Бұл – ауданнан ең шалғай орналасқан Аққыр ауылы. Иә, кезінде мал шаруашылығы бойынша аймақта алдыңғы қатарда болған еңселі елді мекендердің бірі бұл. Айыбы шетте орналасқан демесеңіз, көшелері кең, жарықтан мәселе жоқ, ауыз су жүйесі жаңа, мектебі де күрделі жөндеуден өткен. Не керек, ауылдың біршама көшесіне түсіп, елді мекеннің тынысымен таныстық. Жалпы соңғы жылдары бұл ауылда көркейту, көгалдандыру бағытында біршама жоба қолға алыныпты. Бірқатар әлеуметтік нысандар да жаңарып, мамандардың кедергісіз жұмыс жасауына мүмкіндік қарастырылған.
1,5-2 сағаттай ауылдағы алтын ұяға бөгелдік. Білім ошағының саладағы жетістігі көңіл қуантады. Бір жылда 7 бала мектеп бітіріп, ҰБТ-ға қатысып, жетеуі де грантпен маңдайалды жоғары оқу орындарында білім алуы мұндағы ұстаздардың біліктілігін аңғартса керек. Балабақша, ауыз су жүйесі бәріне аялдадық. Кезек ауылдағы Аққыр дәрігерлік амбулаториясына келді. Медициналық нысан жаңа, мұнда абзал жандардың халыққа емдік шаралар жүргізуіне мейлінше жағдай жасалғаны көрініп-ақ тұр.
Иә, бұл нысан 2014 жылдың қаңтар айында ел игілігіне беріліпті. Сол уақыттан бері медициналық ғимарат мыңнан астам халқы бар Аққыр ауылының қажетіне жарап тұр. Аға медбике Сандуғаш Пірімжанова бұған дейін ескі нысанда халыққа емдік шаралар жүргізу қиынға соққанын айтады.
– Бұған дейін ауылда 1964 жылы іргетасы қаланған бір ғимаратта жұмыс істедік. Әрине көне нысан болғандықтан ондағы қиыншылықты айтпаса да белгілі ғой. Бірақ антымызға адалдық танытып, алдымызға келген науқасты дертінен айықтыруға бар тәжірибемізді жұмсадық. Әлі де халықтың денсаулығын күзетіп келеміз. Қазақ «Аурудың емін іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» дейді. Мейлінше дертпен күрескеннен оның алдын алған абзал болғандықтан халыққа неқұрлым түсіндірме жұмыстарын да жүргізіп отырамыз. Қазір жағдайымыз шүкір ғой, ғимарат жаңа, заманауи медициналық құрал-жабдықтарымыз да жетерлік. Шалғай ауылда денсаулық сақтау саласында айтарлықтай күрделі мәселе жоқ. Мейлінше елдің денсаулығын тәулік бойы күзетуге дайынбыз, – дейді Сандуғаш Әбдірқызы
Аға медбикенің саладағы тәжірибелі маман екені көрініп-ақ тұр. «Дәрігердің сөзінің өзі жанға шипа» демейді ме, біз жолдаған бір-екі сауалға жауап бере жүріп, көмегіне жүгінуге келген тұрғындарға да жылы қабақ танытып үлгеріп жатыр. Не дегенмен салада 29 жылдық тәжірибесі бар білікті маман ғой.
Аққыр дәрігерлік амбулаториясында барлығы 22 адам жұмыс істесе, оның 12-сі медицина қызметкері екен. Мұнда жұмыс таңғы сағат 8.00-де басталып, түскі сағат 12.00-ден 14.00-ге дейін үзіліс бар. Мұндағы абзал жандар кешкі сағат 18.00-ге дейін науқастарға емдік шараларын жүргізеді. Біз негізгі жұмыс уақытын ғана айтып жатырмыз. Болмаса сала мамандары уақытпен санасу дегенді білмейді. Оған өздері де дағдыланып алған. Түңгі сағат 4-5-терде тұрғындардан қоңырау түссе де қабақ шытпайды. Бұны мамандыққа адалдықтың көрінісі деп түйдік.
Аққыр ауылында бүгінде халық саны 1095 адамды құрайды. Жергілікті тұрғындарға күндізгі стационар бөлімінен 10 төсек орын қаралыпты. Кейін халық санының аздығына байланысты төсек орын бесеуге қысқарған. Жаңа жоғарыда айтылған 1095 халықтың 258-і түрлі дертпен есепте тұрады екен. Мұндағы медицина мамандарының емдік шаралары жергілікті халықтың көңілінен шығып отыр. Тіпті көшеде кезіккен тұрғындардан дәрігерлік амбулаторияның жұмысына қатысты бағасын да білдік, түйгеніміз, аққырлықтардың ондағы абзал жандарға алғыстан басқа айтары жоқ.
– Ауылдағы ақхалатты абзал жандар хақында оң пікірден басқа не айтуға болады, бара қалсаң, емдік шараларын көрсетіп, үйде дертпен қалай күресуге болатыны жайында кеңес беріп, мейлінше сенің аурудан құлантаза айығуыңа жұмыс жасайды. Ал мұндай жандарға алғыстан басқа не айтамыз, өзім де жуырда қан қысымым көтеріліп, осында хабарластым. Түні бойы денсаулығымды күзетіп, емдік шаралар жүргізді. Бұл ұжымның жұмысы жайында менің ғана пікірім емес, ауылдағы кез келген адамнан сұрасаңыз еститіндеріңіз осы, – дейді аққырлық зейнеткер Ақзада Шарипова.
Сандуғаш Әбдірқызы мұнда көбіне халық қант диабеті, қан қысымы, жүрек қантамыры ауруларымен келетінін айтады. Сондай-ақ маусымында тұмаумен келетіндер де болады екен.
Алдына келген науқасты дертінен айықтыруға бар қарым-қабілетін жұмсайтын денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің шалғай ауылда көптеп болғаны дұрыс-ақ. Себебі бұл ауыл мен аудан орталығының арасы айтарлықтай қашық екені айтпаса да белгілі. Ал халық денсаулығын күзетуде уақыт жоғалтпау басты мәселе екенін ескерсек, бұл тығырықтан алып шығатын да Сандуғаш секілді білікті мамандар.
Мұндағы мамандар кешегі коронавирус өршіген тұста ауылда да аталған дертке шалдыққандар болғанын жасырмайды. Десе де дәрігерлердің жүргізген түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде халықтың екпе жұмыстарына деген көзқарасы өзгеріп, денсаулығына деген жауапкершілігі еселенген. Аға медбике ауыл халқы 100 пайыз вакцинаның барлық түрінен өткенін айтады.
Абзал жандар жергілікті халықтың денсаулығын күзетсе, тұрғындар мұндағы мамандардың кеңесіне құлақ асады. Ал мұндай елді мекенде аурушаңдық аз болатыны айтпаса да белгілі. Аққырда болған бір күнімізде түйгеніміз осы болды.
Ерлан СОЗАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!