Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

4°C

, Сейсенбі, 15 қазан, 10:57

Әркім өз міндетін білсе, мәселе туындамайды

11.10.2022

423

0

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев «…өмір деген бұйым емес қолдағы, өмір дейтін ұлы бекет жолдағы» деп бұл фәниге кету үшін келгенімізді жырлаған еді. Бірақ табиғатымызбен, ақылымызбен мұны білсек те бұл бұлжымас шындықты ойлауға қорқамыз. Пенде шіркіннің жаны тәтті ғой, әсіресе ет жақыныңды жер қойнына беруден асқан қайғы-қасірет жоқ, сірә. Бірақ Жаратушыдан келген хабар жаратылғанның көңіл қалауына қарап тұрмайды. Дәм-тұзы таусылған жан жалған дүниемен қоштасып кете барады. Артында қайғырып жақындары қалады.

Қазақта «Жығылғанға жұдырық болма» деген сөз бар. Жығылғанның жанына демеу болудың орнына қайғысына қайғы жамау – біздің менталитетке келмейтін әдет. Бауырмалдығымен бауырына бәрін баса алатын кеңпейіл халықтың тектілігі осында болса керек. Тізе берсек, ұлтымыздың ұлы қасиеттерін айтып тауысу мүмкін емес. Ал әңгімемізді бұлай бастауымыздың себебі жоқ емес. Ендеше тақырыпқа ойысайық…
Қазіргі кезде барлығы қағазға байланысты. Қағазбастылықтан арылдық дегенімізбен, көп жерде белгілі бір істі дәлелдейтін қағаз ұсынуымызға тура келеді. Бәлкім бұл қағаздардан дамушы елдердің қатарынан дамыған елдер қатарына іліксек, арыла жатармыз. Әзірге «көрпеге қарай көсілгеніміз» дұрыс. Сонымен әңгімеміздің басында тілге тиек еткен тұздығымыз адамның қайтыс болуына оралайық. Мәселен, адам қайтыс болды делік. Ол адам қайтыс болған сәтте немесе хал үстінде жатқанда бәріміздің жүгінеріміз – ақ халатты абзал жандар. Ол – даусыз дүние. Дәрігер келгенде жәрдем бере алса, құдайдың қалауымен аман қалды, болмаса арғы дүниеге жақынымыз аттанып кете барады. Бірақ «тірі адам тіршілігін жасауы» керек. Қайтыс болған адамның расымен қайтқанын дәлелдейтін куәлік аламыз тиісті орындардан. Оны ауруханада қайтыс болса, сол аурухана, үйде қайтыс болса, келіп қараған дәрігер, жедел жәрдем қызметкерлері немесе елді мекенде болса, сол ауылдың фельдшері беруі тиіс. Алайда бізде қайтыс болған адамның бақилық болғанын дәлелдеп, куәлігін ала алмай жүргендер де бар екен. Ақылға қонымсыз болар, бірақ осы мәселе бойынша біздің Қызылорда облысы 270-тен аса мәселемен республика бойынша көш бастап тұр. Қалған облыстарда 4,6 сияқты санаулы ғана жағдай тіркеліпті.
Аудандық сотта осыған байланысты семинар өтті. Семинар барысында жоғарыда айтқан статистикалық көрсеткішті күрсіне айтқан аудандық соттың төрағасы А.Мизанбаев мәселенің туындау себебін де тарқатты.
Ең алдымен мәселенің туындауына тиісті орындардың жауапсыздығы мен немқұрайлы қарауы себеп болады екен. Төрағаның сөзіне мұқият зер салған біз түпкі себеп-салдары осында екенін түсіндік. Одан кейін халықтың құқықтық жағынан, құжат жағынан сауатының сәл төмендігі істі қиындатып жатады. Енді әлгі тиісті орындардың құзіретіне жеке-жеке тоқталып өтейік. Мәселен, адам диспансерлік есепте тұратын болса немесе жергілікті жеріндегі емханада тіркеуде болса, сол жергілікті жеріндегі ауруханада немесе үйінде қайтыс болса, сол жердің медициналық мекемесі анықтаманы беруге міндетті. Науқас ауырып, жедел жәрдем шақырғаннан кейін ауруханаға жетпей қайтыс болса, сол жедел жәрдем көлігінің дәрігері науқастың диагнозын көрсете отырып, қайтыс болғанын растап анықтама береді. Ал жедел жәрдем көлігімен келіп, ауруханаға тапсырылса және осында қайтыс болатын болса, онда ауруханадағы қараған дәрігері анықтама беруге міндетті. Үй жағдайында ұйқысынан оянбай қалған немесе басқа да себептермен аяқасты қайтыс болған адамды міндетті түрде сол жердің учаскелік полиция қызметкері тексереді. Яғни адам расымен айтылған себептермен қайтыс болды ма, зорлық-зомбылықтың құрбаны болған жоқ па деген күдік сейілу үшін. Денесінде зорлық-зомбылықтың белгілері болмаса, осыны растап учаскелік полиция қызметкері анықтама жазып береді. Мұнан соң тиісті медициналық орыннан науқас есепте тұратын болса, науқастылығы жөнінде, ал аяқасты қайтыс болса, себептері көрсетіле отырып анықтама алынады. Осылайша өлім күш көрсетуден болмағанын анықтап, учаскелік инспектор анықтама берсе, мәйітті тексеру негізінде өлімді анықтаған дәрігер тиісінше анықтаманы ұсынады. Енді марқұмның жақындары осы екі анықтаманы алып, Халыққа қызмет көрсету орталығына барады, соңынан барып АХАЖ бөлімі адамның қайтыс болғанын растайтын соңғы мақұлдауды өз міндетіне алады. Яғни электронды жүйеге марқұмның қайтыс болғаны енгізіледі.
Бірақ адам баласы түрлі жағдайда қайтыс болуы да мүмкін небір ауыр қазаларды естіп-көріп жүрміз. Тіпті кейбірі өз-өзіне қол жұмсайды. Мұндай жағдайда марқұмның денесі міндетті түрде сараптамадан өткізіліп, өлімнің себептері тексеріледі. Содан соң барып заңдылықтар бойынша қайтыс болғаны туралы куәлік алынады. Ал басқа жақта тіркеуде тұратын адам өзге облысқа не ауданға уақытша келіп, сол жердегі ауруханада қайтыс болса, науқасты қараған аурухана тарапынан қайтыс болу себебі мен диагнозы көрсетіле отырып анықтама беріледі.
Тиісті мекеме, бөлім басшыларының қатысуымен өткен семинарда осы мәселе толығымен талқыланды. Бірақ жергілікті соттарға келіп түсетін арыз-шағымның түпкі себебі дәрігерлердің жауапкершіліктен қашқанын көрсетеді. Науқас аурухана төсегінде қайтыс болса да тиісті аурухана тарапынан анықтама берілмейтін жағдайлар кездескен. Соның салдарынан марқұмның жақындары шарқ ұрып, отбасындағы адамның қайтыс болғанын дәлелдей алмай әлек болады. Бармаған жері, баспаған тауы қалмаған соң амалсыз сотқа жүгінеді. Дәрігерлердің немесе аурухананың анықтама беруден жалтаруының себебі істі үлкен мәселеге айналдырып, салдарынан қарапайым халық зардап шегіп жатады. Аурухана тарапынан анықтаманы беруден жалтарудың себебі де жоқ емес. Айналып келгенде статистикаға келіп тіреледі. Яғни кім өзі жұмыс істейтін ауруханасында өлім-жітімнің көрсеткішін көп етіп көрсеткісі келеді дейсіз? Әрине осы статистиканы ойлап, көз алдында қайтыс болған, өміріне араша түсе алмаған адамның тағдырын әлекке салып қояды.
Сайып келгенде бәзбіреулердің жауапкершіліктен қашуы өзгелердің тағдырына әсер етеді. Қайдағы статистиканы, көрсеткішті ойлап жүргенде жақынынан айырылып онсызда қан жұтып жүрген жандар үшін жығылған үстіне жұдырық болары анық. Демек заңдылық бойынша адамның қайтыс болғаны туралы медициналық куәлікті дәрігер, ал ол болмаған жағдайда орта медицина қызметкері рәсімдеуі керек. Ал жауапкершіліктен қашу, бір-біріне ысырып салу тек мәселені ушықтырады. Қысқасы әркім өз міндетін білсе, мәселе туындамайды.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: