Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

15°C

, Жұма, 10 мамыр, 04:04

Аяқ суды үнемдеу бәрінен маңызды

20.06.2023

377

0

Өткен сенбіде облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов Жалағаш ауданына жұмыс сапарымен келді. №312 су тоспа бекетінің жағдайымен танысқан Серік Қожаниязов жергілікті шаруашылық төрағалары мен аудан басшысы Асқарбек Есжанов көтерген мәселеге байланысты жауапты азаматтарға тиісті жұмыстар ат­қаруды тапсырды.

Айта кетейік, ауданда 21 дана су тоспа құрылысы бар. Өткен жылы №278, №142 бекеттеріне, биыл №75, №505 бекеттеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Шаруалардың ұсынысына сәйкес, келер жылы №312 бекетке ағымдағы жөндеу жұ­мыстары жүргізіледі.
«Ер-Әлі» шаруа қожалығының төрағасы Әліби Бекжанов бұл бекеттің апатты жағдайда екенін айтады. Ол бұл мәселенің ерте көктемде суды пайдаланып қалуға тырысатын шаруаларға айтарлықтай ке­дергі екенін жеткізді. Облыс әкімінің бі­рінші орынбасары сала басшыларына жоба құ­жаттарын әзірлеп ұсынуды тап­сыр­ды. Демек, келер жылы егіс барысында атал­ған су бекетіндегі мәселе шешімін тауып қа­луы ғажап емес.
Су тоспа бекетінің жағдайымен таныс­қан жауапты сала басшылары «Ер-Әлі» шаруа қожалығының 30 гектар күріш ал­қабына орнатылған суды үнемдеудің жаңа технологиясымен де танысты. Бұл – Қы­зылорда облысындағы бірінші авто­мат­тандырылған тоспа. Жаңа құрылғы әр литр сайын өтетін судың мөлшерін есептеп, ав­то­номды түрде күн сәулесінен қуат ала­тын батареяларымен жұмыс істейді.


– Биыл 700-800 гектардай алқабымызда жоңышқа бар, одан бөлек 1450 гектар күріш ектік. Жалпы, бізде жердің барлығы толық тегістелген. Су тапшылығы кезінде бізге бірінші міндет – оны үнемдеу. Соған байланысты биыл су үнемдегіш құралын қойдық. Қазір бұл құрылғы әрбір тамшы суға дейін есептеп тұр. Қазіргі таңда 12,5 мың куб су үнемдеп отырмыз. Күзге дейін 19-20 мың куб су үнемдейміз деп жоспарлап отырмыз. Жалпы, біздің Сыр еліне қажет құрылғының бірі де бірегейі осы. Суды үнемдеуді қазірден бастамасақ, ертең кеш қаламыз, – дейді «Ер-Әлі» ШҚ төрағасы Әліби Бекжанов.
Айта кетейік, шаруашылық дән се­буді сәуірдің аяғында бастап, мамыр айы­ның ортасында Сыр салысын 100 пайыз суға бастырған. Төраға Әліби Бек­жа­нов ма­мыр­дың аяғына дейін күріш егуді тоқ­тата­ты­нын айтады. Себебі ол одан кейін егілген күріштің сапасы дұрыс болмай­ты­нын айтады.
– Ауа райының алдағы уақытта қалай болатынына ешкім жауап бере алмайды. Сондықтан біз неқұрлым ерте бастап, жұмысты уақытында аяқтау қажет деп есеп­тейміз, негізінен күріш көлемін көбейту емес, өнімді арттыруға жұмыс жасаған дұ­рыс. Мың гектардан 50 центнерден өнім ал­ған дұрыс па, 500 гектардан 80-90 цент­нер­ден өнім алған ыңғайлы ма? Міне, осы сауалдың түйінін тарқатуға басымдық беру керек, – дейді ол.
Шаруашылық төрағасының саланы тың­­­ғылықты зерттеп алғанына таласымыз жоқ. Осындай үлкен ізденіспен іс баста­ған адам ғана мақсатына жете алады. Бұл сөзімізге Әліби ағамыз басшылық ететін шаруашылықтың бүгінгі тынысы дәлел.
Былтыр шаруашылық күріштен бөлек бірнеше гектарға бақша дақылдарын еккен. Одан шыққан өнімді аудан, қалаберді аймақ жұртына арзан бағада ұсынды. Апта сайын аудан орталығында жәрмеңке ұйымдастырып, елдің қыстық азығын қамдап алуына жағдай жасаған. Қуантарлығы, бұл бастама аяқсыз қалмапты. Биыл төраға 15 гектар алқапқа бақша дақылдарын еккен. Оның басым бөлігіне картоп пен сәбіз орналастырылған.
Аймақ басшысының бірінші орын­ба­сары «Оңтүстік» коллектор арнасындағы суды қайта пайдалану үшін орнатылған насос қондырғыларының жұмысымен де та­нысты. Серік Қожаниязов бүгінгідей аяқ су қат болған тұста суды үнемдеудің маңызын жеткізіп, шаруашылық төра­ға­сына мейлінше осыған басымдық беру қа­жеттігін ескертті.
Айта кету керек, су тапшылығы жағдайын ескерген аудандағы шаруашылықтар на­сос қондырғыларын пайдалану арқы­лы егін­ді сумен қамтамасыз етуде. Шаруа­шы­лықтарда барлығы 14 дана насос қон­дырғысы бар. Оның ішінде 8 дана насос қондырғысы «Жалағашсушар» өн­ді­рістік учас­кесінен үлестірілсе, 6 дана на­сос қон­дырғысын шаруашылықтар өз қара­жаты есебінен алған.
Жалағаш ауданындағы егін науқа­ны­ның қызу тіршілігімен танысқан облыс әкі­мінің бірінші орынбасары С.Қожа­ниязов «Агрохимсервис-С» ЖШС-ның түйір­шік­­тел­ген азот тыңайтқыштарын өндіру зауы­тына барды.
«Агрохимсервис-С» ЖШС-ның түйіршік­телген азот тыңайтқыштарын өндіру зауы­ты «Бизнестің жол картасы – 2020» бағ­­дарламасы арқылы 2020 жылы іске қосылған. Зауыт жылына 50 мың тонна түйіршіктелген азот тыңайтқыштарын өн­діреді. Қазіргі таңда зауытта 15 адам тұ­рақты жұмыс жасайды.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: