Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

12°C

, Жексенбі, 05 мамыр, 09:16

Әке – шаңырақтың тірегі

17.06.2023

1298

0

Төбесінде бұлт аунар,
Жер бетінде тұр таулар.
Бірақ мына мен үшін,
Бәрінен биік бір тау бар.

Кім десе егер сенерің,
Әкем менің дер едім.
Сол биікке күн сайын,
Қарап өсіп келемін, – деп ақын Қуат Адис жырға қосқандай, қазақ қоғамы әке қадірін таудан да биік санаған.

Иә, «Ата – сая болар бағың болса, әке – асқар тауың» дейді қазақта, сол себепті отбасылық құндылықтарды ілгерілетуге, от­басы институтын нығайтуға, сондай-ақ әке­­лер институтын дамытуға ықпал ету мақ­са­тында елімізде Әкелер күні – маусымның үшінші жексенбісі күні аталып өтетін болды.
Осы орайда бүгін «Әке – шаңырақтың тірегі» атты аудандық әкелер кездесуі өтті. Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев бастаған аудан ақса­қалдары, білім саласының ардагері, көпбалалы әке Әбілхайыр Ералиев, жас жігіттің өміріне араша болған полиция майоры Ержан Абдрамановтың әкесі Асылхан Абдраманов, ұл-қыздары әлем кубогының жүлдегерлері атанып жүрген Қайрат Өлментай, сондай-ақ ауданның өзге де ер-азаматтары қатысты.
– Әке – баланың тірегі, лүпілдеген жүрегі, ойындағы санасы, өмірдегі панасы. Әке отбасының асыраушысы. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері мен білімі баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы. Иә, бала мен әке ынтымағы болмаған жерде әке жылуы сезілмейді. Сондықтан ер бала әкесімен сырлас, жолдас, дос. Ол әрқашан бір әрекет жасау үшін әуелі әкесімен сырласады. «Бір бала бар – атаға жете туады, бір бала бар – кері кете туады» деген тұжырымға сай баланың қандай болмағына негіз қалайтын әкенің өзі. Сондықтан әлемнің көптеген елдерінде отбасылық құндылықтарды наси­хаттау, отбасы және ата-ана институтын нығайту үшін аталып өтетін «Әкелер күні» мерекесі елімізде де ресми мереке ретінде белгіленді. Мерекеде алдымен анасын, одан кейін аяулы жары мен қыздарын қадірлей білген, отбасында өзінің де қадірі бар ер-азаматтың өмірі – күнде мереке. Бұл сөзіме Бұқар жыраудың «Әкелі бала – жаужүрек, жиын тойға барады, төрден орын алады, бітіреді жұмысын, тастан да өтер жебесі» деген сөзі дәлел деп білемін. Әрине барлық әкелер бірдей дей алмаймын. Қазірде жүзі кеткен пышақ секілді болып бара жатырған әкелерде бар. Үйдегі әйеліне сөзін өткізе алмайтын, әкенің жігерсіздігінен балалары жасқаншақ, қорқақ, қоғамға пайдасы жоқ болып өсіп келеді. Сондықтан бұл күннің, осындай жиындардың жиі ұйымдастырылуы қоғам үшін, отбасы институтының дамуы үшін маңызы зор, – деді Ғани Сүлейменов.


Халқымызда «Әкесі қой баға білме­геннің, баласы қозы баға білмейді», «Ба­ласы жаман болса, әкесін түйе үстінен ит қабар» деген өмір көшімен ілесіп бізге жеткен, өз мәнін жоймай, тәрбиелік қуатын өз бойына жинақтаған ұлағатты сөздер көптеп кездеседі. Шыны керек, түрлі кезеңдерде бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі әр түрлі сипатта көрінеді. Кеңес дәуі­рінде әкелер өз балаларын қатаң тәр­тіп­пен тәрбиелеген. Ал балалары әке­леріне ешқандай қарсы сөз айтпаған, қар­­сыласпаған, ал егер әкенің пікірімен келіс­­кілері келмесе, бұл үшін жазаланып отырған. Әкенің сөзі заң болған. Әкенің шаңырағын ешкімге сатпаған, көздің қара­шы­ғындай сақтаған. Әкенің үйі – бұл қасиетті үй.
«Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» демекші, өңірімізден талай дүлділ ақын да, спортшы да, 5 саусағынан өнер тамған өнер адамы да, рухты батыр да шыққан. Мәселен бүгінгі күннің батырлары Астанада зәулім үйдің терезесінде ілініп тұрған үш жасар баланы ерлікпен құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаев, жақында ғана суға батып бара жатқан студенттің өмірін аман алып қалған полиция майоры Ержан Әбдірамановтардың көзсіз ерліктері кейінгі ұрпаққа өнеге, тәлім-тәрбие десек артық айтқандық емес. Батыр өмірге батыр болып келмейтіні белгілі, оған баланың өскен ортасы, отбасындағы алған тәрбиесі, әсіресе әкенің тәлімі әсер етеді. Міне, осындай батырларды тәрбиелеп өсірген абырой биігіндегі әкелер де осы форумнан бой көрсетті. Әрине батыр ұлды тәрбиелеген әкенің айтары, берер кеңесі болары хақ.
– «Көре-көре көсем болады, сөйлей-сөй­лей шешен болады, баулыған соң батыр бо­лады» деген қазақта бір мақал бар. Қазақ даласында әсіресе, ер балаларды ер­лік­ке, батырлыққа баулитын әкелер мек­тебі бол­ған. Әкеге құрмет көрсетуге, қызмет етуге ба­ланы жасынан анасы үйрет­іп отыр­са, мұн­дай отбасында әрдайым тәр­тіп, ын­ты­мақ пен бірлік болатыны сөзсіз. Өйт­кені ұл-қызын намысшылдыққа, елі үшін, қала бер­ді өз бауырлары үшін еңбек етіп, өмір сү­руге баулып отыруда әкенің мінез-құлқы, өз­ге­лермен қарым-қатынасы, өнер-білімі, мейі­рімі мен талап қойғыштығы, еңбек­қор­лығы шешуші маңызға ие болады. Иә, ұлым жақында қызметтік борышын адал орындап, жас баланы тілсіз жаудан құтқарып қалды. Әрине ұлымның ерлігін мақтан етемін, деген­мен Ержан өзінің Отан алдындағы міндетін орындады деп ойлаймын. Видеоны көргенде балам үшін қобалжығаным рас, десе де ерлік жасау үшін тек біреудің өмірін аман алып қалу ғана емес, сенің күнделікті елің, отбасың үшін еткен еңбегің, адалдығың, қамқорлығын, имандылығың, осының барлығы ер адам үшін батырлыққа тең деп айта аламын» – деді батырдың әкесі Асылхан Шайзадаұлы.


Жиында ақсақалдар әкенің қоғамдағы орны, қадір-қа­сиеті, бала тәрбиелудегі іс-әре­­кеті, жалпы от­басы құндылықтары ту­ра­лы тұшымды, ой түйетін ақыл-кеңес­терін ор­таға салып, өмірде көрген тәжіри­бе­лерімен бөлісті.
Бала бойындағы жақсылы-жаманды қа­сиет­терін байқаса, қазақ оны ең бірінші әке мен ата тәрбиесінен көреді, тегіне тартқан дейді. «Әкесі сондай адам еді, атасы жақсы адам, көргенді бала» деп ер адам тәрбиесін насихаттайды. Өйткені әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оның жақсы тәрбиесі. Бұрын баласы 14-15 жасқа келгенде атқа мінгізіп, алыстағы аузы дуалы ақсақал қарттарға сәлем беріп кел деп жіберетін дәстүр болған. Бұл арқылы баланы сынға салса, сондай-ақ көпті көрген көнекөз, көкірегі қазыналы қарттардың әңгімесіне қанығудың бе­рері мол болған. Яғни тарихта болған жай­ларды, бабалар ерлігін жырлап, шежірені тарқата айтатын дана қариялар қазақтың маңдайына біткен кең де дархан даланың қасиетін сезіндіріп, бабалардың ерлігі мен көреген саясатының арқасында оның ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалғанын бала жүрегіне жеткізе білген еді.
Сондықтан дәстүрлі қазақ қоғамында тәрбие алған қазақ баласының әкеге деген құрметі ерекше болатын. Жүзінен мейірім төгіліп тұрмағанмен, қас-қабағынан бәрін түсініп өскен бала әке қаһарынан сескеніп жүретін, түзу жолмен жүруге талпынатын. Міне, әке тәрбиесі деген осы болса керек.
Айта кетейік, кездесуде салиқалы ұрпақ тәрбиелеп, отбасының үлгілі тірегі болып жүрген ер азаматтар аудан әкмінің алғыс ха­тымен марапатталды. Олардың қатарында үлгілі әке Рүстем Досмағанбетов, ұлы гір спор­тынан Азияның екі дүркін чемпионы, бі­ліктілігі жоғары деңгейдегі жоғары санатты жаттықтырушы, бүгінде шәкірттері Азия чемпиондары атанып жүрген Жанат Сейтенов, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Қай­рат Өлментай, полиция майоры Ержан Аб­дра­­мановтың әкесі Асылхан Абдраманов, ұлы әскери қызметкер, аэромобильді әскер­лерінің «Үздік батальон сержанты» атанып, Босния Герцеговина мемлекетінде үздік сержант, АҚШ-та әскери курстан өткен, ІІІ және ІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» ме­даль­дарын иеленіп, бүгінгі таңда АҚШ Сержанттар Академиясының тыңдаушысы атанған Нүрлан Әйтімовтың әкесі Әбдуәли Әйтімов, сонымен қатар Астана қаласында қазақ күресінен өткен әлем чемпионатында жастар арасында 60 келі салмақта әлем чемпионы атанған Руслан Теміржанның әкесі Руслан Ермахановтар марапатталды.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: