Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Сенбі, 27 шiлде, 06:21

Алаңдауға негіз жоқ

27.02.2024

283

0

Жыл сайын қыс мезгілі аяқталысымен су тасқыны мәселесі елді дүрліктіретіні жасырын емес. Халық та, билік те алаңдайды. Әрине табиғат апаты айтып келмейді, дегенмен алдын алған абзалырақ. Жауаптылардың айтуынша, алаңдауға негіз жоқ, бүгінде елімізде су тасқыны бойынша жағдай тұрақты. Десе де «Қазгидромет» РМК-нің алдын ала болжамына сәйкес ақпан, наурыз айларының соңында республиканың оңтүстік-шығыс, солтүстік және орталық бөліктерінде тәулігіне айлық мөлшерден артық жауын-шашын түсуі ықтимал. Бұл ақпаратпен ТЖМ басшысы Шыңғыс Әрінов Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында бөлісті.

Осыған байланысты 10 өңірдің елді мекендерін, атап айтқанда, тау суларының ағыны салдарынан Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстары, қардың көп еруіне байланысты Батыс Қазақстан, Ақмола, СҚО, Қарағанды, Павлодар және Қостанай өңірлерін су басу қаупі бар. Бірақ алаңдауға негіз жоқ секілді. Өйткені жауапты мамандар тиісті жұмыстар атқарып, қауіптің алдын алуда біраз тер төгіпті.

Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша қажетті іс-шаралар кешенін өткізіп те үлгерген. «Көктем» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу шеңберінде басқару органдарының күштері мен құралдарының нақты дайындығы қатаң бақылауда. Халықты құлақ­тандыру пысықталып, зардап шек­кен азаматтарды жинау пункттері да­йындалған. Елді мекендерде уақытша бөгендер салу және үйемелеу, арық­тарды, каналдарды, сондай-ақ авто және темір жолдардағы су өткізу құ­рылыстарын тазарту нақты түрде жүзеге асырылған. Елді мекендерден 10,5 млн текше метрден астам қар шығарылған.

Бірақ бұл жұмыстардың да жет­кі­ліксіз болып жататыны жасырын емес. Соңғы үш жылдағы статистикаға сәйкес қабылданған алдын алу ша­раларына қарамастан жылда Ақмо­ла, Қостанай, Павлодар, Батыс Қа­зақ­стан, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының елді мекендерін су басуда. Осы дәйектерді ескере отырып, халықты су тасқыны қаупінен қорғау мәселесін жедел және бұдан да нәтижелі шешу Үкіметтің басты тапсырмасына айналғандай.
Министрдің айтуынша, бұған дейін 2017 жылдан бастап әр үш жыл сайын Жол карталары бекітілген. Оларды іске асыру өзінің ішінара тиім­ділігін көрсетіп үлгерген. Олардың орындалуын талдау іс-шаралардың көп бөлігі орындалмағанын және ке­лесі Жол картасына ауыстырылғанын көрсеткен. Бұның себебі барлық көз­делген шаралардың тиісті қаржы­лан­дырудың болмауы. Жекелеген іс-шараларды тек нүктелік күшейту бол­ды. Нәтижесінде соңғы Жол кар­тасының (2021–2023 жылдар) тек 58 пайызы іске асырылса, 92 іс-шара орын­далмаған. Кейде жобалардың қымбаттауына байланысты жекелеген іс-шараларды іске асыру үшін қаражат жеткіліксіз болған. Оларды қосымша қаржыландыруға көп уақыт кететін көрінеді.

Осыған байланысты жергілікті дең­­гейде әкімдіктердің тиісті құзы­реті мен тетігі бар су тасқынына қарсы іс-шараларды 100 пайызға қар­жы­ландыруды жоспарлау қажет. Қа­былданған шаралар тиімді болуы тиіс және уақытша болмауы керек, нә­тижесінде олар өңірлердегі су тас­қыны жағдайын шешуі керек. Мы­салы, «Көксарай» суреттігішінің құры­лысы Сырдария өзеніндегі 400-ден астам елді мекенді су басу қаупін бір­жола жоюға мүмкіндік берген.

Биыл Ақмола облысындағы Есіл өзенінде Ақ­мола және Сол­түстік Қа­зақ­стан облыстарының елді ме­кендерін су басу қаупін бол­дыр­май­тын Есіл су рет­тегішін және рес­публика бойынша 40 су қоймасын салу жоспарлануда. Бұл әкім­діктер үшін қымбат болады, бірақ бұл ха­лықтың қауіпсіздігін арттыруға және олардың мүлкін жоғалту сал­дары­нан туындайтын әлеуметтік шиеле­ністі азайтуға мүмкіндік бермек. Бір мезгілде жазғы кезеңде ауыл ша­­руа­­шылығы алқаптарын суару мәсе­лелерін шешеді.
Жыл сайын министрлік бөлім­ше­­­лері мен әкімдіктердің күшімен су тасқынының өршуі кезінде онда­ған қорғаныш бөгенін шұғыл ны­ғайту жо­лымен ұстайды. Халықты құлақ­тан­­дыру әр үйге жеке хабарлау ар­қылы жасалады. Бірақ бұл – тек су тасқыны кезеңіндегі уақытша шара­лар. Жалпы жағдай жылдан-жылға қай­таланады. Бар мәселе өз шешімін таппайды.

Мысалы, Түр­кі­стан облысында «Қаз­­сушар» қара­ма­­ғындағы «Көкса­рай» су реттегішінің қа­зіргі жұмыс қа­бі­леті 50 пайызды құрайды. Яғни 8 жерде ағындар түрінде су қой­масының дұрыс пайдаланбауы және судың уақытылы ақпауынан гри­фондар пайда болған. Жыл сайын «Қазсушар» тарапынан басқа да су қоймаларының су режимінің графигі сақталмайды. 2022-2023 жыл­дары «Шар­­дара» суреттегішін тол­тыру бе­кі­тілген графиктен бір ай бұрын жү­зеге асырылған. Бұл ретте судың жи­налуын дұрыс реттемеу төмен тұр­ған елді мекендерге су жайылуына әкеп соқтыруы мүмкін екен.

Ол су тасқыны кезеңінде респуб­ликалық және облыстық маңызы бар автожолдар тасып кетуге және шайы­луға ұшырап жатады. Әр көк­темде көптеген елді мекен іс жүзінде қатынассыз қалады. Бұл қо­ғамдық резонанс тудырады. Мысалы, жыл сайын жол төсемінен судың та­сып кетуіне байланысты Ақмола, Қостанай, Ақтөбе об­­­лы­старындағы кент­термен және ауыл­да­рымен қаты­нас қиындайтын көрі­неді. Бүгінгі таңда республика бойынша 900 автомобиль учаскесі және су басуға бейім алты жүзден астам теміржол учаскесі бар. Негізгі себеп – автомобильдер мен теміржолдар астындағы су өткізгіш құрылыстардың қабілетінің төмендігі немесе мүлдем болмауы. Нәтижесінде тіпті жаңа жолдар да шайылып кетеді. Осыған бай­ланысты Көлік министрлігі мен әкім­­діктер жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу кезінде оларды са­луды көздеуі қажет. Биылдың өзінде су тасқыны кезеңі әлі басталмаса да елді мекендерді су басудың 12 фактісі және автожолдың бір тасып кетуі тіркелген.

Сондықтан министрлік барлық әкім­діктер мен мүдделі мемлекеттік ор­­гандарға айтылған мәселелерді ше­шу жөнінде шаралар қабылдауды та­­банды түрде тапсырды. Елді ме­кен­дерге су тасқыны қаупін азайту бо­йынша іс-шараларды алдын ала жүр­­гізу қажет. Бұл – қарды уақытылы шығару, өзендерде жарылыс жұмыс­та­рын жүргізу, елді мекендерді үйе­мелеу, техника мен адамдарды, инерт­ті материалдарды, жинау пункт­терін және халыққа арналған бірінші кезекте қажетті тиісті құралдарды дайындау.

Елдің басым бөлігінде жауын-ша­шын қар, елдің оңтүстігінде жаң­быр, ылғалды қар түрінде болады деп кү­тілуде. Консультативтік синоп­тика­лық ауа райы болжамына сәйкес нау­рыз айында ауа температурасы ел­дің көп бөлігінде климаттық норма ше­гінде, елдің шығысында, оңтүстік-шығысында және оңтүстігінде кли­мат­тық нормадан 1 градус жо­ғары болады деп болжанады. Нау­рыз айын­­да жауын-шашын мөл­шері елі­міз­дің басым бөлігінде норма­дан артық, еліміздің оңтүстік-ба­ты­сында, сол­түс­тік-батысында және сол­түсті­гінде нор­маға жақын болжа­нады.

«Қазгидромет» су тасқыны ке­зеңіне негізгі болжамды 5 наурызға дейін, одан кейін гидрологиялық болжамдарды апта сайын ұсынады. Гидрометеожағдайлар күрт өзгерген жағдайда «Қазгидромет» су тасқыны қаупі туралы дауылды ескертулерді алдын ала екі-үш тәулік бұрын хабардар ететін болады.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтың ай­туынша, су тасқыны кезеңінде минис­трлік су қоймаларының толуына тұ­рақты бақылауды жүзеге асырады. Толтыру пайызы шығарылады, су қоймаларынан су ағызу көлемі мен ағыны бойынша алынған мәліметтер талданады. Биыл су тасқыны кезеңі басталғанға дейін негізгі су қой­ма­лар­да су тасқынын қауіпсіз қа­был­дау үшін бос сыйымдылықтар құ­рыл­ған. Республикалық меншіктегі су қоймалары бойынша орташа бос сы­йым­дылық 50 пайызды, коммунал­дық және жекеменшік 60 пайызды құрайды.

Барлық 1502 тірек гидротехникалық құрылыста, бассейндік инспекция­лардың мамандары төтенше жағдай­лар департаменттерімен, жергілікті ат­қарушы органдармен, сондай-ақ МТҚ меншік иелерімен бірлесіп, жыл са­йынғы көзбен шолып тексеру жүргізген, оның қорытындысы бойынша 537-сі жөндеуді талап етеді, мұнда не­гізгі масса коммуналдық меншікте болады. Зерттеу нәтижелері бойынша бас­сейн­дік инспекциялар су тасқыны ке­зеңіне ГТҚ дайындау және тасқын су­ларды ГТҚ арқылы қауіпсіз өткізу бо­йынша актілер жасап, ұсынымдар берген.

Осыған байланысты өңірлердің әкім­діктері уақытылы дайындық іс-ша­раларын, оның ішінде тасқын су­ларды қауіпсіз өткізу бойынша іс-шараларды қабылдауы қажет. Со­­нымен қатар су заңнамасының та­лап­тарына сәйкес ГТҚ иелері ГТҚ-ның аспаптық жай-күйін анықтауға және қауіпсіздікті декларациялауға мүм­кіндік беретін көп факторлы зерттеу жүргізуге міндетті.

Мәселен, 2024 жылы 1 ақпандағы жағдай бойынша қолда бар 1502 ГТҚ-дан 118 ГТҚ-ға көп факторлы тексеру жүргізілді, оның ішінде республикалық меншік – 32, коммуналдық меншік – 79, жеке меншік – 7. Сондай-ақ бассейндік инспекцияларда 115 қауіпсіздік дек­ла­рациясы тіркелген, оның ішінде республикалық меншік – 49, коммунал­дық меншік – 52, жекеменшік – 14.
Абай, Ұлытау және Жетісу облыс­тарының, сондай-ақ Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Пав­лодар, Түркістан, Солтүстік Қа­зақ­стан облыстарының әкімдіктері коммуналдық және жеке меншіктегі МТҚ-да көп факторлы тексерулер жүр­гізбеген. Сондықтан аталған әкім­діктер шұғыл шаралар қабылдауы қажет.

ҚР Көлік министрі Марат Қара­баевтың мәліметінше, республикалық автожолдар бойынша су тасқыны қаупі бар 396 учаскі, 68 көпір және 650 су өткізу құбырлары анықталған. Тәу­лік бойы кезекшілік пен күнделікті қарау ұйымдастырылған. Су тасқыны кезеңінде іс-шараларды жедел қа­былдау үшін барлық аймақтарда қа­­жетті инертті және басқа да ма­те­риалдар дайындалуда. Қазіргі уа­қыт­та 10 мың текше метр құм, 3 текше метр тау тас және 2 мың текше метр қиыршық тас, 12 мың текше метр құм-тас қоспасы және 49 мың қапшық да­йындалған. Еріген сулардың өтуін қам­тамасыз ету мақсатында ауа ра­йы жағдайына байланысты су өт­кіз­гіш құ­бырларының саңылауын ашу мен қар­дан тазарту жұмыстары жүр­гізі­луде.

Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық органдарымен бірлесіп, те­мір жолдан жоғары орналасқан 83 су қоймасы мен бөгеттердің жай-күйін тексеру жұмыстары да жүр­гізілуде. Су тасқыны кезеңінде іс-шараларды қабылдау үшін шамамен 2 мың 600 текше метр тау тас пен 8 мыңнан астам кондициялық емес темірбетон шпалы, 17 металл аралық құры­лым, 45 рельсті пакет пен 145 құбыр әзірленсе, 45 арнайы пойыз құрылуда.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: