Бүгін Қызылорда қаласындағы облыстық жастар ресурстық орталығында ұрыс қимылдары ардагерлеріне арналған «Ерлік кабинетінің» ашылу рәсімі өтті.



Шараға облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов, «Әкелер Одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облысы бойынша филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ержан Искендер, облыстық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қаламқас Каримова, ардагерлер қауымы және «Жас сарбаз» қозғалысының мүшелері қатысты.
Алдымен шараға қатысушылар «Ерлік кабинетіндегі» көрмелермен танысып, ұрыс қимылдары ардагерлерінің өмір жолы, тарихи деректер мен жәдігерлерді тамашалады.
Іс-шара барысында сөз алған басқарма басшысы ерлік пен елдік ұғымының мәніне тоқталып, ардагерлерге құрмет көрсету – ұрпақтық парыз екенін атап өтті.

«Қазақ халқы қашанда ерін қадірлеген, батырын ардақтаған халық. Бүгін ашылып отырған «Ерлік кабинеті» жас ұрпақтың жүрегіне патриоттық рух дарытып, елін, жерін сүюге тәрбиелейтін маңызды рухани кеңістік болады деп сенеміз.
Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында қоғам пікіріне, ел тілегіне ерекше мән беріліп келеді. Ұрыс даласының ардагерлер қауымы тарапынан көптен бері көтеріліп жүрген «Ерлік кабинетін» ашу жөніндегі ұсыныс та – осы игі бастамалардың бірі.
Бүгін, міне, ардагерлеріміздің тілегі ескеріліп, уақыт сұранысына сай тағылымы мол рухани кабинет пайдалануға берілуде», – деді Руслан Мұхамедәліұлы.


Шараның жалғасы ретінде «1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне» орай «Ата мен немере – тәрбие мен тағылым» атты ұрыс қимылдарының ардагерлерінің немерелеріне арналған концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жастардың бойында патриоттық рухты қалыптастыруға, елжандылық қасиеттерді насихаттауға және ардагерлердің өнегелі өмір жолын дәріптеуге үлес қосқан ұрыс қимылдарының ардагерлері облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбеттің арнайы «Алғыс хаттарымен» марапатталды.

Сондай-ақ, шара қатысушыларына патриоттық сипаттағы концерттік бағдарлама ұсынылып, ардагерлер мен олардың немерелеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйланды.


Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!