Жыл сайын қыс мезгілі аяқталысымен су тасқыны мәселесі елді дүрліктіретіні жасырын емес. Халық та, билік те алаңдайды. Әрине табиғат апаты айтып келмейді, дегенмен алдын алған абзалырақ. Жауаптылардың айтуынша, алаңдауға негіз жоқ, бүгінде елімізде су тасқыны бойынша жағдай тұрақты. Десе де «Қазгидромет» РМК-нің алдын ала болжамына сәйкес ақпан, наурыз айларының соңында республиканың оңтүстік-шығыс, солтүстік және орталық бөліктерінде тәулігіне айлық мөлшерден артық жауын-шашын түсуі ықтимал. Бұл ақпаратпен ТЖМ басшысы Шыңғыс Әрінов Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында бөлісті.
Осыған байланысты 10 өңірдің елді мекендерін, атап айтқанда, тау суларының ағыны салдарынан Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстары, қардың көп еруіне байланысты Батыс Қазақстан, Ақмола, СҚО, Қарағанды, Павлодар және Қостанай өңірлерін су басу қаупі бар. Бірақ алаңдауға негіз жоқ секілді. Өйткені жауапты мамандар тиісті жұмыстар атқарып, қауіптің алдын алуда біраз тер төгіпті.
Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша қажетті іс-шаралар кешенін өткізіп те үлгерген. «Көктем» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу шеңберінде басқару органдарының күштері мен құралдарының нақты дайындығы қатаң бақылауда. Халықты құлақтандыру пысықталып, зардап шеккен азаматтарды жинау пункттері дайындалған. Елді мекендерде уақытша бөгендер салу және үйемелеу, арықтарды, каналдарды, сондай-ақ авто және темір жолдардағы су өткізу құрылыстарын тазарту нақты түрде жүзеге асырылған. Елді мекендерден 10,5 млн текше метрден астам қар шығарылған.
Бірақ бұл жұмыстардың да жеткіліксіз болып жататыны жасырын емес. Соңғы үш жылдағы статистикаға сәйкес қабылданған алдын алу шараларына қарамастан жылда Ақмола, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының елді мекендерін су басуда. Осы дәйектерді ескере отырып, халықты су тасқыны қаупінен қорғау мәселесін жедел және бұдан да нәтижелі шешу Үкіметтің басты тапсырмасына айналғандай.
Министрдің айтуынша, бұған дейін 2017 жылдан бастап әр үш жыл сайын Жол карталары бекітілген. Оларды іске асыру өзінің ішінара тиімділігін көрсетіп үлгерген. Олардың орындалуын талдау іс-шаралардың көп бөлігі орындалмағанын және келесі Жол картасына ауыстырылғанын көрсеткен. Бұның себебі барлық көзделген шаралардың тиісті қаржыландырудың болмауы. Жекелеген іс-шараларды тек нүктелік күшейту болды. Нәтижесінде соңғы Жол картасының (2021–2023 жылдар) тек 58 пайызы іске асырылса, 92 іс-шара орындалмаған. Кейде жобалардың қымбаттауына байланысты жекелеген іс-шараларды іске асыру үшін қаражат жеткіліксіз болған. Оларды қосымша қаржыландыруға көп уақыт кететін көрінеді.
Осыған байланысты жергілікті деңгейде әкімдіктердің тиісті құзыреті мен тетігі бар су тасқынына қарсы іс-шараларды 100 пайызға қаржыландыруды жоспарлау қажет. Қабылданған шаралар тиімді болуы тиіс және уақытша болмауы керек, нәтижесінде олар өңірлердегі су тасқыны жағдайын шешуі керек. Мысалы, «Көксарай» суреттігішінің құрылысы Сырдария өзеніндегі 400-ден астам елді мекенді су басу қаупін біржола жоюға мүмкіндік берген.
Биыл Ақмола облысындағы Есіл өзенінде Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының елді мекендерін су басу қаупін болдырмайтын Есіл су реттегішін және республика бойынша 40 су қоймасын салу жоспарлануда. Бұл әкімдіктер үшін қымбат болады, бірақ бұл халықтың қауіпсіздігін арттыруға және олардың мүлкін жоғалту салдарынан туындайтын әлеуметтік шиеленісті азайтуға мүмкіндік бермек. Бір мезгілде жазғы кезеңде ауыл шаруашылығы алқаптарын суару мәселелерін шешеді.
Жыл сайын министрлік бөлімшелері мен әкімдіктердің күшімен су тасқынының өршуі кезінде ондаған қорғаныш бөгенін шұғыл нығайту жолымен ұстайды. Халықты құлақтандыру әр үйге жеке хабарлау арқылы жасалады. Бірақ бұл – тек су тасқыны кезеңіндегі уақытша шаралар. Жалпы жағдай жылдан-жылға қайталанады. Бар мәселе өз шешімін таппайды.
Мысалы, Түркістан облысында «Қазсушар» қарамағындағы «Көксарай» су реттегішінің қазіргі жұмыс қабілеті 50 пайызды құрайды. Яғни 8 жерде ағындар түрінде су қоймасының дұрыс пайдаланбауы және судың уақытылы ақпауынан грифондар пайда болған. Жыл сайын «Қазсушар» тарапынан басқа да су қоймаларының су режимінің графигі сақталмайды. 2022-2023 жылдары «Шардара» суреттегішін толтыру бекітілген графиктен бір ай бұрын жүзеге асырылған. Бұл ретте судың жиналуын дұрыс реттемеу төмен тұрған елді мекендерге су жайылуына әкеп соқтыруы мүмкін екен.
Ол су тасқыны кезеңінде республикалық және облыстық маңызы бар автожолдар тасып кетуге және шайылуға ұшырап жатады. Әр көктемде көптеген елді мекен іс жүзінде қатынассыз қалады. Бұл қоғамдық резонанс тудырады. Мысалы, жыл сайын жол төсемінен судың тасып кетуіне байланысты Ақмола, Қостанай, Ақтөбе облыстарындағы кенттермен және ауылдарымен қатынас қиындайтын көрінеді. Бүгінгі таңда республика бойынша 900 автомобиль учаскесі және су басуға бейім алты жүзден астам теміржол учаскесі бар. Негізгі себеп – автомобильдер мен теміржолдар астындағы су өткізгіш құрылыстардың қабілетінің төмендігі немесе мүлдем болмауы. Нәтижесінде тіпті жаңа жолдар да шайылып кетеді. Осыған байланысты Көлік министрлігі мен әкімдіктер жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу кезінде оларды салуды көздеуі қажет. Биылдың өзінде су тасқыны кезеңі әлі басталмаса да елді мекендерді су басудың 12 фактісі және автожолдың бір тасып кетуі тіркелген.
Сондықтан министрлік барлық әкімдіктер мен мүдделі мемлекеттік органдарға айтылған мәселелерді шешу жөнінде шаралар қабылдауды табанды түрде тапсырды. Елді мекендерге су тасқыны қаупін азайту бойынша іс-шараларды алдын ала жүргізу қажет. Бұл – қарды уақытылы шығару, өзендерде жарылыс жұмыстарын жүргізу, елді мекендерді үйемелеу, техника мен адамдарды, инертті материалдарды, жинау пункттерін және халыққа арналған бірінші кезекте қажетті тиісті құралдарды дайындау.
Елдің басым бөлігінде жауын-шашын қар, елдің оңтүстігінде жаңбыр, ылғалды қар түрінде болады деп күтілуде. Консультативтік синоптикалық ауа райы болжамына сәйкес наурыз айында ауа температурасы елдің көп бөлігінде климаттық норма шегінде, елдің шығысында, оңтүстік-шығысында және оңтүстігінде климаттық нормадан 1 градус жоғары болады деп болжанады. Наурыз айында жауын-шашын мөлшері еліміздің басым бөлігінде нормадан артық, еліміздің оңтүстік-батысында, солтүстік-батысында және солтүстігінде нормаға жақын болжанады.
«Қазгидромет» су тасқыны кезеңіне негізгі болжамды 5 наурызға дейін, одан кейін гидрологиялық болжамдарды апта сайын ұсынады. Гидрометеожағдайлар күрт өзгерген жағдайда «Қазгидромет» су тасқыны қаупі туралы дауылды ескертулерді алдын ала екі-үш тәулік бұрын хабардар ететін болады.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтың айтуынша, су тасқыны кезеңінде министрлік су қоймаларының толуына тұрақты бақылауды жүзеге асырады. Толтыру пайызы шығарылады, су қоймаларынан су ағызу көлемі мен ағыны бойынша алынған мәліметтер талданады. Биыл су тасқыны кезеңі басталғанға дейін негізгі су қоймаларда су тасқынын қауіпсіз қабылдау үшін бос сыйымдылықтар құрылған. Республикалық меншіктегі су қоймалары бойынша орташа бос сыйымдылық 50 пайызды, коммуналдық және жекеменшік 60 пайызды құрайды.
Барлық 1502 тірек гидротехникалық құрылыста, бассейндік инспекциялардың мамандары төтенше жағдайлар департаменттерімен, жергілікті атқарушы органдармен, сондай-ақ МТҚ меншік иелерімен бірлесіп, жыл сайынғы көзбен шолып тексеру жүргізген, оның қорытындысы бойынша 537-сі жөндеуді талап етеді, мұнда негізгі масса коммуналдық меншікте болады. Зерттеу нәтижелері бойынша бассейндік инспекциялар су тасқыны кезеңіне ГТҚ дайындау және тасқын суларды ГТҚ арқылы қауіпсіз өткізу бойынша актілер жасап, ұсынымдар берген.
Осыған байланысты өңірлердің әкімдіктері уақытылы дайындық іс-шараларын, оның ішінде тасқын суларды қауіпсіз өткізу бойынша іс-шараларды қабылдауы қажет. Сонымен қатар су заңнамасының талаптарына сәйкес ГТҚ иелері ГТҚ-ның аспаптық жай-күйін анықтауға және қауіпсіздікті декларациялауға мүмкіндік беретін көп факторлы зерттеу жүргізуге міндетті.
Мәселен, 2024 жылы 1 ақпандағы жағдай бойынша қолда бар 1502 ГТҚ-дан 118 ГТҚ-ға көп факторлы тексеру жүргізілді, оның ішінде республикалық меншік – 32, коммуналдық меншік – 79, жеке меншік – 7. Сондай-ақ бассейндік инспекцияларда 115 қауіпсіздік декларациясы тіркелген, оның ішінде республикалық меншік – 49, коммуналдық меншік – 52, жекеменшік – 14.
Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарының, сондай-ақ Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктері коммуналдық және жеке меншіктегі МТҚ-да көп факторлы тексерулер жүргізбеген. Сондықтан аталған әкімдіктер шұғыл шаралар қабылдауы қажет.
ҚР Көлік министрі Марат Қарабаевтың мәліметінше, республикалық автожолдар бойынша су тасқыны қаупі бар 396 учаскі, 68 көпір және 650 су өткізу құбырлары анықталған. Тәулік бойы кезекшілік пен күнделікті қарау ұйымдастырылған. Су тасқыны кезеңінде іс-шараларды жедел қабылдау үшін барлық аймақтарда қажетті инертті және басқа да материалдар дайындалуда. Қазіргі уақытта 10 мың текше метр құм, 3 текше метр тау тас және 2 мың текше метр қиыршық тас, 12 мың текше метр құм-тас қоспасы және 49 мың қапшық дайындалған. Еріген сулардың өтуін қамтамасыз ету мақсатында ауа райы жағдайына байланысты су өткізгіш құбырларының саңылауын ашу мен қардан тазарту жұмыстары жүргізілуде.
Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық органдарымен бірлесіп, темір жолдан жоғары орналасқан 83 су қоймасы мен бөгеттердің жай-күйін тексеру жұмыстары да жүргізілуде. Су тасқыны кезеңінде іс-шараларды қабылдау үшін шамамен 2 мың 600 текше метр тау тас пен 8 мыңнан астам кондициялық емес темірбетон шпалы, 17 металл аралық құрылым, 45 рельсті пакет пен 145 құбыр әзірленсе, 45 арнайы пойыз құрылуда.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!