Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

21°C

, Жұма, 26 сәуiр, 18:25

Әдепті болу –
әрбір мемлекеттік қызметшінің міндеті

21.06.2022

524

0

Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық стандарттары қандай болуы керек, осыны тайға таңба басқандай айқындап берді. Осы арқылы мемлекеттiк қызметшiлердiң моральдық-адамгершiлік бейнесiне және iскерлiк қасиеттеріне қойылатын талаптар жоғарылады. Ол жалпы ережелер, мінез-құлықтың жалпы стандарттары, қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық, қызметтік қатынастардағы мінез-құлық және көпшілік алдында, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеумен байланысты мінез-құлық стандарттары деген бес бөлімнен тұрады.

«Бұл кодекстің бізге қажеті қанша?» деген сауалға жауап көп. Иә, әдеп қазақта бұрын да болған, қазір де бар, бола береді де. Бірақ дәл осы нормалардың барлығы мемлекеттік қызметшілердің бойынан табылуы үшін бізге Әдеп кодексі қажет болатыны анық.


Негізінен оның басты міндетіне келсек, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтардың, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтардың профилактикасына бағытталған іс-шараларды әзірлеу, мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік әдепті сақтаудағы жауапкершілік деңгейін арттыруды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдау, әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметін үйлестіру және мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларымен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеуге қолғабыс боларын тез түсіне қоямыз.


Жалпы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында да кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру негізгі міндет ретінде қарастырылған. Ал оның 12 қадамында жаңа этикалық ережелерді енгізу жайының қамтылуы тегін емес. Мақсатына үңілсек, түптеп келгенде мемлекеттік қызметтің жаңа этикалық кодексін әзірлеуге бағытталғанын аңғара қоямыз.


Осыдан 6 жыл бұрын Әдеп кодексі қабылданып, Әдеп жөніндегі уәкіл лауазымы да пайда болды. Ұлт жоспарында қамтылып, белгілі бір қадамында оған ерекше тоқталудың мақсатын қазір түсіндіру де артық болар, бәлкім. Олай дейтінім, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметте мемлекеттік қызметкердің әдебі маңызды рөл атқарады. Неге олай? Бұл шындығында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан «Ашық мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруда айрықша маңызға ие. Ал мемлекеттік қызметкердің бойында әдеп болмай бұл тұжырымдаманы жүзеге асыру мүмкін емес те.
Иә, елімізде Әдеп кодексі қабылданғаннан бері Әдеп жөніндегі уәкіл де жұмысын бастап кетті. Ал «Оның функциясына не кіреді?» деген сауалға тоқталсақ, тарқатар дүние көп. Мәселен, ол біріншіден қызметтік әдеп нормаларының сақталуын қадағалайды. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінде көрсетілген нормаларды сақтай отырып, халықпен тіл табысып жұмыс жасауына да баға бере алады. Ол – бір жағынан өз функциясы шеңберінде мемлекеттік қызметкерлер мен азаматтарға консультация беретін мемлекеттік қызметші.


Біз осыдан 6 жыл бұрын қабылданған Әдеп кодексі арқылы неге қол жеткіземіз? Бұл сауалдың да түйінін тарқатсақ, жазылар дүние көп. Біріншіден, бұл заң қызметтік әдеп нормаларының бұзылуына жол бермейді. Екіншіден, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуына жол ашылады. Дәл осы Әдеп кодексі аясында моральдық-әдептілік нормаларына сай өзара қатынастар мәдениеті қалыптасады.


Жалпы қазақ әдепті болуды отбасында баласының бойына тәрбие арқылы сіңірді. Себебі отбасында айтылған әдептің ертең ел болашағында маңызды рөл атқаратынын түйсігімен түсінді. Әдеп арқылы мемлекеттік қызметкердің мінез-құлқында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптасады. Мемлекеттік қызметшінің білімі мен білігін жетілдіруге даңғыл жол ашылады. Ұжымдық моралдық әдептілік нормаларына сай өзара қатынастар мәдениет те әдеп арқылы қалыптасары сөзсіз. Бір сөзбен айтқанда, кез келген мемлекеттік қызметші Әдеп кодексінде қамтылған нормаларды сақтай отырып, жұмыс жасағаны абзал. Сонда ғана халық пен билік арасы жақындап, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқан «Ашық мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға жол ашылады.
Президент неге «Ашық мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға тиіспіз дейді? Бұл бірінші кезекте халық пен билік арасындағы алшақтықты жақындатады. Ал өзара түсіністік қалыптасқан қоғамда жүйе боларын айтпаса да жақсы білесіздер. Бірақ оның жүзеге асуына басты себеп осы әдеп екенін ұмытпаған абзал. Себебі Әдеп кодексінде көрсетілген барлық нормаларға сай жұмыс жасаған мемлекеттік қызметші өз саласында сыбайлас жемқорлыққа да мүлде жол бермейтіні анық.

Дастан БАХТИЯРОВ,
аудандық қазынашылық
басқармасы басшысының орынбасары

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: