Елдегі жұмыссыздық мәселесін шешу, жұмыссыздар санын азайту және шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту күн тәртібінен түспейтін мәселе. Өйткені өркениетке қадам басу үшін де, алпауыт елдермен иық тіресу үшін де, кемел келешекке қол жеткізу үшін де халықтың тұрмыс сапасын арттыру маңызды шаруа. Себебі әлеуметтің әлеуеті артпай, дамуға бет алдық деу қателік. Мемлекеттік саясатты жүргізіп отырғандар осыны жақсы түсінеді. Саясаттың, мемлекеттік бағдарламалардың барлығы да осы әлеуметтік салаға бағытталуының себебі осында.
Жалпы жұмыссыздық кедейшілік деңгейін арттырып қана қоймай, жоқшылықтан титықтаған кез келген адамға психологиялық соққы әкелуі де мүмкін. Мұндай жағдайда бір азамат қана емес, бүкіл отбасы мүшелерінің өмірге деген көзқарасы өзгеріп, тіпті кей жастар жұмыссыздық, бос уақыты көптіктен, кейде жоқшылықтан өз-өздерін ақылға жеңдіре алмай қиындыққа тап болып жатады. Ал кей отбасында дәл осы мәселе шешілместей көрініп, шаңырақ шайқалатын да кездер кездеседі. Неге барлығы жұмыссыздыққа келіп тірелетініне жауап іздеудің де қажеті жоқ. Өйткені қазір нарықтық заман, қымбатшылық заман.
Бұрынғыдай қазақылыққа салынып, тіпті жақыныңа да әлсін-әлсін қол жая алмайсың. Адамның бәрі нанталап тірліктің соңында азаны-кеш жүргендіктен біреудің-біреуге қарайласуға көп ретте мүмкіндігі де бола бермейді. Не де болса екі қолға бір күрек табу керек, отбасын асырау керек. Бұл тұрғыда біздің қоғам қатігез демейміз.
Тек халықта сауаттылық болса, мемлекеттік бағдарламалар арқылы алға мақсат қойып, өз ісін бастауына мүмкіндік бар. Әдепкіде демеп жіберетін бұл бағдарламалардың тиімді тұсы көп түсінгенге. Жалағаш халқының бұл тұрғыда айы оңынан туып тұр деуге болады. Мұны жыл сайын өз мақсатына қадам басып, ойындағы арманын шындыққа айналдырған, кәсібін қолға алғандар қатары артқанынан байқаймыз. Бастысы ниет болса болғаны. Тиыннан тиын құрап, шағыннан басталған кәсіптің көкжиегін кеңейтуге де болады.
Ауданда, әсіресе «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында осы уақытқа дейін біршама жоба қайтарымсыз грантпен қаржыландырылды. Әлеуметтің әлеуетін көтеруді көздеген бағдарлама осылайша жұмыссыз жандардың өз ісін бастауына үлкен көмек беруде.
Жалпы ауданда халық саны отыз бес мыңнан аса адамды құраса, оның ішінде экономикалық белсенді халық саны он бес мыңға жуық, ал жұмыссыздар сегіз жүзге жуықтайды. Жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызды құраса, жастар арасындағы жұмыссыздық 4,5 пайызды құрап отыр. Биыл ауданда 2 420 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның ішінде тұрақтысы – 1342, уақытшасы – 1078. 6 айда 1383 жаңа жұмыс орны ашылған. Оның 637-сі тұрақты болса, 746-сы маусымдық жұмыс екен. Қазірдің өзінде жоспар 57,1 пайызға орындалып отыр. Биыл аудан бойынша мемлекеттік атаулы көмекке 118 млн теңге қаржы қаралып, 6 айда мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек 291 отбасына көрсетіліп, оларға 54,7 млн теңге үлестірілді.
Ауданда отбасының цифрлық картасына енген 857 отбасына толық зерттеу жүргізіліп, мемлекеттік атаулы көмек алушы отбасы саны 13-ке азайған. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобаның орындалуына келсек, 22 шілдеге дейін 1 530 адам халықты жұмыспен қамту орталығына хабарласып, олардың 1374-і, яғни 89,8 пайызы бағдарламаға қатысушылар құрамына енген.
Нәтижесінде әлеуметтік жұмыс орны 30, жастар практикасымен 156, қоғамдық жұмысқа 737, ұрпақтар келісімімен 3, алғашқы жұмыс орнына 6, күміс жас жобасымен 9, тұрақты жұмысқа 432 адам ораналасқан. Сондай-ақ 1 адам қайтарымсыз грант иегері атанды. Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз грант тағайындауға 283,2 млн теңге қаржы бөлінді. Жоспар бойынша 300 адамға тағайындау көзделген болатын. Есепті мерзімде комиссияның шешімімен 1 адамға 1225,2 мың теңге берілген.
Біздің әлеуметтік-экономикалық даму жолындағы қарқынымыз, әсіресе жастардың қоғамдық-саяси өмірдегі ұстанымына, олардың ертеңгі күнге деген сенімі мен белсенділігіне байланысты.
Сондықтан жұмыссыздық мәселесін шешуде алдымен жастар арасындағы жұмыссыздықты қолға алған тиімді деп ойлаймыз. Әсіресе жас отбасылардың өмірден өз орындарын табуына, көшке ілесіп, ел қатарлы тұрмысын түзеуіне мүмкіндік берілгені жөн.
Бұл тұста жастарға арналған бағдарламалар мен қолдауды жандандыру, толастамауын қатаң қадағалау маңызды. Тұрақты жұмыспен қамтылған, өз қарым-қабілетін жан-жақты дамытуға бел буған, барлық жағынан бәсекеге қабілетті жастар қоғам үшін де пайдалы болмақ.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!