Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Сенбі, 27 шiлде, 06:27

Аспаз Ақкенже

05.12.2023

501

0

Колледж табалдырығын аттағанымыз сол еді, бір дәмді тағамның иісін сездік. Алайда мұнда арнайы асхана жоқ, тек аспаз мамандарын дайындайтын кабинет бар екен. Мұнда саусағынан бал тамған Ақкенже Шідербаева студенттерге қытырлақ вафли дайындауды үйретіп жатыр. Қыздардың пісірген тәттісіне қызығушылық танытып, әзірлеу барысын сұрағанда кейіпкеріміз орта жолдан әңгімеге араласа кетті. Қанша дегенмен, өз ісінің маманы ғой, Мұғалім мұнан өзге де бізге таңсық тағамдарды дайындау әдісімен бөлісті.

Астың дәмін келтіретін тұз дейміз, негізі кез келген астың дәмі білікті аспазға байланысты. Аспаздық өнерді өз алдына бір мамандық ретінде қарастырған дұрыс. Әрине өнердің түрі көп, дегенмен астың қадірін білу, дәмін келтіру, адамға тағам арқылы қуаныш сыйлау – бөлек әңгіме. Тамақты жақсы дайындайтын ма­манның кез келген жерде өз орны бар. Міне, аспаз – сонысымен өте жоғары мамандық. Аспаздықты тек оқу арқылы игеріп кете алмайсыз, кейіпкеріміз айт­қан­дай, оған адамның бойында осы ке­ре­мет мамандыққа деген бейімділігі мен қызығушылығы және дарыны болуы керек.
– Қыз бала жалпы жараты­лы­сы­­нан ас үйге, аспаздыққа жақын ғой. Мен де сол түрлі тәттілер пісіретін анам­ның жанында жүріп, кішкентайымнан ас­паздыққа қатты қызығатынмын. Бірақ із­деніс барысында «аспаздық – ең оңай жұмыс, ас үйде жүріп қарның ашпаса болды» дейтін қате пікір екенін түсіндім. Бүгінгі нарық заманында әлемде дәре­жесі президенттермен тең аспаздар бар екенін көзіміз көріп жүр, жалақысы да жо­ғары. Маман­дыққа қызығушылық, одан бөлек дары­ның, икемің болғаны жөн. Бірақ аспаздықты күнделікті көже пісі­румен шатастырмаған жөн. Ас әзірлеу – адамзатпен бірге дамып келе жатқан нағыз ғылым, сондықтан әр халықтың өзіндік рецепті, ұлттық тағамдары бар. Ас әзірлеу – шығармашылықты, қиялды, тапқырлықты қажет ететін нағыз өнер. Қазіргі таңда осы өнерден үйренгенімді шәкірттеріммен бөлісіп, оларды кәсіби аспаздыққа дайындап жатырмын, – дейді, Ақкенже Зәкірқызы.
Иә, тағамды жақсы дайындайтын маман барлық жерге қажет. Перзент­ха­на­да, балалар үйінде, зауытта, қазір­гі заманғы кәсіпорындар мен сәу­лет­­ті мейрамханаларда да ас­паз – таптырмайтын мамандық. Кейіп­керіміз де өзінің колледж бітірген шә­кірт­терінің ауданнан, облыс, респуб­лика көлемінде шақыртулар алып, жұмысқа орналасқанын айтады. Студент­тердің сұраныстағы маман ре­тінде қалып­тасқанын осының өзі қуаттай түседі.
Расында кабинет жаңа техникалық құралдармен қамтамасыз етілген. Мұнда көкөніс ұсақтағыш, құймақ пісіруге ар­нал­ған «Roller grill CDE 350», ет тура­ғыш «Enterprice», қамыр илейтін жә­не жаятын арнайы құралдар бар. Бұ­лар оқу барысында пайда­ланылып, сту­дент­тердің білікті маман болып даяр­лануына септігін тигізуде.
– Аспаздық жолымды алғаш 2002 жы­лы бастаған кезде ешқандай техни­калық құралдар болмады. Тіпті бір ғана тәжірибе жасау бөлмесі болды. Ол жерде бізге керек газ да болмады. Пешке от жағып, қазанға пісіретінбіз. Отын жарып, суды да қолмен тасыдық. Қазір осы тех­никалардың арқасында жұмысымыз же­­ңілдеді. Алайда студенттерді келген бой­да бірден асханаға кіргізіп, тамақ да­йындатпаймыз. Ең алдымен барлығын теория жүзінде түсіндіріп, тамақтандыру кәсіпорындарындағы вертуалды әлемді көрсететін арнайы 3D көзілдірігінің көме­гімен қажетті құрал-жабдықтарды та­ныс­­тырамыз. Содан кейін іс жү­зінде жұмыс жасайды. Не­­гізінде бұл мамандықты меңгеруде, өзін әрі қарай жетілдіруде ең басты рөл атқаратын мамандыққа деген шы­найы қызығушылық және оны меңгеру барысында шыдамдылық қажет. Сонда ғана білікті маман болып, жетістікке жетеді, – дейді ол.
Иә кейбір адамдар «аспаз өнерінде ешқандай қиындық жоқ, шолпыны былғай берсең, пеш өзі пісіріп шығарады» деген жансақ пікірде. Онысымен қоймай «қазіргі заманда кім тамақ дайындау білмейді, тіпті кез келген адам аспаз бола алады» дейді. Асылы олай емес. Бұл істе ең алдымен кейіпкеріміз айтқандай, талғам керек, дәм мен иісті сезіп, халықты тойдырып қана қоймай, көңілінен де шыға білген жөн. Қазір Ақкенже апайдың соңғы екі жылда тәрбиелеген шәкірттерінің ішінде 15-ке жуық студент облыстық байқауларда жүлделі орындарға ие болған. Кейіп­керіміздің өзі де еліміздің білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін арнайы министрдің алғыс хатымен марапатталған.
Аспаздықты жанына серік еткен Ақкенже Шідербаева қазіргі таңда шә­кірттерге сабақ беріп қана қоймайды, бос уақытында тәттілер пісіру арқылы да қосымша табыс тауып отыр. 2 баланың анасы болашақта түрлі тағамдар пісірумен айналысатын жеке кәсіп ашу ойында бар екенін жасырмады.
Иә, кейбіреулерге тағам жасау оңай шығар, алай­да саусағынан бал тамған аспаз, сұра­ныс­тағы маман болу кез келгеннің қолы­нан келмейтіні анық. Тек төзімділік танытып, мамандығын шынайы жақсы көрген адам ғана жетістікке жетері сөзсіз. Бүгін кейіп­керімізбен сұхбат бары­сында осыған көзіміз жетті.

Ақнұр АЛТЫНБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: