Төбесінде бұлт аунар,
Жер бетінде тұр таулар.
Бірақ мына мен үшін,
Бәрінен биік бір тау бар.
Кім десе егер сенерің,
Әкем менің дер едім.
Сол биікке күн сайын,
Қарап өсіп келемін, – деп ақын Қуат Адис жырға қосқандай, қазақ қоғамы әке қадірін таудан да биік санаған.
Иә, «Ата – сая болар бағың болса, әке – асқар тауың» дейді қазақта, сол себепті отбасылық құндылықтарды ілгерілетуге, отбасы институтын нығайтуға, сондай-ақ әкелер институтын дамытуға ықпал ету мақсатында елімізде Әкелер күні – маусымның үшінші жексенбісі күні аталып өтетін болды.
Осы орайда бүгін «Әке – шаңырақтың тірегі» атты аудандық әкелер кездесуі өтті. Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев бастаған аудан ақсақалдары, білім саласының ардагері, көпбалалы әке Әбілхайыр Ералиев, жас жігіттің өміріне араша болған полиция майоры Ержан Абдрамановтың әкесі Асылхан Абдраманов, ұл-қыздары әлем кубогының жүлдегерлері атанып жүрген Қайрат Өлментай, сондай-ақ ауданның өзге де ер-азаматтары қатысты.
– Әке – баланың тірегі, лүпілдеген жүрегі, ойындағы санасы, өмірдегі панасы. Әке отбасының асыраушысы. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері мен білімі баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы. Иә, бала мен әке ынтымағы болмаған жерде әке жылуы сезілмейді. Сондықтан ер бала әкесімен сырлас, жолдас, дос. Ол әрқашан бір әрекет жасау үшін әуелі әкесімен сырласады. «Бір бала бар – атаға жете туады, бір бала бар – кері кете туады» деген тұжырымға сай баланың қандай болмағына негіз қалайтын әкенің өзі. Сондықтан әлемнің көптеген елдерінде отбасылық құндылықтарды насихаттау, отбасы және ата-ана институтын нығайту үшін аталып өтетін «Әкелер күні» мерекесі елімізде де ресми мереке ретінде белгіленді. Мерекеде алдымен анасын, одан кейін аяулы жары мен қыздарын қадірлей білген, отбасында өзінің де қадірі бар ер-азаматтың өмірі – күнде мереке. Бұл сөзіме Бұқар жыраудың «Әкелі бала – жаужүрек, жиын тойға барады, төрден орын алады, бітіреді жұмысын, тастан да өтер жебесі» деген сөзі дәлел деп білемін. Әрине барлық әкелер бірдей дей алмаймын. Қазірде жүзі кеткен пышақ секілді болып бара жатырған әкелерде бар. Үйдегі әйеліне сөзін өткізе алмайтын, әкенің жігерсіздігінен балалары жасқаншақ, қорқақ, қоғамға пайдасы жоқ болып өсіп келеді. Сондықтан бұл күннің, осындай жиындардың жиі ұйымдастырылуы қоғам үшін, отбасы институтының дамуы үшін маңызы зор, – деді Ғани Сүлейменов.
Халқымызда «Әкесі қой баға білмегеннің, баласы қозы баға білмейді», «Баласы жаман болса, әкесін түйе үстінен ит қабар» деген өмір көшімен ілесіп бізге жеткен, өз мәнін жоймай, тәрбиелік қуатын өз бойына жинақтаған ұлағатты сөздер көптеп кездеседі. Шыны керек, түрлі кезеңдерде бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі әр түрлі сипатта көрінеді. Кеңес дәуірінде әкелер өз балаларын қатаң тәртіппен тәрбиелеген. Ал балалары әкелеріне ешқандай қарсы сөз айтпаған, қарсыласпаған, ал егер әкенің пікірімен келіскілері келмесе, бұл үшін жазаланып отырған. Әкенің сөзі заң болған. Әкенің шаңырағын ешкімге сатпаған, көздің қарашығындай сақтаған. Әкенің үйі – бұл қасиетті үй.
«Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» демекші, өңірімізден талай дүлділ ақын да, спортшы да, 5 саусағынан өнер тамған өнер адамы да, рухты батыр да шыққан. Мәселен бүгінгі күннің батырлары Астанада зәулім үйдің терезесінде ілініп тұрған үш жасар баланы ерлікпен құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаев, жақында ғана суға батып бара жатқан студенттің өмірін аман алып қалған полиция майоры Ержан Әбдірамановтардың көзсіз ерліктері кейінгі ұрпаққа өнеге, тәлім-тәрбие десек артық айтқандық емес. Батыр өмірге батыр болып келмейтіні белгілі, оған баланың өскен ортасы, отбасындағы алған тәрбиесі, әсіресе әкенің тәлімі әсер етеді. Міне, осындай батырларды тәрбиелеп өсірген абырой биігіндегі әкелер де осы форумнан бой көрсетті. Әрине батыр ұлды тәрбиелеген әкенің айтары, берер кеңесі болары хақ.
– «Көре-көре көсем болады, сөйлей-сөйлей шешен болады, баулыған соң батыр болады» деген қазақта бір мақал бар. Қазақ даласында әсіресе, ер балаларды ерлікке, батырлыққа баулитын әкелер мектебі болған. Әкеге құрмет көрсетуге, қызмет етуге баланы жасынан анасы үйретіп отырса, мұндай отбасында әрдайым тәртіп, ынтымақ пен бірлік болатыны сөзсіз. Өйткені ұл-қызын намысшылдыққа, елі үшін, қала берді өз бауырлары үшін еңбек етіп, өмір сүруге баулып отыруда әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнер-білімі, мейірімі мен талап қойғыштығы, еңбекқорлығы шешуші маңызға ие болады. Иә, ұлым жақында қызметтік борышын адал орындап, жас баланы тілсіз жаудан құтқарып қалды. Әрине ұлымның ерлігін мақтан етемін, дегенмен Ержан өзінің Отан алдындағы міндетін орындады деп ойлаймын. Видеоны көргенде балам үшін қобалжығаным рас, десе де ерлік жасау үшін тек біреудің өмірін аман алып қалу ғана емес, сенің күнделікті елің, отбасың үшін еткен еңбегің, адалдығың, қамқорлығын, имандылығың, осының барлығы ер адам үшін батырлыққа тең деп айта аламын» – деді батырдың әкесі Асылхан Шайзадаұлы.
Жиында ақсақалдар әкенің қоғамдағы орны, қадір-қасиеті, бала тәрбиелудегі іс-әрекеті, жалпы отбасы құндылықтары туралы тұшымды, ой түйетін ақыл-кеңестерін ортаға салып, өмірде көрген тәжірибелерімен бөлісті.
Бала бойындағы жақсылы-жаманды қасиеттерін байқаса, қазақ оны ең бірінші әке мен ата тәрбиесінен көреді, тегіне тартқан дейді. «Әкесі сондай адам еді, атасы жақсы адам, көргенді бала» деп ер адам тәрбиесін насихаттайды. Өйткені әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оның жақсы тәрбиесі. Бұрын баласы 14-15 жасқа келгенде атқа мінгізіп, алыстағы аузы дуалы ақсақал қарттарға сәлем беріп кел деп жіберетін дәстүр болған. Бұл арқылы баланы сынға салса, сондай-ақ көпті көрген көнекөз, көкірегі қазыналы қарттардың әңгімесіне қанығудың берері мол болған. Яғни тарихта болған жайларды, бабалар ерлігін жырлап, шежірені тарқата айтатын дана қариялар қазақтың маңдайына біткен кең де дархан даланың қасиетін сезіндіріп, бабалардың ерлігі мен көреген саясатының арқасында оның ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалғанын бала жүрегіне жеткізе білген еді.
Сондықтан дәстүрлі қазақ қоғамында тәрбие алған қазақ баласының әкеге деген құрметі ерекше болатын. Жүзінен мейірім төгіліп тұрмағанмен, қас-қабағынан бәрін түсініп өскен бала әке қаһарынан сескеніп жүретін, түзу жолмен жүруге талпынатын. Міне, әке тәрбиесі деген осы болса керек.
Айта кетейік, кездесуде салиқалы ұрпақ тәрбиелеп, отбасының үлгілі тірегі болып жүрген ер азаматтар аудан әкмінің алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында үлгілі әке Рүстем Досмағанбетов, ұлы гір спортынан Азияның екі дүркін чемпионы, біліктілігі жоғары деңгейдегі жоғары санатты жаттықтырушы, бүгінде шәкірттері Азия чемпиондары атанып жүрген Жанат Сейтенов, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Қайрат Өлментай, полиция майоры Ержан Абдрамановтың әкесі Асылхан Абдраманов, ұлы әскери қызметкер, аэромобильді әскерлерінің «Үздік батальон сержанты» атанып, Босния Герцеговина мемлекетінде үздік сержант, АҚШ-та әскери курстан өткен, ІІІ және ІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарын иеленіп, бүгінгі таңда АҚШ Сержанттар Академиясының тыңдаушысы атанған Нүрлан Әйтімовтың әкесі Әбдуәли Әйтімов, сонымен қатар Астана қаласында қазақ күресінен өткен әлем чемпионатында жастар арасында 60 келі салмақта әлем чемпионы атанған Руслан Теміржанның әкесі Руслан Ермахановтар марапатталды.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!