Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

24°C

, Бейсенбі, 28 мамыр, 19:29

АУЫЛ АМАНАТЫ: БАЛА КҮНГІ АРМАН — ТАБЫСТЫ КӘСІПКЕ АЙНАЛДЫ

28.05.2026

4

0

Қызылорда қаласы Тасбөгет кентінің тұрғыны Бауыржан Сәрсенов бала күнгі арманы болған жиһаз жасау кәсібін «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасы аясында табысты кәсіпке айналдырды. Жас кәсіпкер қазір облыс көлемінде сапалы жиһаз өнімдерін дайындайтын заманауи цехтың жұмысын жолға қойған.

Бауыржан Сәрсенов «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып, өзінің көптен бергі арманы болған кәсіпті бастады. Бүгінде ол облыс көлемінде сапалы жиһаз өнімдерін дайындайтын заманауи цехтың яғни «Baukin» жеке кәсіпкерлігін иесі.

Кәсіпкердің айтуынша, жиһаз жасауға деген қызығушылығы бала күнінен басталған. Алайда кез келген істі қолға алу үшін ең алдымен қаржылай қолдаудың маңызы зор. Осы тұрғыда «AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асқан «Ауыл аманаты» жобасы оның кәсібін ашуына үлкен мүмкіндік берген.

Қазіргі таңда «Baukin» жиһаз цехы тұрғындардан түрлі тапсырыстар қабылдап, асүй жиһаздары, кеңсе үстелдері, шкафтар мен заманауи интерьерге арналған бұйымдарды әзірлеумен айналысады. Сапалы өнім мен жауапкершіліктің арқасында кәсіпкердің тұтынушылары күн санап артып келеді. Бүгінде облыстың әр ауданынан тапсырыс түсіп, цех жұмысы қарқын алған.

«Ауыл аманаты» жобасы – кәсіп бастаймын деген азаматтарға берілген үлкен мүмкіндік. Төмен пайызбен несие алып, өз кәсібімді дамытуға жол ашылды. Жиһаз жасау – бала күнгі арманым еді. Сол арманымды жүзеге асыруға қолдау көрсеткен «AMANAT» партиясына алғысым шексіз. Осындай бағдарламалардың арқасында көптеген азамат өз кәсібін бастап, ел экономикасының дамуына үлес қоса алады»,-дейді кәсіпкер Бауыржан Сәрсенов.

Бүгінде цехта 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл өз кезегінде өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, жергілікті тұрғындардың табысын арттыруға оң әсерін тигізуде. Бауыржан алдағы уақытта жұмысшылар санын көбейтпек. Ол үшін өндіріс ауқымын кеңейтіп, жаңа құрал-жабдықтармен қамтылған ірі өндірістік база салуды көздеп отыр.
«Жалпы кез келген мәселенің сұрауы болады. Осы несиенің мақсатты жұмсалуын партия өкілдері арнайы келіп, өздері қадағалап, цех жұмысымен танысты. Ұсыныстарымды айтып, алдағы жоспарларыммен бөлістім. Сол кезде өндірісті кеңейту үшін қосымша жер телімі қажет екенін айттым. Партия өкілдері жергілікті әкімдік мамандарын шақырып, жер телімін беруге қолдау көрсету жөнінде ұсыныс білдірді. Қазіргі таңда бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта нәтижесін береді деп сенемін», – дейді ол.

Партия қолдауының нақты нәтижесін көрсететін мұндай мысалдар өңірде аз емес. «Ауыл аманаты» жобасы ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға серпін беріп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, халықтың әл-ауқатының артуына және отандық өндірістің дамуына оң ықпал етіп келеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: