен бірлесіп өткізген желідегі тікелей эфирі көптің назарын аударған. Сол арқылы екеуі қыруар ақша тауып, қаншама азаматтың қалтасын қақты. Мысалы, Мұрат үшін көрермен 150 миллион рет лүпілдеткен. Ал эфирді тамашалағандардың саны 170 мың адам болса, 196 мың рет тікелей эфирдің сілтемесін өзгелермен бөліскен. Бұл ТМД елдері арасындағы рекорд болса керек. Көрермендердің есептеуінше, Мұрат Әбділда жарты сағат TikTok желісінің тікелей эфирінде отырып, 30 мың АҚШ долларын тапқан. Бұл теңгеге шаққанда 15 миллионға жуықтайды. Ащы болса да, шындық, желі пайдаланушылар бала-шағысының тамағынан жырып, жеңіл әзілге марқайып, өзгенің қалтасын толтыруда.
Әлем қалай күресуде?
2018 жылы халықаралық нұсқада Қытайдан бастау алған бұл платформаны бүгінде әлемнің 154 елі пайдаланады. Sensor Tower Store Intelligence сарапшыларының соңғы есебіне сәйкес, әлеуметтік желінің ресми қолданбасы App Store және Google Play дүкендерінде 3 миллиард орнатудан асқан. Бұл – желінің көз жетпес жылдамдықпен дамып жатқанының айқын дәлелі. Ал еліміз әлемде TikTok-та танымалдылық рейтингінде 291 орында.
TikTok-ты блоктап, шектеу қою мәселесі әлемнің бірнеше елінде көтерілген. Мәселен, Үндістан – TikTok-ты ең алғаш бұғаттаған елдердің бірі, яғни 2020 жылы қауіпсіздік себептеріне байланысты платформаға толығымен тыйым салған. Үндістанда TikTok-тың ұлттық қауіпсіздікке төндірген қатері басты себеп ретінде айтылды, өйткені бұл платформа пайдаланушылардың жеке мәліметтерін жинау және оны шетелдік серверлерге жіберу мәселесіне қатысты болды.
АҚШ-та да TikTok туралы дебаттар жалғасып келеді. Трамп басқарған кезде «ұлттық қауіпсіздікке қатер» деп танылып, бұғаттауға тырысқанымен, заңды даулар нәтижесінде бұл процесс тоқтатылған.
Сондай-ақ көршілес Қырғызстан да палтформаға ішінара шектеу қойып үлгерген. Елдегі пайдаланушылар Google, Opera және Safari сияқты браузерлер арқылы TikTok қолданбасына кіре алмайды. Бірақ ұялы телефондағы «Apple» және «Google Play Store» қолданбаларынан орнатылған TikTok нұсқасы жұмысын жалғастыруда.
Қырғызстанның Мәдениет министрлігі TikTok әлеуметтік желісін бұғаттау туралы өтінішті Цифрлық даму министрлігіне өткен жылы тамыздың соңында жолдаған. Ал жуырда елдің Цифрлық даму министрлігі интернет-провайдерлерге TikTok-қа қолжетімділікті шектеу туралы хат жолдады.
Десе де бұл шешімдер қоғамда да, сараптамалық ортада да дау тудыруда. Танымал әлеуметтік желіге тыйым салу шағын және орта бизнеске кері әсер етеді, қоғамдағы сөз бостандығы мен демократияға зиян келтіреді, жастар арасында өзін-өзі көрсету мүмкіндіктерін төмендетеді деген пікір тарады.
Ұстаздың жан айқайы
Еліміздің бұрынғы бас ұстазы, мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов елде TikTok пен басқа да әлеуметтік желілерді толығымен бұғаттаудың орнына, әлеуметтік желілерге кіру жасын шектеу керек екенін мәлімдеген еді.
– Әлеуметтік желілердің әсері, бұл шынымен солай екенін көрсететін зерттеулер бар. Олар айтарлықтай жағымсыз әсер етеді. Әсіресе балаларға қатысты, себебі олардың миы мен психикасының дамуы 16 жасқа дейін әлі де қалыптасу сатысында болады. Сондықтан көптеген елде шектеулер туралы заңдар қабылданады. Мысалы, мектептерде смартфондарға қол жеткізу шектелген. Ұлыбританияда осындай заңдар қабылданды, АҚШ-тың Флорида штатында да бұл талқыланып жатыр. Еуропада бұл кеңінен қолданылып жатыр, – деді депутат.
Ол сонымен қатар балаларын бақылау әдістерін де жария етті. Яғни бұл әдістер бала тәрбиесіне тікелей қатысы бар десек те болады.
– Мен ата-ана ретінде баланың экран алдында отыру уақытын шектеймін. Ата-аналар балаларының әлеуметтік желілерде қанша уақыт өткізетінін бақылауы керек. Өкінішке қарай мысалы, Apple-де тек 12 жастан бастап шектеу бар. Бірақ менің ойымша, жас шектеуі жоғары болуы керек, шамамен 15-16 жасқа дейін. Зерттеулер көрсеткендей, әлеуметтік желілерге қол жеткізу жасы әлдеқайда жоғары болуы керек. Ата-аналар балалардың интернетте не істеп жүргенін қадағалап, реттеуі тиіс. Алайда тек толық тыйым салу шешім бола алмайды, – деді ол.
Бір сөзбен айтқанда, Мәжіліс депутаты бұл мәселеге дұрыс, теңгерімді көзқарас керек екенін атап өтті. Ол сондай-ақ сенімді әңгіме мен сенімді бақылаудың рөлін де айрықша көрсетті.
– Әрине, Tiktok-тың зияны мол. Оқушы уақытының көп бөлігін құрбан етеді. Оның орнына неғұрлым пайдалы іспен айналысып, қоғамдық жұмыстармен шұғылданса, уақытын тиімді өткізер еді. Жаңалықтардан көріп отырмыз, тіпті айтуға қорқынышты жайттар орын алуда. Интернеттің кесірінен кейбір ата-аналар балаларынан айырылып қалуда. Сондықтан ата-анада өз тарапынан баласының шығармашылыққа жақын болуына атсалысуы керек. Сонда ғана баланың ой өрісі дамып, шығармашылық потенциалы артып, көзқарасы да өзгереді, – дейді аудандағы №31 мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бахтияр Мұратбек.
Түйін: Сарапшылардың айтуынша, TikTok-ты блоктау – өте күрделі әрі көпқырлы мәселе. Әлеуметтік, құқықтық, экономикалық және мәдени аспектілерді ескерсек, TikTok-ты түбегейлі шектеу үшін барлық мүддені ескере отырып, жан-жақты саралау қажет. Сондықтан жай ғана блоктаудың орнына платформада контентті реттеу, қауіпті материалдарды шектеу және жастарды дұрыс тәрбиелеу мәселесін күшейту маңызды деп ойлаймын. Біздікі – ой салу, қалғаны жауаптылардың еншісінде.
Жандос МАХМҰТҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!