Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

4°C

, Сенбі, 09 қараша, 06:03

Әбігерге салған әлеуметтік желі

08.10.2024

253

0

«XXI ғасыр – жаңа технологиялар дәуірі» дейміз. Шыны керек, адамзаттың дамығаны соншалық, қалтаға сиятындай кішкентай ғана қораптан әлемде болып жатқан барлық жәйттан «қасқағым сәтте» хабардар боласың. «Таяқтың екі ұшы бар» демекші, мұндай жаңа технологиялардың адамзатқа пайдасынан бөлек зияны да ауыз толтырып айтарлықтай. Соның бір дәлелі әлеуметтік желі елді әбден әбігерге салды.

Жұрт желіде белсенді

Бүгінде адамзат баласының тұрмыс-тіршілігін интернет құралдарынсыз елес­тету мүмкін емес. Оның ішінде әлеу­меттік желілер қоғам өміріне дендеп енді. Мәселен, Instagram, Facebook, Twit­ter, Telegram және атышулы TikTok се­кілді платформалар адамзатты өзіне тәуелді етіп қойды. Еліміз бойынша Instagram-ға – 12,1 млн, Facebook-қа – 2,6 млн, ал небәрі екі жылдың ішінде TikTok-қа 14,1 млн азамат тіркелген. Әсіресе TikTok әлеуметтік желісі жасөспірімдер арасында кеңінен танымал, жастардың тілімен айтсақ, «самая популярная соцсеть».

Алайда қоғамда TikTok жиі сынға ұшырайды. Елімізде алаңдаушылық біл­діретін негізгі мәселе – бұл плат­форманың моральдық және психо­логиялық әсері. Жасөспірімдерге кері әсер ететін, әсіресе олардың ойлау жүйесі мен психологиялық саулығына зиян келтіретін контенттің көп болуы. TikTok-тағы бейнелер арасында қауіпті трендтер, зорлық-зомбылықты наси­хаттау және депрессияға әкелетін маз­мұндар жиі кездеседі. Елде соңғы кезде тіркелген бірнеше қайғылы оқиға, соның ішінде кәмелетке толмағандардың суи­цидтке баруы осы платформамен бай­ла­нысты деген де пікір бар.

Музыкалық бейнероликтердің ішін­де көрсе көз ұялатын дүниелер көп-ақ. Би, әуеннен бөлек жастардың сана­сын улайтын видеожазбалар желіде өріп жүр. Әрине, платформаның зиян, пай­дасы мүлде жоқ деп біржақты қа­рас­тырған дұрыс емес шығар. Пай­далы контенттер де баршылық. Де­сек те, қосымшада видеолар сүз­гі­ден өткізілмейтіндіктен, пікір қалды­ра­тын­дардың аккаунты өшіріл­мей­тіндіктен бұл бағдарлама арқылы теріс пиғылды қас­көйлер өз дегенін істеп жүр. Атап айтсақ, қыздардың жалаңаш­та­нуы, жі­гіт­тердің боқауыз сөздері, ұлт зия­лылары Абай Құнанбаев, Ах­мет Бай­­тұрсынов, Алаш көсемі Әлихан Бө­кей­ханов, ақиық ақын Мұқағали Ма­­қатаев­тың еңбектерін, бейнелерін ке­леке, ма­заққа айналдыру секілді орын­­сыз дүние­лер­мен қоғам бетпе-бет ке­лу­де.

Психологиялық тұрғыдан әсіресе жастар арасында платформалар ар­қылы таралатын контенттің мінез-құ­лық­қа әсері бар. Ата-аналар мен білім саласының мамандары TikTok-тың теріс кон­тентіне қарсы күмәнмен қарайды, бұл олардың санасына салмақ түсіріп, өзін-өзі бағалауды төмендетуі мүмкін. Сон­дықтан кейбір сарапшылардың пікі­рінше, бұл платформаға шектеулер қою қоғамдық мүдде үшін маңызды.

Депутаттар да үн қатты

Осы орайда сенатор Геннадий Ши­повских елде TikTok желісін қатаң бақылауға алу қажет екенін мәлімдеді. Ертең TikTok-қа енгізілген шектеулердің қандай себептер мен салдарлары болуы мүмкін екеніне, әлем елдерінің тә­жі­рибесіне шолу жасап, құқықтық негіздерді қарастыра отырып, бұл ше­шімнің орынды немесе орынсыз екенін анықтауға тырысты.

Сенатордың пікірінше, бұл желіде балалардың психикасына, ден­сау­лы­ғына кері әсерін тигізетін контенттер, сондай-ақ киберқауіпсіздік пен дерек­тердің құпиялығына қауіп төн­діретін материалдар кеңінен тарап жа­тыр. Бұл мәселе бойынша сенатор Фран­ция, Канада және Қырғызстан сияқ­ты елдер TikTok-ты пайдалануды шек­теу шараларын қолға алғанын еске салды.

Нақтырақ айтсақ, Геннадий Ши­повских TikTok платформасында экс­тремизм, радикализм, сепаратизм және моральдық құндылықтарға қайшы кон­тенттерді анықтау және шектеу бойынша нақты алгоритм енгізуді, TikTok-тың YouTube Kids секілді балаларға ар­налған арнайы платформасын жа­сауды ұсынды. Бұл 13 жасқа дейінгі балаларды қауіпті контенттен қорғау үшін маңызды. Сондай-ақ 13 жасқа толмаған балалардың ата-анасының телефонынан TikTok-қа кіргенде Face ID технологиясы арқылы шектеу ме­ханизмі енгізілуі керек.

TikTok-ты елімізде түбегейлі блок­тау мәселесі бұған дейін де қоғамда кеңінен талқыланып жүр, дегенмен жауапты адамдар бұл тақырыпты әртүрлі қарас­тырып, терең талдау жасау қажет еке­нін жеткізуде.

Сөз бостандығына
не болмақ?

Иә, бүгінде дамыған, өркениетті елдермен бірге бой түзеу үшін қоғамда сөз бостандығы белең алуы керек. Алайда әлеуметтік желілерді блоктау мәселесінде басты сұрақтардың бірі бұл шаралардың сөз бостандығына әсері болып отыр. Яғни бәзбіреулердің пікірінше, TikTok сияқты платформалар сөз бостандығы мен ақпарат алмасудың маңызды құралы ретінде танылады-мыс.

Құқықтық тұрғыда Қазақстанның Конституциясы сөз бостандығын және ақпарат алу құқығын қорғайды. Алайда бұл құқықтар шексіз емес және белгілі бір жағдайларда мемлекет ұлттық қа­уіпсіздік немесе қоғамдық тәртіпке бай­ланысты шектеулер енгізе алады. TikTok-тың белгілі бір контенті ұлттық мүдделерге қайшы келсе немесе халықтың қауіпсіздігіне қауіп төндірсе, онда блоктау заңды болуы мүмкін. Бірақ бұл шешім халықаралық құқықтық стандарттармен үйлесімді болуы керек.

«Цифрлық егемендік» концепциясы да осындай жағдайда қолданылады. Бұл термин интернеттегі ұлттық ба­қы­лауды күшейтуге бағытталған ша­раларды сипаттайды. Кейбір мемлекет­тер мысалы, Қытай интернеттегі кон­­тентті қадағалап, өздерінің цифрлық еге­мендігін қорғауға тырысады. Алайда мұндай әрекеттер халықаралық сынға ұшырайды, себебі бұл сөз бостандығы мен жеке еркіндікке қысым ретінде бағаланады.

Аузына келгенін аталады

Әрине, қоғамда сөз бостандығының қалыптасқаны дұрыс-ақ. Десе де кей­біреулер бұл терминді дұрыс түсінбей, аузына келгенін құсатындары да бар. Мәселен, блогер ретінде белгілі Әлішер Теменов курсының кезекті легінің жарнамасында Мұқағали Мақа­таевқа тіл тигізген еді.

– Мұқағали Мақатаев жалпы «жа­ловаться» ете беретін сорлы еркек болады ғой, вот сондай. «Бүгін менің туған күнім ой пәлі-ай, мына адамдар неге жатыр тойламай» дейді. «Ей, сен бл… (былапыт сөз) бірінші жасасаңшы туған күніңді, сосын барамыз ғой. «Бан­кет жасап берер едім өзім-ақ, Тәңір­дің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай» дейді. Причем тут, Құдай? Сенің туған күніңде үстеліңнің жайылып тұрғаны Құдайға байланысты ма? Өзің жаса! Еркексің ғой, не үшін отырсың мына жерде? Отаныңды қорғайсың, еркексің, әуле­тіңді қорғайсың, еркексің. Әйеліңді қорғайсың, еркексің. Үкіметтен «Үйді қашан береді?» деп күтіп отырсаң, он­да сен еркек емессің, – дейді ол.

Абырой болғанда блогер ақынның туған жері Қарасаз ауылына барып, Мұқағали Мақатаевтың ескерткіші ал­дын­да тізерлеп отырып, халықтан кешірім сұрады. Иә, «Бұл оқиғаның TikTok-қа не қа­тысы бар?» деп ой­ла­уыңыз мүмкін. Ақынды даттаған видео әсіресе TikTok арқылы көп қаралым жинап, қоғамда вирус сияқты таралуына септігін тигізді. TikTok-та отыратындардың басым көп­шілігі жас­өспірімдер болғандықтан, ұлт бо­лашағы үшін аталған платформаның қауіпті екенін осыдан-ақ пайымдауға бо­латындай.

Қалта қағу да
TikTok-та

TikTok психологиялық тұрғыдан кері әсерін тигізіп қана қоймай, халықтың да қалтасын қағуға септігін тигізуде. Сөзіме тұздық болсын, жуырда елге танымал әзілкеш Мұрат Әбділданың Сампо лақап атымен танымал бло­гер­мен бірлесіп өткізген желідегі тікелей эфирі көптің назарын аударған. Сол ар­қылы екеуі қыруар ақша тауып, қаншама азаматтың қалтасын қақты. Мысалы, Мұрат үшін көрермен 150 миллион рет лүпілдеткен. Ал эфир­ді тамашалағандардың саны 170 мың адам болса, 196 мың рет тіке­лей эфир­дің сілтемесін өзгелермен бө­ліскен. Бұл ТМД елдері арасындағы рекорд болса керек. Көрермендердің есептеуінше, Мұрат Әбділда жарты сағат TikTok же­лісінің тікелей эфирінде отырып, 30 мың АҚШ долларын тапқан. Бұл теңгеге шаққанда 15 мил­лионға жуықтайды. Ащы болса да, шын­дық, желі пайдаланушылар бала-шағысының тамағынан жырып, жеңіл әзіл­ге марқайып, өзгенің қал­тасын тол­тыруда.

Әлем қалай күресуде?

2018 жылы халықаралық нұс­қада Қытайдан бастау алған бұл платформаны бүгінде әлемнің 154 елі пайдаланады. Sensor Tower Store Intelligence сарапшыларының соңғы есебіне сәйкес, әлеуметтік желінің ресми қолданбасы App Store және Google Play дүкендерінде 3 миллиард орнатудан асқан. Бұл – желінің көз жетпес жыл­дамдықпен дамып жатқанының айқын дәлелі. Ал еліміз әлемде TikTok-та та­нымалдылық рей­тингінде 291 орын­да.

TikTok-ты блоктап, шектеу қою мә­селесі әлемнің бірнеше елінде көте­рілген. Мәселен, Үндістан – TikTok-ты ең алғаш бұғаттаған елдердің бірі, яғни 2020 жылы қауіпсіздік себептеріне байланысты платформаға толығымен тыйым салған. Үндістанда TikTok-тың ұлттық қауіпсіздікке төндірген қатері басты себеп ретінде айтылды, өйткені бұл платформа пайдаланушылардың жеке мәліметтерін жинау және оны шетелдік серверлерге жіберу мәсе­лесіне қатысты болды.

АҚШ-та да TikTok туралы дебаттар жал­ғасып келеді. Трамп басқарған кезде «ұлттық қауіпсіздікке қатер» деп таны­лып, бұғаттауға тырысқанымен, заңды даулар нәтижесінде бұл процесс тоқтатылған.
Сондай-ақ көршілес Қырғызстан да палтформаға ішінара шектеу қойып үл­герген. Елдегі пайдаланушылар Google, Opera және Safari сияқ­ты браузерлер арқылы TikTok қол­­дан­басына кіре алмайды. Бірақ ұялы телефондағы «Apple» және «Google Play Store» қол­данбаларынан орна­тыл­ған TikTok нұсқасы жұмысын жалғастыруда.

Қырғызстанның Мәдениет минис­тр­лігі TikTok әлеуметтік желісін бұ­ғат­тау туралы өтінішті Цифрлық даму ми­нистрлігіне өткен жылы тамыздың соңында жолдаған. Ал жуырда ел­дің Цифрлық даму минис­трлігі ин­тернет-провайдерлерге TikTok-қа қолже­тім­ділікті шектеу туралы хат жолдады.

Десе де бұл шешімдер қоғамда да, сараптамалық ортада да дау тудыруда. Танымал әлеуметтік желіге тыйым салу шағын және орта бизнеске кері әсер етеді, қоғамдағы сөз бостандығы мен демократияға зиян келтіреді, жас­тар арасында өзін-өзі көрсету мүм­кін­діктерін төмендетеді деген пікір тарады.

Ұстаздың жан айқайы

Еліміздің бұрынғы бас ұстазы, мә­жіліс депутаты Асхат Аймағамбетов елде TikTok пен басқа да әлеуметтік желілерді толығымен бұғаттаудың ор­нына, әлеуметтік желілерге кіру жасын шектеу керек екенін мәлімдеген еді.

– Әлеуметтік желілердің әсері, бұл шынымен солай екенін көрсететін зерт­теулер бар. Олар айтарлықтай жа­ғымсыз әсер етеді. Әсіресе бала­ларға қатысты, себебі олардың миы мен психикасының дамуы 16 жасқа дейін әлі де қалыптасу сатысында болады. Сондықтан көптеген елде шектеулер туралы заңдар қабылданады. Мысалы, мектептерде смартфондарға қол жет­кізу шектелген. Ұлыбританияда осын­дай заңдар қабылданды, АҚШ-тың Флорида штатында да бұл талқыланып жатыр. Еуропада бұл кеңінен қолда­нылып жатыр, – деді депутат.

Ол сонымен қатар балаларын ба­қылау әдістерін де жария етті. Яғни бұл әдістер бала тәрбиесіне тікелей қатысы бар десек те болады.

– Мен ата-ана ретінде баланың экран алдында отыру уақытын шек­тей­мін. Ата-аналар балаларының әлеу­­­меттік желілерде қанша уақыт өткізетінін бақылауы керек. Өкінішке қарай мысалы, Apple-де тек 12 жастан бастап шектеу бар. Бірақ менің ойымша, жас шектеуі жоғары болуы керек, шамамен 15-16 жасқа дейін. Зерттеулер көрсеткендей, әлеуметтік желілерге қол жеткізу жасы әлдеқайда жоғары болуы керек. Ата-аналар балалардың интернетте не істеп жүргенін қадағалап, реттеуі тиіс. Алайда тек толық тыйым салу шешім бола алмайды, – деді ол.

Бір сөзбен айтқанда, Мәжіліс де­путаты бұл мәселеге дұрыс, теңгерімді көзқарас керек екенін атап өтті. Ол сондай-ақ сенімді әңгіме мен сенімді бақылаудың рөлін де айрықша көрсетті.

– Әрине, Tiktok-тың зияны мол. Оқу­шы уақытының көп бөлігін құрбан етеді. Оның орнына неғұрлым пайдалы іспен айналысып, қоғамдық жұмыстармен шұғылданса, уақытын тиімді өткізер еді. Жаңалықтардан көріп отырмыз, тіпті айтуға қорқынышты жайттар орын алуда. Интернеттің кесірінен кей­­­бір ата-аналар балаларынан айы­рылып қалуда. Сон­дықтан ата-ана­да өз тарапынан ба­ласының шы­ғар­ма­шы­лыққа жақын болуына атсалысуы керек. Сонда ғана баланың ой өрісі дамып, шығар­ма­шылық потенциалы артып, көзқарасы да өзгереді, – дейді аудандағы №31 мектеп-гимназиясы ди­ректорының тәрбие ісі жөніндегі орын­басары Бахтияр Мұратбек.

Түйін: Сарапшылардың айтуынша, TikTok-ты блоктау – өте күрделі әрі көпқырлы мәселе. Әлеуметтік, құқық­­тық, эконо­микалық және мәдени ас­пек­­тілерді ескерсек, TikTok-ты тү­бе­гейлі шектеу үшін барлық мүддені ескере отырып, жан-жақты саралау қажет. Сондықтан жай ғана блоктаудың ор­нына платформада контентті реттеу, қауіпті материалдарды шектеу және жастарды дұрыс тәрбиелеу мәселесін күшейту маңызды деп ой­лаймын. Біздікі – ой салу, қалғаны жауаптылардың ен­шісінде.

Жандос МАХМҰТҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: