– Қателеспесем, 2021 жыл болуы керек. Қазақстан чемпионатында денсаулығыма байланысты гір тасын тастап жіберіп, ойымдағы жүлдеге ілікпей, Азия және Әлем чемпионатына шыға алмадым. Сол кезде «бұл спорт менікі емес, босқа уақытымды құртпай басқа спорт түрімен айналысуым керек» деген ой келді – дейді әңгіме басында биыл әлем чемпионы атанған Ислам Мәжиев.
Спорт – ел мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз» деген болатын.
Биыл спортта көк байрағымызды әлемдік додаларда желбіретіп, ел мерейін үстем еткен жерлестеріміз көп. Солардың бірі – Ислам Мажиев. Ол өзінің өр мінезі мен намысының арқасында қазіргі таңда гір спортынан әлем чемпионы болды. Рас, гір тасын көтеру оңай емес, оған арнайы дайындық, мықты денсаулық керек. Мәселен, спортшының айтуынша, гір тасын көтеруден нәтижеге жету үшін 1 минутта гір тасын 10 рет көтеруге тырысу керек және дәл осы қалыпты 10 минут бойы қайталаса, міндетті түрде нәтижеге жетері анық. Осындай тактиканың арқасында спортшы 7 қыркүйекте Өзбекстан мемлекетінің Хиуа қаласында гір спортынан өткен Әлем чемпионатына қатысып, 68 кг салмақта серпе көтеруден ІІ орын, жұлқа көтеру сайысынан алтыннан алқа тағып, спортшы өзіне берген уәдесін орындап, әлем чемпионы атанды.
– Спортпен айналысатын әр адам чемпион болуды армандайды. Өзім спортта жетістікке жетуден ерекше әсер аламын. Алғашқы жеңіс кезіндегі әсерімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Жалпы спортқа деген алғашқы қызығушылығым мектеп кезінде ашылды. Бірақ бірінші болып күреске қатысқанмын. Бір күні күрестен қайтып келе жатқанда бірінші жаттықтырушым болған Азамат Зәуребаев келіп, «Гір тасын көтеруден жарысқа барсаң қалай болады?» деп ұсыныс білдірді. Оған дейін де өзім осы спортқа ерекше қызығып жүрген едім. Сол жылы гір тасын көтеруден жарысқа шығып, осы спорттағы жолым алғашқы жаттықтырушымның арқасында басталды, – дейді ол.
Гір тасын көтеру – халық арасындағы кең тараған спорт түрі. Ең алғаш бұл спорттан әлемге танылған атақты Қажмұқан, Балуан Шолақ аталарымыз еді. Қазір Исламның бойындағы дәл сондай патриоттық сезім, қайсар мінез бен намыс барын байқадық.
Ислам спорт түрлерінің ішінде гір тасын көтеруден бөлек көкпарға да қатысады. Ол қазіргі таңда туған жері Бұқарбай батыр ауылының атынан шығатын, ауданаралық жарыстардан чемпион болған шабандоздар қатарында. Спортшы одан бөлек волейбол, футболдан да осал емес. Аудан құрамасымен бірге талай жарыстарда төбе көрсеткен.
Расында гір тасын көтеру оңай емес, кейіпкеріміз айтқандай, мықты дайындық пен денсаулық керек. Жаттығу барысында денені, бұлшық еттерді дұрыс жаттықтырып, қыздыра білу де маңызды. Гір тасын тек тек денені қыздырып алғаннан кейін көтеру керек. Дайындықсыз ешқандай әрекетке бармаған жөн. Әйтпесе жарақат алып қалу қаупі жоғары.
Жас чемпион бұнымен тоқтап қалғысы келмейтінін, жетістіктерін қайталап, бәрінен бірінші орын алып, әлемді қайта бағындырғысы келетінін айтады. Одан бөлек ауылында гір спортына жаттықтырушы болып шәкірт дайындап, олардан да чемпион шығару туралы арманымен де бөлісті.
Ақнұр АЛТЫНБЕК
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!