Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

11°C

, Сенбі, 27 сәуiр, 06:12

Әдеп кодексін сақтау – мемлекеттік қызметшінің міндеті

16.02.2023

487

0

Халық пен биліктің арасын жақындату жолында атқарған жұмысымыздың жемісін көреміз десек, алдымен мемлекеттік қызметшілердің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдірудің маңызы жоғары. Осы тұрғыда мемлекеттiк қызметшiлердiң моральдық-адамгершiлік бейнесiне және iскерлiк қасиеттеріне қойылатын талаптардың жоғары болатыны анық.

Иә, кез келген елде мемлекеттік қызмет ерекше маңызға ие. Сондықтан мемлекеттік қызметшілер өз жұмысында мемлекеттік саясатты ұстануға және оны іс жүзінде жүзеге асыруға, қоғамның мемлекеттік қызметке, мемлекет пен оның институттарына деген сенімін сақтауға және нығайтуға ден қойғаны абзал.

«Қоғамда мемлекеттік қызметшілер өз міндеттері мен функцияларын заңға сәйкес тиімді түрде орындайды» деген түсінік қалыптасу үшін қайтпек керек? Бұл сауалдың түйінін тарқатуға ден қойған кез келген адам алдымен мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінде қамтылған талаптарға лайық болуы тиіс. Себебі бұл кодекс мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандарттарын белгілейді, қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін, парасаттылық атмосферасын қалыптастыруға, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға негізделген. Ал бұл қызметтік әдеп стандарттары барлық мемлекеттік қызметшілер үшін міндетті.

Мемлекеттік қызметкер алдымен қоғам игілігі үшін мемлекетке кәсіби һәм жауапты қызмет етуді мақсат етуі тиіс. Сонда ғана өз міндеттеріне шынайы көзқарас қалыптасады. Қоғамда жеке және заңды тұлғалардың, қоғамдық топтар мен ұйымдардың ықпалына қарамастан заңды шешім қабылдау және кез келген мән-жайлар бойынша біржақтылық пен субъективтілік себебінен адамдарды кемсітуге жол берілмейді.

Мемлекеттік қызметкерге біріншіден ашықтық қажет. Осы арқылы ол өзінің халықпен жұмыс істеуге дайын екенін көрсетеді. мемлекеттік қызметті жүзеге асыратын адам бір жағынан азаматтар мен әріптестеріне дұрыс және құрметпен қарауы тиіс.

Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандарттары қандай? Бағана бұл тұрғыда оларға қойылатын талаптың едәуір жоғарылағанын атап өттік. Енді солардың бірқатарына тоқталсақ…

Біріншіден, мемлекеттік қызметкерге қарапайым болудың маңызы жоғары. Сондай-ақ ол жұмыс барысында, қоғамда жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептік нормаларды сақтау, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауы тиіс. Ал мұндай олқылыққа мемлекеттік қызметші тарапынан жол берілсе, әлбетте халықтың билікке деген сенімі жойылады.

Мемлекеттік қызметші бір жағынан мемлекет мүдделеріне және азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіретін әрекеттерге қарсы тұруы тиіс. Оның заңда белгіленген шектеулерді сақтау, мүдделер қақтығысын болдырмау бағытында қабылдаған шешімі де маңызды.

Ол халықпен тығыз жұмыс жасайтын болғандықтан азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік танытуы керек, дөрекілік, адамдардың қадір-қасиетін кемсіту, әдепсіздік және бейәдеп мінез-құлық фактілеріне жол беу, өздерінің әрекеттерімен және мінез-құлқымен олардың тарапынан сынға себепкер болу сынды жағымсыз әрекеттерден ада болуы тиіс.

Жалпы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында да кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру негізгі міндет ретінде қарастырылған. Ал оның 12 қадамында жаңа этикалық ережелерді енгізу жайының қамтылуы тегін емес. Мақсатына үңілсек, түптеп келгенде мемлекеттік қызметтің жаңа этикалық кодексін әзірлеуге бағытталғанын аңғара қоямыз.

7 жыл бұрын елімізде Әдеп кодексі қабылданып, Әдеп жөніндегі уәкіл лауазымы да пайда болды. Содан бері Әдеп жөніндегі уәкіл де жұмысын бастап кетті. Ал «Оның функциясына не кіреді?» деген сауалға тоқталсақ, тарқатар дүние көп. Мәселен, ол біріншіден қызметтік әдеп нормаларының сақталуын қадағалайды. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінде көрсетілген нормаларды сақтай отырып, халықпен тіл табысып жұмыс жасауына да баға бере алады. Ол – бір жағынан өз функциясы шеңберінде мемлекеттік қызметкерлер мен азаматтарға консультация беретін мемлекеттік қызметші.

Жалпы қазақ әдепті болуды отбасында баласының бойына тәрбие арқылы сіңірді. Себебі отбасында айтылған әдептің ертең ел болашағында маңызды рөл атқаратынын түйсігімен түсінді. Әдеп арқылы мемлекеттік қызметкердің мінез-құлқында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптасады. Мемлекеттік қызметшінің білімі мен білігін жетілдіруге даңғыл жол ашылады. Ұжымдық моралдық әдептілік нормаларына сай өзара қатынастар мәдениет те әдеп арқылы қалыптасары сөзсіз. Бір сөзбен айтқанда, кез келген мемлекеттік қызметші Әдеп кодексінде қамтылған нормаларды сақтай отырып, жұмыс жасағаны абзал. Сонда ғана халық пен билік арасы жақындап, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқан «Ашық мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға жол ашылады.

Мадина ТҰРСЫНБАЕВА,

аудандық қазынашылық басқармасының бас маман-бас қазынашысы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: