Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Дүйсенбі, 14 қазан, 00:30

Ақиқатты ту еткен ақын

10.09.2024

251

0

Ақын болу парыз емес, азамат болу – парыз. Ал өмірден озған ақын жайлы естелік жазу үшін ақын болу міндетті емес, ақынжанды болсаң жеткілікті. Күні кеше ғана іс-сапарларға шығып, газет жұмысының қиындығы мен қызығын бірге көрген, көп жыл қызметтес болған ақын, журналист, әріптес ағаны еске алу қандай қиын. Бірақ биылғы мерекелі жылы қамшының сабындай қысқа ғұмырында ырзық-несібесін табиғат сыйы талантымен, қаламының құдіретімен тауып асқаралы алпысын тойлай алмай арманда кеткен талантты ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Мәлік Аяповты сағынышпен еске алып, жырларын оқымау ақын рухына жасаған қиянат болар еді.

1984 жылы аудандық газетке қыз­метке келгенімде Мәкең ауыл шаруа­шылығы бөлімінің меңгерушісі екен. Талантты жастарды жинап алып, үнемі қамқор қолын созатын ақын ағамыз Мә­кең маған да ақыл-кеңесін аямай бағыт-бағдар беріп отырды. Бірге ел аралап, халықпен жүздестік, газетке ма­териалдар дайындадық. Жетпісінші жылдардың бас кезінде баспасөз күні қарсаңында «Тілші шопан» деген тақы­рыпта мақала жазып, оқыр­манға мені таныстырған осы Мәкең болатын. Қызмет бабында іс-сапарларға шық­қан­да ол мені «өлең де жазады, ақын жігіт» деп таныстырғанда көңіліміз көте­ріліп, кәдімгідей масаттанып, марқайып қалушы едік.
Қайтар жолда «Серік-ау, еңбегімізді айтып, өзімізді құрметтемесек, бізді кім көтереді?» дегенді жиі айтушы еді. Өлең, мақала жазатынымызды айт­­па­­ғанда, Мәкең екеуміздің қасқа маң­дай, селдіреген шашымыз бен мі­­нез-құлқымызда аздап болса да ұқ­­сас­тық бар еді. «Болмасаң да ұқсап бақ» демекші, аңқылдаған адал аза­матқа ұқсағаныма шынымен де мақ­та­на­тынмын. Бірақ мен қанша өлең жазғанмен ақын емеспін. Қазір не көп ақын көп. Алайда шындықтан жал­тармай, әділдікті ту етіп айта алатын Мәлік Аяповтай арқалы, жүректі ақын некен-саяқ.
Жүректі ақын дегеннен шы­ғады-ау, адамзат тарихында халқы­ның мұ­ңын айтып, жазып, жоғын жоқ­таған заманын жырлаған ақындар көп болған. Мәселен, Бұқар жырау Тәуке ханның ел басқарудағы кемшін тұстарын тап басып айтып сабасына түсіріп отырса, Махамбет «Әй Жәңгір хан, Жәңгір хан, хан емессің қасқырсың, Қара албасты басқа ұрсын» деп халыққа жасаған қиянатын айтып әшкерелеген.
ХХ ғасырдан соң ақындарының жырларынан көшпенді болған халқы­мыздың үстем тап пен жауларынан көрген қайғы-қасіретін, еркіндік алып, егемен ел болуды аңсаған арманын айқын аңғаруға болады. Солардың қатарында Мәкең де уытты тіл, отты жырларымен ойландырып, қоғамдағы әділетсіздікті жалтақтамай айтып кет­ті.
Ол өлеңді он ойланып, мың тол­ғанып, сирек жазатын. Жыр перзенті дүниеге келгенде балаша қуанып, ма­ған оқып беретін, пікірімді сұрайтын. Әрине, кітап шығару бизнеске айналған қазіргі кезде бәрі де қаржыға келіп ті­реледі. Мәкең жазғандарын жинап, жи­­нақ етіп шығару үшін қаржылай кө­мек көрсететін демеуші іздеді, таба ал­мады. Тек 2004 жылы ақынның шә­­кірті, жерлесіміз, айтыскер ақын, саз­гер, әнші Елена Әбдіхалықова өзі де­меушілік жасап, «Киелі мекен» атты алғашқы жыр кітабын шығарып берді. Ақын егеменді еліміздің алғашқы қиын­шылықтарын байлық, мансап, махаб­бат тақырыптарын жырларына арқау етті. Билікке құмар әкімдерді, өнер мен ғылым нарықтанған, халық қамқорлықсыз қалған, қоғамның кейбір келеңсіз көріністерін сынға алды. Мә­селен, «Абайға шағыну» өлеңінде:
«Бөрі заман, әлде бұл түлкі заман, Жұ­татындай адамды құлқы жаман.
Қы­зылшақа сәбидей тыржалаңаш,
Шын­дық жатыр жөргөкте шырыл­даған» деп кез келген ақын айта алмайтын ақиқатты айтты.
Мырзабай ахун ауылында туып өскен Мәкең Алматыдағы С.М.Киров атындағы қазақ мемлекеттік универ­ситетінің журналистика факультетін бітіргеннен кейін аудандық газетте ұзақ жыл қызмет етті. Корректорлықтан бас­тап, редакторлық, баспахана ди­рек­торы қызметтерін абыроймен ат­қарды. Мақалалары облыстық, рес­пуб­­ликалық басылымдарда жарық көрді. Ол таланттарды танып демеді. Көп жанға қамқор қолын созып көмек­тесті. Аудандық мәдениет үйі жа­нын­­дағы Ә.Оңалбаев атындағы әде­­биет пен өнер бірлестігін ашуға ті­ке­­лей атсалысты. Сол бірлестіктің же­текшісі ретінде жас қаламгерлер мен өнерпаздардың басын қосып, бұ­лақ­тың көзін ашты. Талабы таудай, та­ланттарды тәрбиелеп шығарды. Қа­зіргі кезде айтулы ақындар Айкүміс Орын­баева, Елена Әбдіхалықова, Ғазиза Әбіл­да, Динара Мәлікова секілді жүз­деген шәкірті әлі күнге дейін ақын рухына тағзым етіп, құрмет тұтады.
Халқымыздың қанына сіңген қыз­ғаныш, көреалмаушылық қасиеттер қал­майды ғой. Батыр аңқау, ақын аңқау келеді демей ме. Аңқылдаған ақынның беделі мен адалдығын, аңғалдығын кейбір адамдар жеке мүдделеріне пайдаланып та кетті. Бірге жүріп сырттан тас атып, табанынан тайдырғысы да келді. Бірақ Мәкең азаматтық жолымен жүріп, адамгершілік қасиетінен айныған емес. Қайран дүние-ай, мейірімсіз сұм ажал ақынды 2004 жылы алпыс жасқа қараған шағында ақыры алып тынды.
Айтылмаған сырлары, жазылмаған жырлары өзімен бірге кетті. Жуырда ақынның жары Жақсыгүл апайды кез­дестірдім. Жоғары оқу орнын бітірген кенже қызы Динара тұрмысқа шығыпты, немересі Оралхан өлең жазып, атасының жолын қуып жүр екен. Мәкеңді еске алып, арқа-жарқа әңгімелестік. Елена Әб­діхалықова ақын­ның «Киелі мекен» кітабына жаз­ған кіріспе сөзінде «Сыр елі – өлең жыр­ға бай өлке. Халқымыздың ұлт­тық мәдениеті мен әдебиетін қа­лып­тастырып отырған осынау өлкеде өлеңі де, өресі де ешкімнен кем түспей, қайта биікте жарқылдаған жасындай, ойлы сөз, отты жырымен «жұртым» деп жаны қалмайтын, бірақ өздері елеусіз жүретін тұлғалар аз емес. Солардың бірі – Мәлік аға. Бірақ осы қасіреттің бір бақыты бар. Ол – халықтың жүрегінде қалу, бүкіл елді, ұрпақты жыр арқылы әлдилеу. Өмірде адамның ғана құнды екендігін, адами шын болмыстың нұрлы екендігін түсіндіру. Ендеше сіз сол биікке шарықтай ұшып, бір кісідей, бір ақындай еңбек етіп келесіз аға! Олай болса өзіңіздің де, жырларыңыздың да ғұмыры ұзақ болғай» деп жазған екен. Ақын ғұмыры қысқа болды. Бірақ жасындай жалынды жырларының хал­қымен бірге жасай беретініне кәміл се­неміз. Оның өзі ортамызда жоқ болса да, уытты жырларымен мәңгі жасайтыны сөзсіз.

Серік Бертаев,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: