Өткен сенбіде облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов Жалағаш ауданына жұмыс сапарымен келді. №312 су тоспа бекетінің жағдайымен танысқан Серік Қожаниязов жергілікті шаруашылық төрағалары мен аудан басшысы Асқарбек Есжанов көтерген мәселеге байланысты жауапты азаматтарға тиісті жұмыстар атқаруды тапсырды.
Айта кетейік, ауданда 21 дана су тоспа құрылысы бар. Өткен жылы №278, №142 бекеттеріне, биыл №75, №505 бекеттеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Шаруалардың ұсынысына сәйкес, келер жылы №312 бекетке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
«Ер-Әлі» шаруа қожалығының төрағасы Әліби Бекжанов бұл бекеттің апатты жағдайда екенін айтады. Ол бұл мәселенің ерте көктемде суды пайдаланып қалуға тырысатын шаруаларға айтарлықтай кедергі екенін жеткізді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары сала басшыларына жоба құжаттарын әзірлеп ұсынуды тапсырды. Демек, келер жылы егіс барысында аталған су бекетіндегі мәселе шешімін тауып қалуы ғажап емес.
Су тоспа бекетінің жағдайымен танысқан жауапты сала басшылары «Ер-Әлі» шаруа қожалығының 30 гектар күріш алқабына орнатылған суды үнемдеудің жаңа технологиясымен де танысты. Бұл – Қызылорда облысындағы бірінші автоматтандырылған тоспа. Жаңа құрылғы әр литр сайын өтетін судың мөлшерін есептеп, автономды түрде күн сәулесінен қуат алатын батареяларымен жұмыс істейді.
– Биыл 700-800 гектардай алқабымызда жоңышқа бар, одан бөлек 1450 гектар күріш ектік. Жалпы, бізде жердің барлығы толық тегістелген. Су тапшылығы кезінде бізге бірінші міндет – оны үнемдеу. Соған байланысты биыл су үнемдегіш құралын қойдық. Қазір бұл құрылғы әрбір тамшы суға дейін есептеп тұр. Қазіргі таңда 12,5 мың куб су үнемдеп отырмыз. Күзге дейін 19-20 мың куб су үнемдейміз деп жоспарлап отырмыз. Жалпы, біздің Сыр еліне қажет құрылғының бірі де бірегейі осы. Суды үнемдеуді қазірден бастамасақ, ертең кеш қаламыз, – дейді «Ер-Әлі» ШҚ төрағасы Әліби Бекжанов.
Айта кетейік, шаруашылық дән себуді сәуірдің аяғында бастап, мамыр айының ортасында Сыр салысын 100 пайыз суға бастырған. Төраға Әліби Бекжанов мамырдың аяғына дейін күріш егуді тоқтататынын айтады. Себебі ол одан кейін егілген күріштің сапасы дұрыс болмайтынын айтады.
– Ауа райының алдағы уақытта қалай болатынына ешкім жауап бере алмайды. Сондықтан біз неқұрлым ерте бастап, жұмысты уақытында аяқтау қажет деп есептейміз, негізінен күріш көлемін көбейту емес, өнімді арттыруға жұмыс жасаған дұрыс. Мың гектардан 50 центнерден өнім алған дұрыс па, 500 гектардан 80-90 центнерден өнім алған ыңғайлы ма? Міне, осы сауалдың түйінін тарқатуға басымдық беру керек, – дейді ол.
Шаруашылық төрағасының саланы тыңғылықты зерттеп алғанына таласымыз жоқ. Осындай үлкен ізденіспен іс бастаған адам ғана мақсатына жете алады. Бұл сөзімізге Әліби ағамыз басшылық ететін шаруашылықтың бүгінгі тынысы дәлел.
Былтыр шаруашылық күріштен бөлек бірнеше гектарға бақша дақылдарын еккен. Одан шыққан өнімді аудан, қалаберді аймақ жұртына арзан бағада ұсынды. Апта сайын аудан орталығында жәрмеңке ұйымдастырып, елдің қыстық азығын қамдап алуына жағдай жасаған. Қуантарлығы, бұл бастама аяқсыз қалмапты. Биыл төраға 15 гектар алқапқа бақша дақылдарын еккен. Оның басым бөлігіне картоп пен сәбіз орналастырылған.
Аймақ басшысының бірінші орынбасары «Оңтүстік» коллектор арнасындағы суды қайта пайдалану үшін орнатылған насос қондырғыларының жұмысымен де танысты. Серік Қожаниязов бүгінгідей аяқ су қат болған тұста суды үнемдеудің маңызын жеткізіп, шаруашылық төрағасына мейлінше осыған басымдық беру қажеттігін ескертті.
Айта кету керек, су тапшылығы жағдайын ескерген аудандағы шаруашылықтар насос қондырғыларын пайдалану арқылы егінді сумен қамтамасыз етуде. Шаруашылықтарда барлығы 14 дана насос қондырғысы бар. Оның ішінде 8 дана насос қондырғысы «Жалағашсушар» өндірістік учаскесінен үлестірілсе, 6 дана насос қондырғысын шаруашылықтар өз қаражаты есебінен алған.
Жалағаш ауданындағы егін науқанының қызу тіршілігімен танысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары С.Қожаниязов «Агрохимсервис-С» ЖШС-ның түйіршіктелген азот тыңайтқыштарын өндіру зауытына барды.
«Агрохимсервис-С» ЖШС-ның түйіршіктелген азот тыңайтқыштарын өндіру зауыты «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы 2020 жылы іске қосылған. Зауыт жылына 50 мың тонна түйіршіктелген азот тыңайтқыштарын өндіреді. Қазіргі таңда зауытта 15 адам тұрақты жұмыс жасайды.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!